Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

22-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Қасиетті жолдан” таймаңыз

“Қасиетті жолдан” таймаңыз

“Сол жерде даңғыл жол болады, Ол “Қасиетті жол” деп аталады” (ИШАЯ 35:8).

31-ӘН Құдаймен бірге жүргейсің!

АҢДАТПА a

1, 2. Бабылда тұрып жатқан еврейлерге қандай маңызды таңдау жасау керек болды? (Езра 1:2—4)

 ПАТША ешкім күтпеген бір жарлық шығарды! Бабылда 70 жыл тұтқын болған еврейлер енді өз елдері Исраилге орала алады (Езра 1:2—4 оқыңыз). Әдетте бабылдықтар өз құлдарын ешқашан босатпайтын. Сонда бұл қалай болды? Бұл тек Ехобаның арқасында жүзеге асты (Ишая 14:4, 17). Мидиялықтар мен парсылар бабылдықтарды тізе бүктірген соң, жаңа патша еврейлерге азаттық берді. Енді әрбір еврейге, әсіресе отағаларына, таңдау жасау керек болды: ол Исраилге бара ма, әлде Бабылда қала ма? Бұл оңай таңдау болған жоқ. Неге дейсіз бе?

2 Өйткені қарт кісілердің көбісі ұзақ жолға жарамайтын. Оның үстіне, сол кездегі еврейлердің басым көпшілігі Бабылда туып-өскендіктен, Исраил жері оларға жай ғана ата-бабасы тұрған бейтаныс жер болған. Еврейлердің арасында Бабылда жайлы өмір кешіп, шаруаларын дөңгелетіп, өркендеп жатқандары да болды. Оларға мұның бәрін тастап, басқа жерде жаңа өмір бастау қиын болған шығар.

3. Адал еврейлер Исраилге оралса, қандай батаға кенелмек-тін?

3 Адал еврейлер болса Исраилге қайту үшін кез келген құрбандыққа баруға дайын болды. Өйткені олар Исраилде Ехобаға емін-еркін ғибадат ете алатындарын ойлады. Ал мұнда, Бабыл қаласында, 50-ден астам ғибадатхана болса да, олардың бірде-біреуі Ехобаға арналмаған еді. Оның үстіне, Мұса Заңы бойынша құрбандық шалайын десе, құрбандық ошағы жоқ, оны шалатын діни қызметкерлер де болмады. Бұған қоса, олардың айналасы толған жалған ғибадат етушілер еді. Олар Ехобаны да, оның заңдарын да пысқырмайтын. Сондықтан Құдайдан қорқатын мыңдаған еврейлер отандарына оралып, таза ғибадатты қалпына келтіруге асықты.

4. Исраилге қайтатын еврейлерге Ехоба нені уәде етті?

4 Бабыл мен Исраилдің арасындағы жол ауыр болған әрі оны жүріп өтуге шамамен төрт ай кететін. Бірақ Ехоба осы сапарда қандай кедергі болса да, бәрін алып тастайтынын уәде етті. Ишая пайғамбар: “Ехобаға жол даярлаңдар! Құла түз арқылы Құдайымызға тегіс етіп даңғыл жол салыңдар... Тау-төбенің бәрі аласартылсын. Кедір-бұдыр жерлер тегістелсін”,— деп жазды (Ишая 40:3, 4). Осы сөздерді көз алдымызға келтіріп көрейікші: құла түзде теп-тегіс даңғыл жол жатыр! Жоғары көтеріліп, төмен түсіп қиналудың, тау-төбелерді айналып жүрудің еш қажеті жоқ. Бұндай жолмен діттеген жеріңе оңай әрі тез жетесің.

5. Бабыл мен Исраил арасындағы бейнелі даңғыл жол қалай аталған?

5 Бүгінде даңғыл жолдар біреудің атымен я нөмірмен аталады. Ишая айтып кеткен бейнелі даңғыл жолдың да аты болған. Киелі кітапта: “Сол жерде даңғыл жол болады, Ол “Қасиетті жол” деп аталады. Арамданған адам онымен жүрмейді”,— делінген (Ишая 35:8). Бұл уәдеден сол кездегі исраилдіктер нені түсінді? Ал бүгінде біз нені түсінеміз?

БҰРЫНҒЫ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ “ҚАСИЕТТІ ЖОЛ”

6. Неге бұл жол “қасиетті” деп аталған?

6 “Қасиетті жол” деген неткен әдемі атау! Оның “қасиетті” деп аталған себебі — онымен “арамданған” адам жүре алмайтын, яғни Исраилге оралған Құдай халқының арасында азғындық, пұтқа табынушылық сияқты ауыр күнәлардан қайтпайтын еврейлерге орын жоқ еді. Өйткені олар Құдайдың алдында “қасиетті халық” болмақ еді (Мұс. 5-ж. 7:6). Дегенмен Ехобаға ұнамды болу үшін олардың жақсаратын тұстары да болды.

7. Кейбір еврейлерге қандай өзгеріс жасау керек болды? Мысал келтіріңіз.

7 Жоғарыда айтылғандай, еврейлердің көбісі Бабылда туып-өскендіктен, бабылдықтардың көзқарасын, ой қалпы мен құндылықтарын өздеріне сіңіріп алған еді. Олар Исраилге оралған соң, ондаған жылдардан кейін, Езра кейбір еврейлердің жалған құдайларға табынатын әйелдерге үйленгенін біледі (Мұс. 2-ж. 34:15, 16; Езра 9:1, 2). Кейінірек әмірші Нехемия болса Исраилде туылған балалардың еврейше білмейтінін көріп, жағасын ұстайды (Мұс. 5-ж. 6:6, 7; Нех. 13:23, 24). Егер бұл жас буын еврей тіліндегі Құдай Сөзін түсінбесе, қалайша Ехобаны сүйіп, оған ғибадат етпек еді? (Езра 10:3, 44) Көргеніміздей, кейбір еврейлерге көп күш салып, біраз өзгеру керек болды. Бірақ Исраилде жүргендіктен және онда таза ғибадат бірте-бірте қалпына келіп жатқандықтан, оларға бұл өзгерістерді жасау оңайырақ болды (Нех. 8:8, 9).

1919 жылдан бері миллиондаған ерлер, әйелдер мен балалар Ұлы Бабылдан шығып, “Қасиетті жолға” түсті (8-абзацын қараңыз)

8. Сонау ежелде болған жағдайлардың бүгінде бізге қандай қатысы бар? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

8 “Бұның бәрін білген жақсы ғой, бірақ ежелде еврейлермен болған жағдайдың бізге қандай қатысы бар?”— деп ойлармыз. Әрине, қатысы бар. Өйткені біз де “Қасиетті жолмен” келе жатырмыз деп айта аламыз. Бұл жол бізді қазірдің өзінде рухани жұмақпен алып келе жатыр, ал соңында батаға толы Құдайдың Патшалығына алып кіреді. Біз майланғандарға не “басқа қойларға” жатпайық, ешқайсысымыз осы жолдан ауытқымауымыз керек b (Жох. 10:16). Ал бұл бейнелі даңғыл жол қашан ашылды? 1919 жылдан бері миллиондаған адам — ішінде ерлер, әйелдер, балалар да бар — дүниежүзілік жалған діндер империясы Ұлы Бабылдан шығып, осы бейнелі жолмен жүріп келе жатыр. Солардың арасында сіз де бар шығарсыз. Бұл даңғыл жолдың ашылғанына 100 жылдай уақыт болғанмен, даярлық жұмыстары одан бірнеше ғасыр бұрын басталған.

ЖОЛ ДАЯРЛАУ

9. Ишая 57:14-ке сай, “Қасиетті жолдың” даярлығы қалай жүрді?

9 Ехоба Бабылдан шыққан еврейлердің жолында кедергілердің болмауын қамдаған (Ишая 57:14 оқыңыз). Ал біздің кезіміздегі “Қасиетті жол” жайлы не деуге болады? 1919 жылдан бірнеше ғасыр бұрын Құдайды қастерлейтін ер кісілерді пайдаланып, Ехоба Ұлы Бабылдан шығатын жолды даярлады (Ишая 40:3 салыстырыңыз). Ақжүректі адамдар Ұлы Бабылдан шығып, таза ғибадат орнаған рухани жұмаққа кіруі үшін жол даярлауда бұл кісілер ауыр еңбек етті. Сонда олар нендей жұмыстар атқарды? Қазір соның кейбіріне тоқталайық.

Бірталай ғасыр бойы Құдайдан қорқатын ер кісілер Ұлы Бабылдан шығатын жолды даярлауға атсалысты (10, 11-абзацтарды қараңыз)

10, 11. Киелі кітапты көп адамның оқып білуіне баспа мен аударма ісі қандай септігін тигізді? (Суретті де қараңыз.)

10 Киелі кітапты басып шығару. Шамамен 1450 жылға дейін Киелі кітап қолмен көшіріліп келді. Бұл өте ұзақ уақытты алатындықтан, Киелі жазбалардың көшірмелері сирек кездесетін әрі өте қымбат тұратын. Бірақ жылжымалы әріпті баспа станогы ойлап табылған соң, Киелі кітап жылдам басылып, кең тарала бастады.

11 Киелі кітапты аудару. Ғасырлар бойы Киелі кітап тек латын тілінде ғана қолжетімді болды. Ал ол тілді жоғары білімді адамдар ғана түсінетін. Бірақ баспа ісі кең тарала келе, Құдайдан қорқатын адамдар Киелі кітапты көпшілік түсінетін тілдерге аудара бастады. Осылай Киелі кітап қолжетімді болып, адамдар дінбасылардың айтқанымен Киелі кітапта не делінгенін салыстыра алатын болды.

Құдайдан қорқатын ер кісілер Ұлы Бабылдан шығатын жолды даярлауға атсалысты (12—14 абзацтарды қараңыз) c

12, 13. XIX ғасырда Киелі кітаптың зерделі зерттеушілері жалған діндердің ілімдерін қалай әшкерелегені жайлы мысал келтіріңіз.

12 Киелі кітапты зерттеу құралдары. Киелі кітапты мұқият зерттеген адамдар біраз нәрсе біліп, көздері ашылды. Олар білгендерін жұртқа жария ете бастағанда, бұл көптеген дінбасылардың қаһарын қайнатты. Мысалы, XIX ғасырда бірнеше адал кісілер шіркеулердің жалған ілімдерін әшкерелейтін буклеттер шығара бастады.

13 Шамамен 1835 жылы Құдайдан қорқатын Генри Гру деген кісі өлген адамның күйі жайлы буклет шығарады. Ол шіркеулер үйрететіндей, адамдардың бәрі өлместікпен туылмайтынын, оған тек Құдай берсе ғана, ие болатынын Киелі кітаппен дәлелдеп берді. Кейін, 1837 жылы Джордж Сторрз есімді пастор пойызда кетіп бара жатып, сол буклеттің бір данасын оқиды. Сөйтіп, құнды шындықты тапқанын түсінген ол бұны басқаларға да жариялауға бекінеді. 1842 жылы Джордж Сторрз “Сауал: Зұлымдарда өлмес жан бар ма?” деген өте қызықты тақырыпта бірқатар баяндама айтады. Оның жазғандары Чарлз Тейз Расселл деген жас жігіттің санасында төңкеріс жасады.

14. Расселл мен серіктестері өздеріне дейін жасалған рухани жол даярлау жұмыстарының қандай пайдасын көрді? (Суретті де қараңыз.)

14 Расселл мен серіктестері өздеріне дейін жасалған жол даярлау жұмыстарының қандай пайдасын көрді? Олар өз зерттеулеріне Киелі кітап сөздіктерін, симфониялары мен түрлі аудармаларын арқау етті. Сондай-ақ Киелі кітапты зерттеген Генри Гру, Джордж Сторрз сияқты кісілердің еңбектеріне де жүгінді. Расселл мен серіктестері Киелі кітап тақырыптарын қозғайтын көптеген кітаптар мен буклеттер шығарып, рухани жол даярлауға өздері де зор үлес қосты.

15. 1919 жылы қандай маңызды оқиғалар болды?

15 1919 жылы Құдай халқы Ұлы Бабылдың құрсауынан босап шықты. Сол жылы “адал да ақылды құл” пайда болып, жаңадан ашылған “Қасиетті жолға” ақжүрек адамдарды шақыра бастады (Мат. 24:45—47). Бұл жолға аяқ басқандар өткен заманда жол даярлап кеткен кісілердің еңбегінің жемісін көріп, Ехобаның ниеті жайлы білімдерін молайтты (Нақ. с. 4:18). Сондай-ақ өмірлерін Ехобаның талаптарына сай келтіре бастады. Бірақ Ехоба оның халқы барлық жағынан өзгеріп, бірден тазарып кетеді деп күтпеді. Оларды уақыт өте бірте-бірте тазартып отырды (“ Ехоба халқын бірте-бірте тазартты” деген қоршауды қараңыз). Болашақта не істесек те, біз Ехобаның көңілінен шығатын боламыз. Бұл неткен бақыт десеңізші! (Қол. 1:10)

“ҚАСИЕТТІ ЖОЛ” ӘЛІ ДЕ АШЫҚ

16. 1919 жылдан бері “Қасиетті жолда” қандай жөндеу жұмыстары жасалды? (Ишая 48:17; 60:17)

16 Кез келген жолға жөндеу жұмыстары жасалып тұру керек. Ұлы Бабылдан көбірек адам шығу үшін, 1919 жылдан бері “Қасиетті жолда” да жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрды. Жаңадан тағайындалған адал да ақылды құл қызметіне белсене кірісіп, “Қасиетті жолға” енді аяқ басқандарға шындықты үйрету үшін 1921 жылы Киелі кітапты зерттеу құралын басып шығарды. “Құдайдың арфасы” деп аталған бұл кітаптың 36 тілде 6 миллионға жуық данасы таратылды. Қазіргі таңда қолымызда Киелі кітап зерттеу сабағын жүргізуге арналған “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” деген тамаша құралымыз бар. Осы соңғы күндері Ехоба өзінің ұйымы арқылы рухани ас-суды үздіксіз беріп, бәрімізді “Қасиетті жолмен” жетелеп келеді (Ишая 48:17; 60:17 оқыңыз).

17, 18. “Қасиетті жол” қайда апарады?

17 Қандай да бір адам Киелі кітапты зерттеуді бастағанда “Қасиетті жолға” аяқ басады. Кейбіреулері ұзаққа бармай, бұл жолдан шығып кетеді. Басқалары мәреге жетпейінше осы жолдан ауытқымауға белді бекем буған. Ал мәре дегеніміз не?

18 Көкте өмір сүруге үміттенетіндерді бұл “Қасиетті жол” көктегі “Құдайдың жұмағына” апарады (Аян 2:7). Ал жерде өмір сүруге үміттенетіндерді мыңжылдықтың соңында кемелділікке жеткізеді. Осы жолмен келе жатсаңыз, артыңызға еш қарамаңыз. Жаңа дүниеге жетпейінше бұл жолдан ауытқымаңыз. Ендеше, сізге ақ жол тілейміз!

24-ӘН Ехобаның тауына келіңдер!

a Ехоба Бабылдан Исраилге апаратын бейнелі даңғыл жолды “Қасиетті жол” деп атаған. Біздің заманымызда да тура солай Ехоба өз халқына жол даярлаған ба? Иә. 1919 жылдан бері миллиондаған адам Ұлы Бабылдан шығып, “Қасиетті жолмен” жүріп келеді. Бәріміз де мәреге жеткенше, осы жолдан еш ауытқымауымыз керек.

c СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Расселл мен оның серіктестері өздеріне дейін дайындалған Киелі кітапты зерттеу құралдарын қолданды.