Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨМІРБАЯН

Қолдары жоқ болса да, шындыққа құшақ жайды

Қолдары жоқ болса да, шындыққа құшақ жайды

Адам құлап бара жатқанын сезсе, бір жерден ұстап қалуға тырысады. Бірақ менің екі қолым да болмағандықтан, бұлай ете алмаймын. Жеті жасымда өмірімді сақтап қалу үшін дәрігерлерге қолдарымды кесіп тастауға тура келді.

Анам мені 1960 жылы 17 жасында дүниеге әкелді. Әкем анамды мен туылмай тұрып тастап кеткен еді. Анам екеуміз Шығыс Германиядағы (бұрынғы ГДР) Бург деген қалашықта ата-әжеммен бірге тұрдық. Жұрттың көбісі атеист еді. Біздің отбасымыз да Құдайға сенбейтін.

Бала кезімде атама қатты бауыр бастым. Ол мені талға шығып, бұтақтарды кесу сияқты көп жұмыстарға қатыстыратын. Бұл балалық шағымның ең қызықты сәттері еді. Осылай бейқам әрі бақытты күндерді кешіп жаттым.

ӨМІРІМДІ КҮРТ ӨЗГЕРТКЕН ЖАЙТ

Жеті жасымда бір қайғылы жағдайды бастан кешірдім. Бұл екінші сыныпқа енді көшкен кезім еді. Үйге бара жатқан жолда электр бағанасына өрмелеп шықтым. Сегіз метр биіктікке көтерілгенімде, қатты тоқ ұрды. Содан ес-түссіз күйде ауруханадан бір-ақ шықтым. Оянған кезде екі қолымды еш сезбедім. Қолдарым қатты күйіп жараланған еді және қаным уланбас үшін дәрігерлер қолдарымды кесіп тастауға мәжбүр болған екен. Анам мен ата-әжемнің қайғыдан өзектері өртенді. Бала болғандықтан, екі қолсыз өмір сүрудің қаншалықты ауыр болатынын әлі толық түсінбеген едім.

Ауруханадан шыққан соң, мектепке қайта оралдым. Оқушылар қорғана алмайтынымды біліп, мені мазақтайтын, итеретін не бір нәрселерді лақтыратын. Олардың кемсітіп айтқан сөздері жаныма қатты бататын. Ақыр аяғында мені Биркенвердер қаласындағы мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған интернатқа ауыстырды. Бұл мектеп жырақта болғандықтан, анам мен ата-әжем мені көруге келе алмайтын. Олармен тек демалысқа шыққанда көрісетінмін. Осылай он жыл бойы анам мен ата-әжемді көрмей өстім.

ЖАСӨСПІРІМ КЕЗІМ

Мен көп істі аяқпен істеуді үйрендім. Шанышқы мен қасықты бармақтарыммен ұстап тамақ ішудің қалай болатынын елестетіп көріңізші. Маған осыған үйренуге тура келді. Тіпті тіс тазалау, шаш тарау сияқты істерді де аяғыммен істейтін болдым. Адамдармен сөйлескенде, аяғыммен ым-ишарат жасап жіберетінмін. Осылай аяғым қолымның орнын басты.

Жасөспірім кезімде ғылыми фантастиканы көп оқыдым. Кейде кез келген нәрсені істей алатын жоғары технологиялық жасанды қолдарым болса ғой деп армандайтынмын. 14 жасымда темекіге әуестене бастадым. Бұл маған сенімділік беріп, өзімді басқалармен тең сезінуіме көмектеседі деп ойлайтынмын. “Бұны мен де істей алам. Қолы бар болсын, жоқ болсын, темекі шеккен адам — ересек адам”,— дегендей болдым.

Мен жай қарап отырмай, әртүрлі қоғамдық іс-шараларға белсене қатыстым. Мысалы, Азат неміс жастары деген мемлекеттің демеуімен құрылған жастардың социалистік ұйымының мүшесі болып, жауапты міндет саналған хатшының міндетін атқардым. Сондай-ақ ән, поэзия үйірмелеріне барып, мүгедектерге арналған спорт түрлеріне қатыстым. Оқуды бітірген соң, өзім тұрған қаладағы бір компанияға жұмысқа тұрдым. Мен өзімді он екі мүшесі сау адам ретінде сезінгім келді. Сондықтан ержеткен сайын протезді де тастамай киетін болдым.

ШЫНДЫҚТЫ БІЛГЕН КЕЗІМ

Бірде жұмысқа бара жатқанымда, маған бір ер кісі жолығып, Құдай екі қолымды қалпына келтіре алатынын айтты. Мен бұған аң-таң болдым. Менің қол-аяғы сау адам болғым келмейді емес, келеді-ақ! Бірақ оның айтқандарына сену өте қиын болды. Атеист болғандықтан, Құдайдың жоқ екеніне толық сенімді едім. Сол себепті ол кісіден қашқақтап жүрдім.

Көп ұзамай бір әйел әріптесім үйіне қонаққа шақырды. Кофе ішіп отырғанымызда оның ата-анасы Ехоба Құдай жайлы айта бастады. Сонда мен өмірімде бірінші рет Құдайдың есімі бар екенін білдім (Зәбүр 83:18). Бірақ іштей: “Есімі кім болса, ол болсын, Құдай бәрібір жоқ қой. Мен олардың қателесетінін дәлелдеймін”,— деп ойладым. Менікі дұрыс екеніне сенімді болғандықтан, олармен Киелі кітап тақырыптарына әңгімелесіп тұруға келістім. Бірақ Құдайдың жоқ екенін сол күйі дәлелдей алмадым.

Олармен Киелі кітаптағы бірқатар пайғамбарлықтарды қарастыра келе, өз көзқарасымнан бірте-бірте айни бастадым. Құдайдың жүздеген, тіпті мыңдаған жыл бұрын айтып кеткен сөздері дәл орындалып жатты. Бірде біз Матай 24-тарау, Лұқа 21-тарау және Тімөтеге 2-хат 3-тараудағы пайғамбарлықтарды бүгінде орын алып жатқан жайттармен салыстырдық. Дәрігер аурудың барлық белгілеріне қарап нақтама қоятыны сияқты, пайғамбарлықтардың бәрін бірдей қарастырғанның арқасында Киелі кітапта айтылған “соңғы күндерде” өмір сүріп жатқаныма көзім жетті *. Пайғамбарлық сөздердің дәл менің көз алдымда орындалып жатқаны мені қатты таңғалдырды.

Оқып-білгендерім шындық екеніне сенімді болған мен Ехоба Құдайға дұға ете бастадым әрі он жылдан аса уақыт бойы үзбей темекі шеккеніме қарамай осы әдетімнен арылдым. Содан бір жылдай Киелі кітап сабағын өтіп, 1986 жылдың 27 сәуірінде шомылдыру рәсімінен өттім. Ол кезде Шығыс Германияда Ехоба куәгерлерінің ісіне тыйым салынғандықтан мұны жасырын түрде істеуге тура келді.

БАСҚАЛАРҒА КӨРСЕТКЕН КӨМЕГІМ

Куәгерлерге тыйым салынғандықтан, біз кішігірім топ болып жеке үйлерде қауым кездесулерін өткізіп жүрдік. Сондықтан мен Ехоба куәгерлерінің ішінен кейбірін ғана танитынмын. Бірде үкімет басшылары маған күтпеген жерден Батыс Германияға баруға рұқсат берді, ал ол жерде Ехоба куәгерлерінің ұйымына еркіндік берілген еді. Сонда мен өмірімде бірінші рет үлкен жиынға қатысып, бір сенімдегі мыңдаған бауырластарымды көре алдым. Бұл мен үшін естен кетпес оқиға болды.

Берлин қабырғасы құлаған соң, Ехоба куәгерлеріне еркіндік берілді. Ақырында біз Ехоба Құдайға еш кедергісіз ғибадат ете алатын болдық. Мен уағыз ісіне көбірек уақыт арнағым келді. Бірақ бейтаныс адамдармен сөйлесу мен үшін өте қиын болды. Мүгедек болғандықтан және балалық шағымның көп бөлігін мүгедектерге арналған үйде өткізгендіктен, өзімді басқалардан кем санадым. Бірақ 1992 жылы бір ай бойы 60 сағат уағыздауды шештім. Осы мақсатыма қол жеткізіп, соған қатты қуандым. Содан ай сайын 60 сағат уағыздауды шештім және үш жыл қатарынан осылай етіп жүрдім.

Мен Киелі кітаптағы “Біреу әлсіз болса, мен де өзімді әлсіз сезінбеймін бе?” деген сөздерді үнемі есте ұстаймын (Қорынттықтарға 2-хат 11:29). Қолдарым болмаса да, ақыл-ойым бар әрі сөйлей аламын. Осыны пайдаланып басқаларға көмектесуге тырысамын. Мен өзім сияқты мүгедек адамдардың жанын жақсы түсінемін. Ондай адамға қатты қалап тұрған нәрсені істей алмаудың қаншалықты ауыр тиетінін білемін. Осындай күй кешкендерге жігер бере алатыным мені шексіз қуанышқа бөлейді.

Басқаларға ізгі хабарды жариялағаным мені қуанышқа бөлейді

ЕХОБА КҮНДЕ ЖАНЫМНАН ТАБЫЛАДЫ

Алайда кей кезде көңілім түсіп кетеді. Өйткені мен басқалар сияқты он екі мүшесі сау адам болғым келеді. Күнделікті тірліктердің көбісін өзім істей алғанмен, бұған басқаларға қарағанда әлдеқайда көп күш пен уақыт кетеді. “Маған күш-қуат берушінің арқасында бәрін де істей аламын” деген сөздерді мен күнде есте ұстаймын (Філіпіліктерге 4:13). Ехоба Құдай маған күн сайын қажетті күш береді. Оның әрдайым жанымнан табылатынын білемін. Сондықтан мен де оған қызмет етуді ешқашан доғарғым келмейді.

Бала кезімде отбасы бақытынан кенде қалсам да, Ехоба Құдай маған батасын төгіп, керемет отбасын сыйлады. Менің Элке деген жанашыр әрі мейірімді әйелім бар. Сондай-ақ менің бір сенімдегі миллиондаған бауырластан тұратын дүниежүзілік отбасым бар.

Аяулы жарым Элкемен

Құдайдың жұмақ жайлы уәдесі жүрегімде үміт отын жақты. Ол кезде Құдай “бәрін де жаңадан жаратады”, демек менің қолдарымды да қалпына келтіреді (Аян 21:5). Иса пайғамбардың жерде болған кезінде істеген істері жайлы терең ойланғанда, Құдайдың осы уәдесін жақсырақ түсінемін. Бірде Иса қолы семіп қалған кісіні бірден сауықтырған болатын және біреу құлағын шауып түсірген адамның да құлағын оп-оңай қалпына келтірген (Матай 12:13; Лұқа 22:50, 51). Ехобаның уәделері мен Исаның жасаған кереметтері жақын болашақта сап-сау адам болатыныма сенімділік берді.

Бірақ ең бастысы, мен Ехоба Құдайды танып-білдім. Бұл — мен үшін ең зор бата. Ол менің әкем, досым, жанашырым және тіренішім болып келеді. Дәуіт патшаның “Ехоба — менің күшім... Ол маған көмектесті, жүрегім соған шаттанады” деген сөздері менің де көкірегімде сайрап тұр (Зәбүр 28:7). Осы сөздерді өмір бойы есте ұстағым келеді.

^ 17-абзац Соңғы күндердің белгісі жайлы көбірек мәліметті “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” басылымының “Біз соңғы күндері өмір сүріп жатырмыз ба?” деп аталатын 9-тарауынан көре аласыз. Ехоба куәгерлері басып шығарған бұл кітапты www.dan124.com/kk сайтынан табуға болады.