Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

КИЕЛІ КІТАПҚА НЕГІЗДЕП ӘҢГІМЕЛЕСУ

Неге Құдай қайғы-қасіретке жол беріп отыр?

Неге Құдай қайғы-қасіретке жол беріп отыр?

Төменде Ехоба куәгерлерінің әдетте адамдармен қалай әңгімелесетінінің үлгісі келтірілген. Ехоба куәгерінің есімі Майра, ал үй иесінің есімі Салтанат делік.

ҚҰДАЙ БІЗДІҢ ҚАЙҒЫ-ҚАСІРЕТ ШЕГІП ЖАТҚАНЫМЫЗҒА ҚАЛАЙ ҚАРАЙДЫ?

Майра: Саламатсыз ба, Салтанат!? Сізбен кездескеніме қуаныштымын.

Салтанат: Мен де.

Майра: Өткен жолы Құдай біздің қайғы-қасірет шегіп жатқанымызға қалай қарайтыны жайлы сөйлескен едік қой *. Бұл сұрақ сізді ұзақ уақыттан бері, әсіресе анаңыз жол апатына ұшырап, денсаулығына зақым келгеннен бері қатты мазалағанын айтқан едіңіз ғой. Айтпақшы, анаңыздың хал-жағдайы қалай?

Салтанат: Кейде денсаулығы сыр беріп тұрады. Бірақ бүгін жағдайы жақсы.

Майра: Жақсы болған екен. Мұндай қиын жағдайда еңсеңізді түсірмеу оңай болмаған шығар.

Салтанат: Иә, кейде анам тағы қанша уақыт қиналар екен деп ойлаймын.

Майра: Жақынымыздың қиналғаны жанымызға бататыны рас. Есіңізде болса, өткен жолы Құдай қайғы-қасіретті жоюға құдіреті болса да, неге бұған жол беріп отыр деген сұрақты талқылауға келіскен едік қой.

Салтанат: Иә, есімде.

Майра: Бұл сұраққа қатысты Киелі кітапта не делінгенін қарастырмас бұрын, өткен жолы талқылаған бірнеше ойды қайталап кетейік.

Салтанат: Жарайды.

Майра: Біз ежелде Құдайдың бір адал қызметшісін неге Құдай қайғы-қасіретке жол беріп отыр деген сұрақ мазалағанын қарастырдық. Алайда Құдай оны осындай сұрақ қойғаны үшін жазғырмады немесе “сенің сенімің аз” деп айтпады.

Салтанат: Бұл мен үшін жаңа ой болған еді.

Майра: Сондай-ақ біз Ехоба Құдай біздің қайғы-қасірет шеккенімізді қаламайтынын білдік. Мысалы, Киелі кітапта Құдайдың халқы азап шеккенде, оның да халқымен “бірге азап шеккені” жайлы жазылған *. Құдайдың бізге жаны ашитынын білгеніміз жанымызға жылу береді емес пе?!

Салтанат: Иә, келісемін.

Майра: Соңында біз Құдай құдіретті күштің иесі болғандықтан, кез келген уақытта адамзаттың ісіне араласып, қайғы-қасіретті жоя алады деген тұжырымға келдік.

Салтанат: Бірақ менің түсінбейтінім де осы. Құдайдың қайғы-қасіретті жоюға құдіреті болса, неге бұған жол беруде?

КІМНІҢ АЙТҚАНЫ ШЫНДЫҚ ЕДІ?

Майра: Сұрағыңызға жауап алу үшін Киелі кітаптың Жаратылыстың басталуы деп аталатын алғашқы кітабына назар аударайықшы. Сіз Адам ата мен Хауа ана және жеуге тыйым салынған жеміс туралы естігенсіз бе?

Салтанат: Иә, бұл жайлы естігенім бар. Құдай оларға бір ағаштың жемісін жеуге тыйым салған болатын, алайда олар өз дегендерін істеп, одан жеді.

Майра: Дұрыс айтасыз. Ал қазір Адам ата мен Хауа ана күнә жасамай тұрып болған оқиғаларға назар аударайықшы. Бұл оқиғалар “Неліктен біз қайғы-қасірет шегеміз?” деген сұрақпен тікелей байланысты. Жаратылыстың басталуы кітабының 3-тарауының 1—5 тармақтарын оқып жібересіз бе?

Салтанат: Жарайды. “Құдай Ие жаратқан жабайы хайуанаттардың ішіндегі ең қуы жылан еді. Жылан әйелге сұрақ қойып: — Құдай сендерге бақтағы ешбір ағаштың жемісін жемеңдер деп шынымен айтты ма?— деді. Әйел жыланға: — Жоқ, бізге бақтағы ағаштардың жемісін жеуге болады. Бірақ Құдай бақтың ортасында тұрған ағаштың жемісі жайлы: “Одан жемеңдер, әрі оған тиіспеңдер, әйтпесе өлесіңдер!” деген,— деп жауап берді. Сонда жылан әйелге: — Жоқ, тіпті де олай емес, өлмейсіңдер! Қайта, Құдай сендер осы жемісті жеген кезде көздеріңнің ашылатынын жақсы біледі. Сонда сендер ненің жақсы, ненің жаман екенін айыра алып, Құдай сияқты боласыңдар!— деді”.

Майра: Рақмет. Осы сөздерді қарастырып көрейікші. Алдымен, Хауа анаға жыланның сөйлегеніне назар аударыңызшы. Киелі кітаптың басқа бір кітабына сай, әйелге жылан арқылы сөйлеген шын мәнінде Шайтан Ібіліс болған *. Шайтан Хауа анадан тыйым салынған ағашқа қатысты Құдайдың қандай нұсқау бергенін сұрады. Адам мен Хауа әлгі жемісті жейтін болса, қандай жаза алатындарына қатысты Құдайдың не дегені есіңізде ме?

Салтанат: Олардың өлетіндерін айтты.

Майра: Дұрыс айтасыз. Ал Шайтан: “Тіпті де олай емес, өлмейсіңдер!”— деуімен Құдайға жала жапты. Ол Құдайды өтірікші етіп көрсетті!

Салтанат: Бұл туралы ешқашан естімеппін.

Майра: Шайтан Құдайды өтірікші етіп көрсетуімен шешілуі біраз уақытты талап ететін даулы мәселені көтерді. Қалай ойлайсыз, не үшін?

Салтанат: Бұл жағын білмедім.

Майра: Мұны мынадай мысалмен түсіндіріп көрейін. Бір күні мен сізге келіп, өзімнің сізге қарағанда күштірек екенімді айттым делік. Менің қателесіп тұрғанымды қалай дәлелдер едіңіз?

Салтанат: Мұны сынап көруді ұсынар едім.

Майра: Иә, дәл солай. Мысалы, біз бір ауыр затты алып, қайсысымыз соны көтере алатынымызды сынап көрер едік. Шынында да, кімнің күшті екенін анықтау қиын емес.

Салтанат: Иә, сізбен келісемін.

Майра: Ал егер мен сізге қарағанда күштірекпін деудің орнына, сізді өтірікші деп айтсам ше? Бұны анықтау әлдеқайда қиын болар еді, солай емес пе?

Салтанат: Иә, бұл шынында да солай.

Майра: Оның үстіне, адамның шыншыл екенін жай күш сынасу арқылы білу мүмкін емес.

Салтанат: Рас.

Майра: Иә, мұны шешудің жалғыз жолы — басқалар сіздің шынында да шыншыл адам екеніңізді анықтай алу үшін біраз уақыттың өтуіне жол беру.

Салтанат: Солай еткен дұрыс болады деп ойлаймын.

Майра: Жаратылыстың басталуы кітабына тағы да назар аударайықшы. Шайтан Құдайға қарағанда күштірек екенін айтты ма?

Салтанат: Жоқ.

Майра: Егер солай дегенде, Құдай мұның олай емес екенін бірден-ақ дәлелдер еді. Бірақ Шайтан Құдайды өтірікші деп жар салған. Сайып келгенде, ол Хауа анаға “Құдай сендерге өтірік айтты, ал мен шындықты айтып тұрмын” дегендей болды.

Салтанат: Қызық екен.

Майра: Сонда Құдай даналықпен әрекет етіп, бұл мәселені шешудің ең дұрыс жолы уақыттың өтуіне жол беру деп тапты. Осылайша кімнің айтқаны шындық, ал кімдікі өтірік болғаны тек соңында анықталар еді.

МАҢЫЗЫ ЗОР МӘСЕЛЕ

Салтанат: Бірақ Хауа ана өлгенде, Құдайдың шындықты айтқаны дәлелденді емес пе?

Майра: Қандай да бір шамада бұл солай болды. Бірақ Шайтан бұдан да зор мәселені көтерген еді. 5-тармаққа тағы да көңіл бөлейікші. Шайтан Хауа анаға не деген еді?

Салтанат: Ол жемісті жесе, көзі ашылатынын айтты.

Майра: Иә. Сондай-ақ оның “ненің жақсы, ненің жаман екенін айыра алып, Құдай сияқты болатынын” айтты. Осылайша Шайтан Құдай адамдардан бір жақсы нәрсені жасырып отыр дегенге меңзеді.

Салтанат: Түсінікті.

Майра: Бұл да маңызы зор мәселе еді.

Салтанат: Неліктен?

Майра: Шайтан Хауа ана және барлық адамдар Құдайдың басшылығынсыз-ақ жақсы өмір сүреді дегенге меңзеді. Бұл жағдайда да Ехоба Құдай мәселені шешудің ең жақсы жолы Шайтанға өз дегенін дәлелдеуге мүмкіндік беру екенін білді. Сондықтан Құдай Шайтанға дүниені біраз уақыт бойы билеуге жол берді. Бұл неліктен дүниеде қайғы-қасіреттің көп екенін түсінуге көмектеседі. Себебі дүниені билеп отырған — Құдай емес, Шайтан *. Бірақ біз үшін жақсы хабар бар.

Салтанат: Қандай хабар?

Майра: Киелі кітап Құдай туралы екі керемет шындыққа үйретеді. Біріншісі, біз жапа шеккенде, Ехоба Құдай қамымызды ойлайды. Забур 30:8-де жазылған Дәуіт патшаның сөздеріне назар аударайықшы. Дәуіт өз өмірінде көп қиындықты басынан өткерген, десе де Құдайға арнаған дұғасында оның не дегеніне көңіл бөлейікші. Осы тармақты оқып жібересіз бе?

Салтанат: Жарайды. “Қуанып, шаттанамын рақымыңа Сенің, Сен байқадың мүшкіл халімді менің, Жанымның азабына көңіліңді бөлдің”.

Майра: Дәуіт патша көп қиындыққа кезіксе де, Ехоба Құдай оның нені бастан өткеріп жатқанын білгені оған жұбаныш берген. Ехобаның біздің де барлық қиындықтарымызды, тіпті өзгелер түсіне бермейтін эмоциялық қиындықтарымызды білетіні бізге де жұбаныш береді емес пе?

Салтанат: Иә, солай.

Майра: Киелі кітаптан білетін екінші керемет шындық — Құдай біздің мәңгі бақи қайғы-қасірет шегуімізге жол бермейді. Киелі кітапта айтылғандай, ол жуырда Шайтанның зұлым билігін тоқтатады. Сондай-ақ дүниеде орын алып жатқан барлық қайғы-қасіретті, анаңыз бен сіздің де қиналуыңызға себеп болып отырған жайттарды да, толықтай жояды. Келесі аптада сізге келіп, неліктен Құдайдың жуырда барлық қайғы-қасіретті жоятынына сенімді бола алатынымыз туралы айтып берсем, қалай қарайсыз? *

Салтанат: Жақсы болар еді, келіңіз.

Сізді Киелі кітаптағы қандай да бір тақырып қызықтыра ма? Ехоба куәгерлерінің ілімдері немесе іс-шаралары жайлы білгіңіз келе ме? Онда келесі жолы Ехоба куәгерлерінің бірін кездестіргенде, бұл туралы қысылмай сұраңыз. Ол сіздің сұрақтарыңызға қуана-қуана жауап береді.

^ 7-абзац Осы журналдың 2013 жылдың 1 шілде айындағы санында жарық көрген “Киелі кітапқа негіздеп әңгімелесу” айдарының “Құдай біздің қайғы-қасірет шегіп жатқанымызға қалай қарайды?” деген мақаласын оқып көріңіз. Бұл журналды www.dan124.com сайтынан табуға болады.

^ 61-абзац Көбірек мәлімет алу үшін Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 9-тарауын қараңыз. Бұл кітапты www.dan124.com сайтынан табуға болады.