Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жауабын білу маңызды ма?

Жауабын білу маңызды ма?

Жаратушының бар-жоғын неге біліп алған маңызды? Айғақтар Құдіреті шексіз Құдайдың бар екеніне көзіңізді жеткізсе, онда Киелі кітап оның Сөзі екенін дәлелдейтін айғақтарды да көргіңіз келетін шығар. Киелі кітаптың сөздеріне сенім арта бастасаңыз, онда оның келесідей пайдасын көресіз:

Өміріңізге мән кіреді

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ АЙТАРЫ: “[Құдай] аспаннан жауын жаудырып, мезгілімен мол өнім берді және көл-көсір ас-су сыйлап, жүректеріңді қуанышқа толтырып келді” (Елшілердің істері 14:17).

МӘНІ: Осы өмірде жүрегіңізді қуанышқа толтырып жүрген нәрселердің бәрі — Жаратушының сыйы. Жомарт Құдай сізді қаншалықты жақсы көретінін түсінген кезде, осы сыйлардың бәрін одан сайын бағалап кетесіз.

Өмірге қажетті құнды кеңестер

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ АЙТАРЫ: “Әділдік, әділет пен туралықтың не екенін ұғасың, Жақсылық атаулыны түсінесің” (Нақыл сөздер 2:9).

МӘНІ: Бізді жаратқан Құдай болғандықтан, бақытты болуымыз үшін ненің қажет екенін ол жақсы түсінеді. Киелі кітапты оқып, зерттейтін болсаңыз, ішіндегі құнды кеңестердің пайдасын қазірдің өзінде көре аласыз.

Сұрақтарыңыздың жауабын табасыз

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ АЙТАРЫ: “Құдай туралы білімді табасың” (Нақыл сөздер 2:5).

МӘНІ: Жаратушының бар екеніне көзіңіз жеткен соң, сіз адамдарды үнемі мазалайтын сұрақтардың жауабын табасыз. Мысалы, өмірдің мәні неде? Неге жаманшылық пен қайғы-қасірет соншама көп? Адам өлген соң қайда барады? Осылардың көңілді орнықтыратын жауабы Киелі кітапта бар.

Болашаққа үмітпен қарайсыз

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ АЙТАРЫ: “Ехоба былай дейді: —Сендерге қатысты ой-ниетім өзіме аян. Сендерге апат жіберуді емес, тыныштық беруді, жарқын болашақ пен үміт сыйлауды ойлап жүрмін” (Еремия 29:11).

МӘНІ: Құдай болашақта зұлымдықты, қайғы-қасіретті, тіпті өлімді түп-тамырымен жоямын деп уәде етіп отыр. Құдайдың осы уәделеріне сенген кезде, сізде үміт пайда болады. Ал бұл үміт сізге күн сайын болатын қиындықтарды қайыспай көтеруге көмектеседі.