Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Құдайдың сізге жаны аши ма?

Құдайдың сізге жаны аши ма?

ЖАРАТЫЛЫСТАРДАН БІЛЕРІМІЗ

Жанашырлық деген — біреудің сезіміне ортақтаса білу, сол адамның орнына өзіңді қоя білу қабілеті. Психолог маманы Рик Хэнсонның айтуынша, жанашырлық — қанмен келетін қасиет.

ОЙЛАНЫП КӨРІҢІЗ. Осындай дара қасиетті таныту адамдарға қайдан біткен? Киелі кітапта Құдай адамдарды өзіне ұқсас етіп жаратқаны айтылған (Мұсаның 1-жазбасы 1:26). Сондықтан біз оның тамаша қасиеттерін қандай да бір шамада таныта аламыз. Адамдар бір-біріне жаны ашып, мейірім көрсеткенде, олар жанашыр Құдайымыз Ехобаға ұқсап әрекет етеді (Нақыл сөздер 14:31).

КИЕЛІ КІТАПТАН БІЛЕРІМІЗ

Құдайдың бізге жаны ашиды және ол біздің азап шеккенімізді қаламайды. Ежелде Исраил халқы Мысыр елінде құлдықта болып, кейін 40 жыл шөл даланы кезіп жүрген. Сол кезде Ехобаның не сезінгені жайлы Киелі кітапта: “Олар азап шеккенде, бұл оның жанына батты”,— делінген (Ишая 63:9). Құдай олардың жағдайын біліп қана қойған жоқ, олар үшін жүрегі ауырды. Киелі кітапта Құдай: “Кім саған тиіссе, сол менің көзімнің қарашығына тиіскені”,— деген (Зәкәрия 2:8). Біреулер жүрегімізді ауыртқан кезде, оның да жүрегі қоса ауырады.

Өзімізді күнәкар сезініп, Құдайдың жанашырлығына лайық емеспіз деп ойласақ, Киелі кітаптағы: “Құдай жүрегімізден жоғары әрі ол бәрін біледі”,— деген сөздерді есте ұстайық (Жоханның 1-хаты 3:19, 20). Құдай бізді өзімізден де жақсы біледі. Ол жағдайымызды, ойларымыз бен сезімдерімізді өте жақсы түсінеді. Оның бізге қатты жаны ашиды.

Қиын шақта көмекке келетінін білгендіктен, біз Құдайдан жұбаныш, ақыл-кеңес пен көмек сұраймыз

Киелі кітаптың айтары...

  • “Сен шақырсаң, Ехоба жауап береді. Көмек сұрап жалбарынсаң, ол “Мен мұндамын!” дейді” (ИШАЯ 58:9).

  • “Сендерге қатысты ой-ниетім өзіме аян. Сендерге апат жіберуді емес, тыныштық беруді, жарқын болашақ пен үміт сыйлауды ойлап жүрмін. Сендер мені шақырасыңдар, маған келіп, дұға етесіңдер, сонда тыңдайтын боламын” (ЕРЕМИЯ 29:11, 12).

  • “Көз жасымды месіңе жинап қойшы, Сен олардың бірін қалдырмай кітабыңа жазып қойдың емес пе?!” (ЗӘБҮР 56:8).

ҚҰДАЙ КӨЗ ҚЫРЫН САЛАДЫ, ТҮСІНЕДІ, ЖАНЫ АШИДЫ

Құдайдың бізге жаны ашитынын білгеніміз қиындықтарды жеңуге көмектесе ме? Марияның жағдайын көрейік.

Ол былай дейді: “18 жасар ұлым ісікпен екі жыл бойы күресіп, артынан көз жұмғанда, жүрегім қақ айырылды. Өмір неткен қатыгез, әділетсіз еді деп ойладым. Баламды құтқарып қалмағаны үшін Ехобаға қатты ашуландым.

Алты жылдан кейін жанашыр досыма Ехобаның мені жақсы көрмейтінін айттым. Ол сөзімді бөлместен бірнеше сағат бойы мені мұқият тыңдады. Сосын маған Киелі кітаптан бір тармақ айтты. Онда: “Құдай жүрегімізден жоғары әрі ол бәрін біледі”,— деп жазылған (Жоханның 1-хаты 3:19, 20). Бұл сөздер маған қатты әсер етті. Досым маған Ехоба қандай күй кешіп жатқанымызды жақсы түсінетінін айтты.

Мен сонда да Ехобаға деген ренішімді жеңе алмадым. Бірде мен Зәбүр 94:19-дағы: “Сарыуайымға салынғанымда, Сен мені жұбатып, жаныма жай бердің”,— деген сөздерді оқыдым. Бұл сөздер дәл маған арнап жазылғандай еді. Ақырында Ехобаның мені мұқият тыңдайтынын, сезімдерімді түсінетінін біліп, оған жүрегімдегі мұңымды айтқанда, зор жеңілдік сезінетін болдым”.

Құдайдың бізді түсінетінін, бізге жаны ашитынын білу неткен жұбаныш! Бірақ жер бетінде қайғы-қасірет неге көп? Ол бізді осылай күнәларымыз үшін жазалап жатыр ма? Қайғы-қасіретті тоқтату үшін ол бір нәрсе істей ме? Бұл сұрақтардың жауабын келесі мақалалардан білеміз.