Мазмұнға өту

ЖАРАТЫЛЫС ҒАЖАЙЫПТАРЫ

Шырышты ұлудың жабысқақ желімі

Шырышты ұлудың жабысқақ желімі

 Ота кезінде қолданылатын және дененің жарасын жазуға септігін тигізетін медициналық желімдер қажет екенін хирургтардың түсінгеніне бірталай уақыт болды. Қазіргі желімдердің көбісі ағзаның ішкі органдарына қолдануға келмейді. Өйткені олар уытты, жаққан кезде қатып қалады, оның үстіне, ылғал тіндерге жабыспайды. Ұлудың a шырышын зерттеу барысында ғалымдар осы мәселенің шешімін тапты.

 Көңіл қоярлық жайттар. Шырышты ұлу өзіне қауіп төнгенін сезсе, денесінен шырыш бөледі. Бұл шырыштың жабысқақтығы сонша — жәндікті ылғал жапыраққа қатты жабыстырып тастайды. Осы қорғаныс механизмі ұлуды қауіптен сақтайды, ал денесін сәл де болса қимылдатуына мүмкіндік береді.

 Зерттеушілер шырышты талдап, оның табиғи желім ретінде тиімділігін арттыратын бірнеше жайтты анықтады. Мысалы, шырыш химиялық байланыстарды да, электростатикалық тартылысты да пайдаланады. Ол ұлу жабысқан бетке еніп кетеді, ал қандай да бір қысым түскенде икемді болып қала береді. Зерттеушілер қасиеті жағынан ұлудың шырышына ұқсайтын зат ойлап тауып, желім жасады. Бұл желім қазіргі медициналық желімдерге қарағанда әлдеқайда мықты, әрі ағзаның ішкі органдарына жабыса алады. Бір ғалымның айтуынша, “шеміршек сүйекке қалай жабысса, бұл да ағза мүшелеріне солай жабысады”.

 Мамандар бұл желім әрбір ота жасаушының құрал-сайманының ішінен табылып, жіптер мен қысқыштардың орнын басады деген ойда. Оны шеміршекті қалпына келтіру үшін не медициналық заттарды ағзаның қажетті жеріне бекіту үшін қолдануға болады. Сынақ жұмыстарының нәтижесі бұл желімнің шошқаның жүрегіндегі тесікті бітеуде, сондай-ақ егеуқұйрықтардың бауырындағы тесіктерді жамауда өте тиімді екенін дәлелдеді.

 Ғалымдар табиғат әлемін зерттеу арқылы біз жиі кезігетін мәселелердің әдемі шешімін тауып жатады. “Бастысы — бұл шешімді қай жерден іздеу керектігін білу, ал оны көргенде жақсы идея екенін мойындау”,— дейді синтетикалық желімдерді ойлап тапқан институттың директоры Дональд Ингбер.

 Сіз қалай ойлайсыз? Шырышты ұлудың табиғи желімі эволюция барысында пайда болды ма? Әлде бұл Жаратушының жасампаздығы ма?

a Бұл шырышты ұлудың ғылыми атауы Arion subfuscus.