Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ХVI ғасырда шындықты іздеген үш адам. Олар қандай нәтижеге қол жеткізді?

ХVI ғасырда шындықты іздеген үш адам. Олар қандай нәтижеге қол жеткізді?

“ШЫНДЫҚ деген не?” Бұл бірінші ғасырда Яһудея аймағына Рим тағайындаған басқарушы Понти Пилаттың Исаға тергеу кезінде қойған сұрағы болатын (Жохан 18:38). Негізінде, Пилат шындықты іздемеген. Өйткені оның сұрағының астарында күмән мен сыни көзқарастың болғаны байқалады. Бәлкім, Пилат шындықтың не екенін әр адам өзі шешеді немесе адамға дұрыс деп үйретілген нәрсе шындық болып табылады деп ойлаған шығар. Ол шындықтың түбіне жету мүмкін емес деп санаған болса керек. Бүгінде көп адам осындай көзқарасты ұстанады.

XVI ғасырда Еуропадағы шіркеуге барушылар қандай ілімдерге сенерін білмей дал болды. Өйткені Рим папасының үстемдігі мен шіркеудің ілімдеріне сеніп өскен олар сол уақытта Еуропаны жайлаған Реформацияның * алып келген жаңа идеяларымен кезікті. Енді олар не нәрсеге сенулері керек? Шындықтың қайда екенін олар қалай анықтамақ?

Сол уақыттары шындықты іздеуге бел буғандардың арасында құлшынысты үш адам болды *. Олар ненің шындық, ал ненің жалған екенін қалай анықтады? Олар қандай нәтижеге қол жеткізді? Осы сұрақтардың жауабын қарастырып көрейік.

“КИЕЛІ КІТАП... ЖЕТЕКШІ РӨЛ АТҚАРУ КЕРЕК”

Вольфганг Капитон берік діни көзқарасты ұстанған жас жігіт болатын. Медицина, заң және теология мамандығын зерттеген ол 1512 жылы діни қызметкер болған, ал кейінірек Майнз қаласының архиепископының жанында діни қызметкер ретінде қызмет еткен.

Алғашында Капитон Католик шіркеуінің ілімдерін бұрыс деп уағыздаған реформаторлардың құлшыныстарын басуға тырысқан. Алайда, көп ұзамай Капитонның өзі реформаны қолдаушылардың қатарына қосылды. Бұған не себеп болды? Тарихшы Джеймс Киттелсонның айтуынша, әртүрлі ілімдер жайлы білген Капитон “олардың айтып жүрген уағыздарының дұрыс не бұрыс екенін тек Киелі кітаптың көмегімен ғана анықтауға болатынына” сенген. Осының арқасында Капитон еске алу кешінде пайдаланатын нан мен шарап Исаның тәні мен қанына айналады деген шіркеудің ілімі және әулиелерді пір тұту Киелі жазбаларға қайшы деген тұжырымға келген (“ Олар естіген нәрселерінің растығына көздерін жеткізді” деген қоршауды қараңыз.). Ол 1523 жылы архиепископтың діни қызметкері ретіндегі беделді орнынан бас тартып, сол уақытта діни реформаның орталығына айналған Страсбург қаласына көшіп барған.

Капитонның Страсбургтегі үйінде еркін ойлаушылар жиналып, көптеген діни сұрақтар мен Киелі кітап ілімдерін талқылағандары анық. Бірақ реформаторлардың арасында әлі де үштік ілімін қолдағандардың болғанына қарамастан, “Түбегейлі  реформация” кітабына сай, Капитонның жазбаларынан оның “үштік ілімді қолдамайтыны” байқалады. Неге? Өйткені Капитонға испан теологы Мигель Серветтің үштік ілімді Киелі кітаптағы жазба орындарының көмегімен жоққа шығарғаны қатты әсер еткен *.

Үштік ілімді жоққа шығарудың арты насырға шабуы мүмкін болғандықтан, Капитон өзінің ойын ашық айтуда абай болды. Алайда Капитонның Серветті кездестірмей тұрып-ақ үштік ілімді дауға салғаны оның жазбаларынан көрінеді. Бір католик діни қызметкердің жазбаларына сай, Капитон мен оның жақтастары “өздерінің үйлерінде, шіркеудің назарына ілікпей” ең құпиялы діни ілімді талқылауды жалғастырып, қасиетті үштікке сенуден бас тартқан. Ал бір ғасырдан кейін Капитонның есімі үштік сенімге қарсы болған жазушылардың тізіміне алғашқы болып енді.

Вольфганг Капитон шіркеудің басты қателігі “Киелі жазбаларды ескермегендігінде” екенін айтқан

Капитон шындықты тек Киелі кітаптан ғана табуға болады деп сенген. Ол: “Киелі кітап пен Мәсіхтің заңдары діни ілімдерді анықтағанда жетекші рөл атқару керек”,— деген. Тарихшы Киттелсонның айтуынша, Капитон “теологтардың басты қателігі олардың Жазбаларды ескермегенінде деп жазған”.

Шындықты Құдай Сөзінен іздеуге деген ыстық ықылас Мартин Целлярийде де (Мартин Борхаус деген есіммен де белгілі) болған. Бұл жас жігіт Капитонның үйінде 1526 жылы тұрақтаған болатын.

“ШЫНАЙЫ ҚҰДАЙ ТУРАЛЫ БІЛІМ”

Мартин Целлярийдің шіркеудің ілімдерін Киелі кітаппен салыстырып жазған “Құдайдың істері” деген кітабы

1499 жылы дүниеге келген Целлярий (Мартин Борхаус деген есіммен де белгілі) теология мен философия жайлы білуге көп күш салған. Кейінірек ол Германияның Виттенберг қаласында мұғалімдік дәрежеге ие болған. Виттенберг реформаторлар жиналған орталық болғандықтан, Целлярий сол жерде Мартин Лютермен және шіркеудің ілімдерін өзгертуге тырысқан басқа да реформаторлармен танысқан. Целлярий адамдардың идеяларын Киелі кітаптағы шындықтардан қалай ажырата алған?

“Реформация ілімі” деген еңбекке сай, Целлярий тура түсінікке “Жазбаларды тыңғылықты зерттеу, жазба орындарын бір-бірімен жиі салыстырып отыру және өкінуді білдіріп дұға ету” арқылы ие болуға болады деп сенген. Ол Киелі кітапты зерттегенінің арқасында не нәрсеге қол жеткізді?

1527 жылдың шілде айында Целлярий өзінің тапқан шындықтарын “Құдайдың істері” атты кітабында басып шығарды. Ол шіркеуде еске алу кеші кезінде пайдаланатын нан мен шараптың жай ғана рәміздер екенін жазған. Профессор Робин Барнстың айтуынша, Целлярий өз кітабында “дүниежүзілік апаттың болатынына нұсқайтын пайғамбарлықтардың түсіндірмесін және сол ауыр уақыттан кейін жер бетінде жаңару мен тыныштық орнайтынын” да жазған (Петірдің 2-хаты 3:10—13).

Целлярийдің Иса Мәсіхтің кім екеніне қатысты қысқаша жазған ойлары көңіл қоюға әсіресе тұрарлық. Үштік сенімге ашық түрде қарсы шықпаса да, ол Киелі кітапта жазылған “көктегі Әке” мен “оның Ұлы Иса Мәсіхтің” бір тұлға емес, қайта, Құдайдың дәрежесінің бәрінен жоғары екенін көрсеткен және Исаның Құдіреті шексіз Құдайдың көптеген ұлдарының және құдайлардың бірі болып табылатынын жазған (Жохан 10:34, 35).

Роберт Уоллас “Үштік сенімге қарсы шыққандардың өмірбаяндары” (1850 ж.) деген кітабында Целлярийдің жазбалары XVI ғасырда үштік сенімге қатысты кең тараған көзқарасқа сай болмағанын айтқан *. Сондықтан бірнеше ғалымдар Целлярий үштік сенімге қарсы болған деп  тұжырымдайды. Ол “шынайы Құдай мен Мәсіх жайлы білімді адамдардың санасына жеткізуде” Құдайдың қолданған құралдарының бірі ретінде суреттелген.

ТУРА ІЛІМНІҢ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРАТЫНЫНА ДЕГЕН ҮМІТ

Шамамен 1527 жылы Виттенберг қаласы сол уақыттың ең ұлы ғалымдарының бірі деп есептелген Йоханнес Кампанустың да үйіне айналды. Алайда діни реформацияның ошағында жүрген Йоханнестің Мартин Лютердің үйреткендеріне көңілі толмады. Неге?

Кампанус еске алу кешінде пайдаланатын нан мен шарап Исаның тәні мен қанына айналады деген іліммен де, Лютердің нан мен шарап Мәсіхтің тәнімен және қанымен бірге жүреді деген ілімімен де келіспеген. Андрэ Сейгени есімді жазушының айтуынша, Кампанус “нан жай ғана нан болып қала береді, бірақ ол рәміз ретінде қолданылу керек. Өйткені нан Мәсіхтің тәнін бейнелейді” дегенге сенген. 1529 жылы осы сұрақтарды талқылау үшін Марбургте өткен жиналыс кезінде Кампанусқа Жазбалардан үйренгендерімен бөлісуге рұқсат етілмеген. Бұдан кейін ол Виттенбергтегі реформаторлардан алшақ жүретін болды.

“Қайта жаңғыру” атты кітабында Кампанус үштік сенімнің дұрыстығына күмән келтірген

Реформаторлардың көңілін әсіресе қалдырған жайт — Кампанустың Әкеге, Исаға және киелі рухқа қатысты сенімі еді. 1532 жылы жарық көрген “Қайта жаңғыру” атты кітабында Кампанус Иса мен Әкенің екі түрлі тұлға екенін түсіндірген. Әке мен Ұлы “бір” болып есептелетінін күйеу мен әйелдің “біртұтас” екендігімен түсіндіруге болады. Олар “біртұтас” болса да, екеуі екі бөлек адам (Жохан 10:30; Матай 19:5). Кампанус Жазбалардың өзінде Әкенің билігі Ұлына да жүретінін түсіндіретін мысалдың бар екеніне назар аударған. Жазбаларда “әйелдің басы — еркек, ал Мәсіхтің басы — Құдай” екені айтылған (Қорынттықтарға 1-хат 11:3).

Ал киелі рух жайлы не деуге болады? Кампанус бұл жолы да Киелі кітапқа жүгініп: “Бірде-бір жазба орнында киелі рухтың үшінші тұлға екендігі айтылмаған”,— деп жазған. Кампанус Құдай рухының әрекет ететін күш мағынасында қолданылғанын және ол барлығын өзінің киелі рухы арқылы дайындап, жүзеге асырғанын түсінген (Жаратылыс 1:2).

Лютер Кампанусты Құдайға тіл тигізуші және оның Ұлының қарсыласы деп атаған. Ал басқа бір реформатор оны өлімге кесу керек деп есептеген. Десе де Кампанус қарсылықтарға қарамастан өз дегенінде берік тұрды. “Түбегейлі реформация” кітабына сәйкес, “Кампанус Құдайдың дәрежесіне қатысты елшілер ұстанған және Киелі кітапта жазылған о бастағы шындықты жоғалту шіркеудің жіберген ең үлкен қателігі екеніне сенімді болған”.

Кампанус ешқашан діни топ ұйымдастыруды көздемеген. Оның айтуынша, ол “түрлі секталар мен күпірлердің арасынан” шындықты іздеген, бірақ таба алмаған. Сондықтан ол католик шіркеуі тура ілімдерді қайта жаңғырту арқылы шынайы мәсіхшілікті қалпына келтіреді деп үміттенген. Алайда католик шіркеуінің басшылары оны қамауға алдыртқан және Кампанус 20 жылдан астам уақыт бойы түрмеде отырған болуы мүмкін. Тарихшылар Кампанус  шамамен 1575 жылы қайтыс болған деп тұжырымдайды.

“БӘРІН ТЕКСЕРІҢДЕР”

Киелі кітапты тыңғылықты зерттегендері Капитонға, Целярийге, Кампанусқа және тағы басқаларға шындықты жалған ілімдерден ажырата білуге көмектескен. Шындықты іздеген бұл үш адамның жасаған қорытындылары Киелі кітапта жазылғандарға толықтай сай келмесе де, олар кішіпейілділікпен Жазбаларды зерттеп, білген шындықтарын қазынаға балаған.

Елші Пауыл бір сенімдегі мәсіхшілерді: “Бәрін тексеріңдер, жақсысын ғана берік ұстаныңдар”,— деп шақырған (Салоникалықтарға 1-хат 5:21). Шындықты іздеп таба алуыңыз үшін Ехоба куәгерлері “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” деген лайықты атаумен кітап басып шығарған. Оны оқу үшін осы журналдың 16-бетіне қараңыз немесе jw.org деген веб-сайтымызға кіріңіз.

^ абзац 3 Реформация — 1517 жылы Рим католик шіркеуінің ілімдеріне қарсы көтерілген діни-қоғамдық қозғалыс. Соның нәтижесінде көптеген басқа діни ағымдар пайда болды.

^ абзац 4 2012 жылы 15 қаңтарда жарық көрген “Күзет мұнарасының” 7, 8-беттеріндегі мақаланың 14—17 абзацтарын қараңыз.

^ абзац 8 Ехоба куәгерлері басып шығарған “Ояныңдар!” (ор.) журналының 2006 жылы мамыр айында жарық көрген “Мигель Сервет — шындықты іздеуші” деген мақаланы қараңыз.

^ абзац 17 Целлярийдің Мәсіхке қатысты “құдай” деп қолданғаны туралы аталмыш кітапта былай делінген: “Ол жерде Құдай деп бас әріппен емес, кішкентай әріппен жазылған. Өйткені Құдай деген сөз бас әріппен тек Ең жоғарғы Құдайға қатысты ғана қолданылған”.