Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОТБАСЫҢЫЗ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН | ЖАСТАР

Адреналин тәуекел етуге тұра ма?

Адреналин тәуекел етуге тұра ма?

ҚИЫНДЫҚ

“Туннельдің ішімен келе жатқан жүйрік пойыз зу етіп дәл қасымнан өтті! Бойымды адреналин шарпып, бүкіл қиындықтарым ғайыпқа кеткендей болды” (Леон) *.

“Биік құздан суға құлап бара жатқанда, бір сәтке өзімді толықтай еркін сезіндім. Бұлай секіруді ұнатамын. Бірақ қорқатын кездерім де болады” (Лариса).

Леон мен Лариса сияқты кейбір жастар шамаларын сынап, әсер алуды ұнатады. Сенің де кейде осындай тәуекелге барғың келе ме? Онда бұл мақаланың сен үшін пайдасы көп болмақ.

МҰНЫ БІЛГЕН ЖӨН

Адреналин іздеу тәуелділік туғызады. Сен шамалы уақытқа ғажап күйге бөленетін шығарсың, бірақ соңында одан да күшті сезімді қалай бастайсың. Марко деген жігіт те Леон сияқты, пойыз туннельдеріне барып жүрген. Ол былай дейді: “Мен шырғалаң шеңберді айналып жүргендей болдым. Бір сәтке шат-шадыман боламын да, артынша басқасының дәмін татқым келіп тұрады”.

Жүріп бара жатқан көліктің артына жармасып, роликпен зулап жүретін Джастин былай дейді: “Әсер алған сайын құныға бердім. Жұртты таңғалдырғым келді. Бірақ ақырында ауруханадан бір-ақ шықтым”.

Құрдастардың қысымы ақылсыз әрекетке итеруі мүмкін. Марвин деген жігіт былай дейді: “Достарым маған: —Алға! Бұл қолыңнан келеді!— деп, өте биік бір ғимаратқа жалаң қолмен өрмелеуге көндірді. Өмірім қыл үстінде тұрғандай болды. Дуалға шығып бара жатып, қатты қорыққаннан діріл қақтым”. Биік құздан секірген Лариса болса былай дейді: “Бәрі істеп жатқан соң, оларға елігіп мен де істедім”.

Жастар мұндай қысымға ғаламторда да ұшырауы мүмкін. Онда басын қатерге тіккендер жиі дәріптеліп, ал артында тұрған үлкен қауіпке көз жұмылып жатады. Олардың әлеуметтік желіге салған “ерліктері” көп қаралып, қауіпсүйгіштердің арасында танымал бола бастайды.

Мысалы, ғаламторда кең тараған видеолардың бірі — паркур спорты. Оған қауіпсіздік жабдықтарының көмегінсіз дуалдар, үйлер, баспалдақтар сияқты бөгеттерден жылдам секіріп, жүгіріп өту және өрмелеу жатады. Оны қызықтап көріп отырып, “онша қауіпті емес сияқты” және “мұнымен бәрі де айналысады” деген екі қате тұжырымға келуің мүмкін. Шешінген судан тайынбас дегендей, мұндай тұжырымнан кейін өміріңе қауіп төндіретін әрекетке елігіп кетуің мүмкін.

Шама-шарқыңды сынап көрудің әлдеқайда жақсы әрі қауіпсіз жолдары бар. Киелі кітапта: “Денені жаттықтырудың пайдасы аз”,— делінген (Тімөтеге 1-хат 4:8). Бұл кітап бізді естілікпен өмір сүруге шақырады (Титке 2:12). Қазір бұған не жататынын көрейік.

БЫЛАЙ ІСТЕП КӨР

Қауіптің үлкен-кішілігін анықта. Киелі кітапта: “Парасатты біліммен әрекет етер, ал надан өз надандығын жария етер”,— деп жазылған (Нақыл сөздер 13:16). Тәуекелге бел байламас бұрын, қаупін көре біл. “Ойыннан от шығып жүрмей ме? Майып болып қалмаймын ба?”— деп ойланып көр (Киелі кітаптың кеңесі: Нақыл сөздер 14:15).

Өмірді бағалайтын достар таңда. Нағыз достар ешқашан сені өмірмен ойнауға және өзіңе ұнамайтын іске баруға итермелемейді. Лариса былай дейді: “Ақыл-парасаты мол достарым маған дұрыс шешім қабылдауға көмектесті. Жақсы адамдармен дос болғалы бері өмірім де жақсара түсті” (Киелі кітаптың кеңесі: Нақыл сөздер 13:20).

“Ойыннан от шығып жүрмей ме? Майып болып қалмаймын ба?” — деп ойланып көр.

Тәуекелге бармай-ақ қабілеттеріңді шыңда. Жастар туралы бір еңбекке сай, есейе келе адамның жеке қағидалар мен шектеулер орната білгені маңызды (“Adolescent Risk Behaviors”). Сен өзіңнің шама-шарқыңды қауіпсіз жерде қажетті жабдықтарды қолданып, қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып та сынай аласың.

Өзіңе деген құрметіңді дұрыс жолмен арттыр. Адамдар сені басыңды қатерге тігіп, “ерлік” көрсеткенің үшін емес, шын өмірдің қиындықтарын жеңе білгенің үшін құрметтейді. Лариса былай дейді: “Құздан суға секіргеннен бастап өмірім зиянды нәрселерге толып кетті. О бастан “жоқ” деп жауап бере білгенімде ғой, бәрі басқаша болар еді”.

Ой түйін. Адреналин үшін тектен-текке басыңды қауіпке тіккенше, дұрыс жолмен көңіл көтеріп, өзіңнің парасатты екеніңді көрсет (Киелі кітаптың кеңесі: Нақыл сөздер 15:24).

^ 4-абзац Мақаладағы кейбір есімдер өзгертілген.