Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Тетраграмматон, еврей әріптерімен берілген Құдайдың “Ехоба” деген қасиетті есімі (оңнан солға қарай оқылады)

Таудай салмағы бар тарыдай әріп

Таудай салмағы бар тарыдай әріп

Құдай берген уәделерінің бәрін орындайтынына қаншалықты сенімді бола аламыз? Иса пайғамбар бұған кәміл сенген, әрі одан тәлім алғандар да осындай сенім дамытқан. Ол бірде Таудағы уағызында былай деді: “Сендерге шындығын айтамын, аспан мен жер құрып жоқ болып кетсе де, Мұса Заңының ең кішкентай әрпі, тіпті бір сызығы да жоқ болып кетпейді, онда жазылғандардың бәрі орындалады” (Матай 5:18).

Еврей әліпбиіндегі әріптердің ең кішкентайы — י (йод). Ол — тетраграмматонның, яғни Құдайдың еврей тіліндегі Ехоба деген қасиетті есімінің бірінші әрпі *. Дін мұғалімдері мен парызшылдар Құдай Заңындағы сөздер мен әріптерді қоя бергенде, әріптің әр сызығының да айтарлықтай мәні бар деп санаған.

Иса пайғамбар, былайша айтқанда: “Аспан мен жер жойылса жойылар, бірақ Мұса Заңында жазылған сөздер бүге-шігесіне дейін орындалмай қоймайды”,— деген. Бірақ Киелі жазбаларда төбеміздегі аспан мен жердің мәңгі тұратыны тайға таңба басқандай анық жазылған (Зәбүр 78:69). Демек, Иса Заңда жазылғандар ең кішкентай бөлігіне дейін түгел орындалатынын айтқысы келген.

Ал Ехоба Құдай мұндай майда нәрселерге қалай қарайды? Ежелде Исраил халқына берілген бір нұсқауды қарастырайық. Исраилдіктер Құтқарылу мейрамында жейтін тоқтының бірде-бір сүйегін сындырмаулары қажет еді (Мұсаның 2-жазбасы 12:46). Бұл баз біреуге майда-шүйде жайт болып көрінер. Исраилдіктер де бұл нұсқаудың не үшін берілгенін білмесе керек. Ал Ехоба Құдай болса, Иса Мәсіх азап бағанасына шегеленгенде, оның бірде-бір сүйегі сындырылмайтынын алдын ала біліп, осындай пайғамбарлық айтқан еді (Зәбүр 34:20; Жохан 19:31—33, 36).

Сонымен, Исаның айтқан сөзінен қандай жайтты ұғамыз? Ехоба Құдай уәделерінің бәрін бүге-шігесіне дейін орындайтынына нық сенсек болады. Расында да, кіп-кішкентай еврей әрпінің өзі үлкен сенімділік сыйлайды!

^ 3-абзац Грек әліпбиіндегі ең кішкентай әріп — “йота”, әрі ол еврейдің י (йод) әрпіне ұқсас келеді. Дегенмен Мұса Заңы еврей тілінде жазылып, ұрпаққа еврей тілінде жеткендіктен, Иса бұл жерде де еврей әрпіне нұсқаса керек.