Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Сіз білгенсіз бе?

Сіз білгенсіз бе?

Ежелде еврейлер айлар мен жылдарды қалай есептеген?

УӘДЕ етілген жердегі еврейлер үшін кәдімгі жыл басы жер жыртып, егін егетін мезгілден басталған. Бұл уақыт қазіргі қыркүйек пен қазан айларына келіп түседі.

Сол заманда адамдар бір айдың ұзақтығын Ай планетасының айналымына қарап анықтаған, яғни 12 айдың әр айы 29 не 30 күнге созылған. Ал бір жылдың ұзақтығын Күнге қарап анықтаған, яғни мезгілдердің қайталанып келуіне қарап білген. Бірақ Ай планетасының айналымымен анықталған бір жыл Күнмен анықталған бір жылдан қысқарақ болып шығатын. Сондықтан ай жылы мен күн жылын сәйкестендіру үшін, олар әртүрлі тәсілдерді қолданған. Бұл үшін олар (жаңа жыл басталмас бұрын болса керек) қосымша күндер қосқан не бірнеше жылда қосымша ай қосып отырған. Бұндай күнтізбе егін егу және орақ мезгілдерімен үйлескен.

Бірақ Мұсаның кезінде Құдай өзінің халқына қасиетті жылды көктемде абиб, яғни нисан, айынан бастауды айтқан (Мұс. 2-ж. 12:2; 13:4). Нисан айында исраилдіктер мейрам тойлап, сол мейрамда арпаның алғашқы өнімін Ехобаға ұсынатын (Мұс. 2-ж. 23:15, 16).

Иса Мәсіхтің заманындағы еврейлер туралы кітабында Эмиль Шюрер деген ғалым былай дейді: “Жылға қосымша айды қашан қосу керектігін анықтау қиын болмаған. Құтқарылу мейрамы 14 нисанда ай толғанда тойланатын. Бұл мейрам міндетті түрде көктемде күн мен түн теңескеннен кейін түсу керек. Егер жылдың аяғына таман жұрт Құтқарылу мейрамының күн мен түн теңескенге дейін түсетінін байқаса, сол жылға, яғни Нисан айының алдына 13-інші айды қосқан” (“The History of the Jewish People in the Age of Jesus Christ”, б. з. б. 175—б. з. 135 жж.).

Ехоба куәгерлері осы әдісті қолданып, Иеміздің Кешкі асы қай күнге түсетінін анықтайды. Бұл дата көктем мезгіліне түседі және еврей күнтізбесі бойынша 14 нисанға сәйкес келеді. Кейін бұл дата жайлы дүниежүзі бойынша барлық қауымдар алдын ала хабардар болады *.

Алайда еврейлер бір айдың бітіп, жаңа айдың басталғанын қалай білген? Бүгінде біз оны баспа жүзіндегі немесе құрылғымыздағы календарьдан-ақ көре саламыз. Ал Киелі кітап жазылған заманда олай оңай болмаған.

Топан су болған заманда әрбір айда 30 күннен болған (Мұс. 1-ж. 7:11, 24; 8:3, 4). Бірақ кейіннен еврейлердің күнтізбесінде басқаша болды. Олар үшін ай аспанда жаңа туған Айдың көрінгенінен басталатын. Осылай есептегенде, бір ай 29 не 30 күнге созылатын.

Бірде Жонатан мен Дәуіт жаңа ай басталатынын біліп: “Ертең Жаңа туған ай мейрамы”,— деген (Сам. 1-ж. 20:5, 18). Демек, б. з. б. XI ғасырда еврейлер айларды алдын ала есептеп біліп отырған. Сонда олар жаңа айдың қашан басталатынын қайдан білген? Еврейлердің ауыздан ауызға берілген заңдары мен әдет-ғұрыптары жинақталған Мишна еңбегінде бұған қатысты кейбір мәліметтер бар. Олар Бабыл тұтқындығынан шыққаннан кейін, ер кісілерден тұратын Жоғарғы кеңесті құрған. Бұл кеңес жеті ай бойы, әр айдың 30-ыншы күні, бас қосып отырған. Сол кезде олар жаңа айдың қашан басталатынын белгілеген. Қалай дейсіз ғой?

Бұл үшін Иерусалим қаласының айналасындағы қырларға күзетшілер қойылған. Олар түнгі аспанда жас Айдың жұқа орағы пайда бола салысымен, Жоғарғы кеңесті ескертіп отырған. Жоғарғы кеңестің бұған анық көзі жеткенде, халыққа жаңа айдың басталғанын жариялаған. Ал егер сол түні тұманның не бұлттардың кесірінен жаңа туған Ай көрінбей қалса ше? Мұндайда Жоғарғы кеңес алдыңғы айдың 30 күнмен бітіп, жаңа айдың басталғанын жариялаған.

Мишна жинағында айтылғандай, Жоғарғы кеңестің шешімін жариялау үшін, күзетшілер Иерусалимге жақын жердегі Зәйтүн тауының төбесінде от жаққан. Бұл жайлы бүкіл Исраил хабардар болу үшін, басқа да биік жерлерде от жағылған. Ал уақыт өте келе мұндай жаңалықты хабаршылар таратқан. Осылай Иерусалим мен бүкіл Исраилдегі еврейлер жаңа айдың басталғанын біліп отырған. Осының арқасында бүкіл халық жыл сайынғы мейрамдарды өз уақытымен тойлаған.

Осы жерде берілген кестеден ежелгі еврейлердің айлары, мейрамдары, жыл мезгілдері жайлы біле аласыз.

^ Орыс тілінде 1992 жылғы “Күзет мұнарасының” 2-санынан “От седера ко спасению” мақаласының 25, 26-абзацтарын қараңыз.