Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жақын адам өмірден өткенде

Жақын адам өмірден өткенде

“Ағам аяқастынан қайтыс болғанда, бойымды шарасыздық меңдеді. Бірнеше ай өткеннен кейін ағам есіме түсіп кетсе, жүрегім қанжар сұғылғандай сыздап қоя беретін. Кей кездері ашу кернеп, “осы неге менің ағам өлу керек еді?” деген ойлар маза бермейтін. Ағаммен көбірек уақыт өткізбегенім үшін өзімді кінәлі сезінетінмін” (Ванесса, Австралия).

ЖАНЫҢЫЗҒА жақын тұтқан адамды жоғалтқан болсаңыз, сіз де сан түрлі сезімдерді бастан кешірген боларсыз. Бұл — қайғыру, жалғызсырау және дәрменсіз күй кешу. Бәлкім, ашулану, өзін кінәлау, қорқу сияқты сезімдер де сізге таныс шығар. Тіпті өмір сүргім келмейді деген ойлар санаңызда қылаң берген болар.

Бір айтарымыз — қайғыруда тұрған еш әбестік жоқ. Бұл сіздің көз жұмған жақыныңызды қаншалықты жақсы көретініңізді айғақтайды. Жаныңызға зілдей батқан қайғының дауасы бар ма?

ҚИЫНДЫҚТЫ ЕҢСЕРУ ЖОЛДАРЫ

Жан жараңыз жазылмастай көрінсе, келесідей ойлар сізге көмек болар:

ҚАЙҒЫҒА УАҚЫТ БЕРІҢІЗ

Әркім әртүрлі қайғырады. Қанша қайғыратынын да ешкім біліп болмайды. Қалай болған күнде де, қайғыны біршама жеңілдету үшін көз жасқа ерік берген дұрыс. Ванесса былай дейді: “Мен жылаған кезде ғана ішімдегі қайғыны сыртқа шығаратынмын”. Ойда жоқта сіңлісінен айырылған София былай дейді: “Болған жайтты ойласам, жүрегім ауырады. Тура бір жарамның аузын ашып, ішін тазалап жатқандай азапталамын. Бұл азап төзе алмастай қиын, десе де жараның жазылуына көмегі зор”.

ҚАЙҒЫНЫ БӨЛІССЕ АЗАЯДЫ

Әрине, кейде жалғыз қалғыңыз келетін шығар. Десе де адам қайғының жүгін жалғыз өзі көтере алмайды. Әкесінен айырылған 17 жасар Дәурен былай деп есіне алады: “Сезімдерімді іште сақтамай, басқаларға айтатынмын. Оларға ішкі күйімді дұрыс түсіндіре алдым ба — білмеймін, бірақ сол кезде жеңілдеп қалатыным есімде”. Бірінші мақаладағы Дженис өзгелермен сөйлесудің тағы бір пайдасын айтты: “Басқаларға қайғы-мұңымды айтқанда, кәдімгідей жұбанып қалатынмын. Олардың түсінікпен қарайтынын сезіп, жалғыз емес екенімді түсінетінмін”.

КӨМЕКТЕН БАС ТАРТПАҢЫЗ

Бір дәрігер-психолог былай дейді: “Жақынын жоғалтқан адам достары мен туыстарының көмегін бірден қабылдайтын болса, оған қайғырудың кейінгі кезеңдерінен өту жеңілірек болады”. Қандай көмекке мұқтаж екеніңізді достарыңызға айтыңыз. Өйткені олар қай жағынан көмектесу керектігін білмеуі мүмкін (Нақыл сөздер 17:17).

ҚҰДАЙҒА ЖАҚЫНДАЙ ТҮСІҢІЗ

Тамара былай дейді: “Күйеуім күтпеген жерден қатерлі ісіктен көз жұмғанда, өмірдегі сырласым мен мұңдасымнан айырылдым. Сондықтан бәрін Құдайға айтатын болдым. Әр күнімді өткеру үшін Құдайдан таңертең күш сұрап дұға ететінмін. Оның берген көмегі мен ойлағаннан да асып түсетін”. 22 жасында анасын жер қойнына тапсырған Тоғжан былай дейді: “Киелі кітапты күн сайын оқығаным жаралы жаныма шипа болды. Ондағы сөздер жағымды нәрселер туралы ойлауға көмектесті”.

ҚАЙТА ТІРІЛУДІ ЕЛЕСТЕТІҢІЗ

Тамара сөзін жалғап былай деді: “Алғашында қайта тірілу үміті еш жұбаныш бермеді. Өйткені мен күйеуіме, ал балаларым әкелеріне дәл сол кезде мұқтаж еді. Бірақ қазір, арада төрт жыл өткен соң, мен бұл үмітке таскенедей жабысып алдым. Ол алып теңізде мені батып кетуден сақтап тұрған құтқару арқаны сияқты. Күйеуімді қайта көретінімді көз алдыма елестетемін. Сонда көңілім тыншып, бойымды қуаныш кернейді!”

Қайғы дертінен бірден айығып кетпейтін шығарсыз. Десе де ол күн де келеді. Бұған Ванессаның сөздері дәлел. Ол былай дейді: “Сіз қайғыдан басымды ешқашан көтере алмаспын деп ойлайтын шығарсыз, бірақ бірте-бірте бұлт астынан шуақты күн де көрінеді”.

Сағыныштан жаныңыз тоналып, жабырқап жүрсеңіз, өмірден күдер үзуге асықпаңыз. Мейірімі мол Құдай әр кез көмекке келуге даяр. Қиын шақтарда ол достарыңыз арқылы демейді, әрі мән-мағыналы өмір кешуге көмектеседі. Ал жуырда Құдай өмірден өткен адамдарды қайта тірілтеді. Ол жоғалтқан жақын адамыңызды бауырыңызға басып, құшаққа алғаныңызды аңсайды. Сол кезде жүректегі жараңыз мәңгілікке жазылады!