Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

БІЗДІҢ МҰРАҒАТТАН

Ол сүйіспеншіліктің арқасында жұмыс істеп тұрған дәмхананы көрді

Ол сүйіспеншіліктің арқасында жұмыс істеп тұрған дәмхананы көрді

ЕХОБА жайған дастарқан басында бас қосу — елеулі оқиға. Бір дастарқаннан ас ішкені Құдай халқының қуанышына қуаныш қосады.

1919 жылдың қыркүйек айында Киелі кітап зерттеушілері Сидар-Пойнтта (АҚШ, Огайо штаты) сегіз күндік конгресс өткізді. Сондағы мейманханалар делегаттарды баспана және ас-сумен қамтамасыз етуі керек еді. Бірақ күтілгеннен мыңдаған адам көп келді. Құжынаған адамды көрген даяшылар бірі қалмай жұмыстан кетіп қалды. Дәмхана басқарушысы сасқанынан жас делегаттардан көмек сұрады, бұған көбісі қуана келісті. Солардың бірі Сейди Грин сол кезді есіне алып: “Бұл менің алғаш рет даяшы болуым еді, ол аса қызықты кезең болды”,— деді.

Сьерра-Леоне, 1982 жыл

Кейінгі жылдары да көптеген ерікті қызметшілер конгрестерде ас үлестіріп, бауырластарға қуана-қуана қызмет көрсетті. Бір-бірімен иық тіресе қызмет еткендері жас бауырластардың біразына рухани мақсаттар қоюға ықпал етті. Солардың бірі — 1937 жылғы конгресте дәмханада қызмет еткен Глэдис Болтон. Ол былай деді: “Мен жер-жерлерден келген адамдарды кезіктіріп, бастан өткерген қиындықтары жайлы естідім. Көкірегімде ізашар бола алады екенмін деген үміт сәулесі сол кезде пайда болған еді”.

Сол кездердегі конгресте болған Беула Ковей: “Қызмет көрсетушілер барын салғандықтан, жұмыс сағат сияқты жүріп жатты”,— деді. Дегенмен қиындықтар да болды. Мысалы, Анджело Манера 1969 жылы Лос-Анджелестегі (АҚШ, Калифорния штаты) Доджер стадионына келгенде ғана, конгресс дәмханасында қызмет етуге тағайындалғанын біледі. Ол: “Мен төбемнен жай түскендей болдым! Өмірімде алғаш рет осындай күйге түстім”— деп мойындады. Бұл конгресте асханаға газ құбырын өткізу үшін төрт жүз метр арық қазу керек еді!

Франкфурт (Германия), 1951 жыл

1982 жылы Сьерра-Леонедегі конгресс үшін еңбекқор ерікті қызметшілер бір танапты тазартып, қолда бар материалдардан дәмхана соққан. 1951 жылы Франкфуртта (Германия) өтетін конгрестің дәмханасына арналған үлкен 40 қазанға бу жеткізу үшін, тапқыр бауырластар тепловозды жалға алған. Қызмет көрсетушілер сағатына 30 000 адамға ас үлестіріп тұрды. Ал конгреске келгендер ыдыс жуатын 576 адамның жұмысын жеңілдету үшін, пышақтары мен шанышқыларын ала келген еді. Янгондағы (Мьянма) конгресте басқа елден келген делегаттарды ойлаған қамқор аспаздар ащы дәмдеуіштерді әдеттегіден аз қолданған.

“ОЛАР ТҰРЫП ТҰРЫП ТАМАҚТАНАДЫ”

1950 жылы Құрама Штаттарда өткен конгресте дәмхананың ұзыннан-ұзақ кезегінде тұрғаны Энни Погганссе үшін пайдалы болыпты. Ол: “Мен Еуропадан қайықпен келген екі бауырластың әңгімесіне беріліп кеттім”,— деді. Олар бір-біріне конгреске жету үшін Ехобаның қалай көмектескенін айтып жатты. Энни сөзін жалғап: “Сол жерде әлгі екеуінен бақытты ешкім жоқ еді. Шыжып тұрған күннің астында кезекте тұру олар үшін түк емес еді”,— деді.

Сеул (Корея), 1963 жыл

Үлкен конгрестердің көбісінде сонау мен сонау шатырлар тігіліп, биік үстелдер қойылатын. Мұндай үстелдер жұртты тезірек тамақтанып, өзгелерге орын босатуға талпындыратын. Әйтпесе үзіліс кезінде мыңдаған адам түстеніп үлгермес еді. Мұны көрген бір кісі, ол Куәгер емес еді: “Мынау бір қызық дін екен. Олар тұрып тұрып тамақтанады”,— деді.

Дәмханадағы жұмыстың қаншалықты жақсы ұйымдастырылғанын көрген әскери және азаматтық билік өкілдері қайран қалысатын. Нью-Йорктегі Янки стадионында өткен конгрестегі дәмхана ісін тексерген Құрама Штаттардың Әскери қызметкері Британияның Соғыс департаментінің майоры Фаулкнерді өз елінде сондай тексеріс жасауға талпындырады. Сондықтан 1955 жылы ол әйелімен бірге Туикенемде (Англия) өткен “Патшалықтың салтанат құруы” атты конгреске келеді. Ол дәмхананың сүйіспеншіліктің арқасында жұмыс істеп тұрғанын айтты.

Ондаған жылдар бойы ынталы бауырластар конгреске келушілерге аса қымбатқа түспейтін ас үлестірді. Бірақ осы бір үлкен істі атқару үшін көптеген ерікті қызметшілер сағаттап еңбек етті. Оның үстіне, олар бағдарламаның кей бөлімдерін, кейде тіпті түгелімен тыңдай алмай қалатын. 1970 жылдардың соңына таман біраз жерлерде конгрестерде ас үлестірілмейтін болды. Ал 1995 жылдан бастап конгреске әркім өз тамағын алып келетін болды. Осының арқасында ас әзірлейтін және оны үлестіретін ерікті қызметшілер рухани астан құр қалмайтын әрі бауырластармен араласа алатын болды *.

Бір сенімдегілерге қызмет көрсету үшін ауыр еңбек еткен сол бауырластар Ехоба үшін аса қымбат! Кейбіреулер дәмханада қызмет еткен сол бір кездерді сағынатын да шығар. Бірақ бұл шара өзгергенмен, бір нәрсе өзгеріссіз қалды: конгрестерімізде сүйіспеншілік әлі де басты орын алады (Жох. 13:34, 35).

^ 12-абзац Конгресте ерікті қызмет көрсетудің әлі де көптеген мүмкіндіктері бар.