Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | СОҒЫСҚА ҚАТЫСТЫ ҚҰДАЙДЫҢ КӨЗҚАРАСЫ ҚАНДАЙ?

Соғысқа қатысты Құдайдың көзқарасы — ежелгі заманда

Соғысқа қатысты Құдайдың көзқарасы — ежелгі заманда

Ежелде Құдай халқы болып есептелген исраилдіктер алпауыт Мысыр елінің езгісінде болды (Мұсаның 2-жазбасы 1:13, 14). Исраил халқы қанша дұға еткенмен еш жауап болмады яки дұғаларына бірден жауап алмады. Олар Құдайдың құлдықтан азат етуін көптеген жылдар бойы күтті. Ақырында сол уақыт келіп жетті (Мұсаның 2-жазбасы 3:7—10). Киелі кітапта мысырлықтармен Құдайдың өзі шайқасқаны айтылған. Ол Мысыр еліне бірнеше жойқын жаза жіберді. Ал соңында патшаларын әскерімен қоса, Қызыл теңізге батырып, көзін құртты (Зәбүр 136:15). Осылай Ехоба * өзінің “мықты жауынгер” екенін көрсетті (Мұсаның 2-жазбасы 15:3, 4).

Мысырлықтармен Құдайдың өзі шайқасқаны оның соғыстардың бәріне бірдей қарсы емес екенін байқатады. Оның өз халқына соғысқа шығуды тапсырған кездері де болған. Мысалы, Құдай оларға қайтпай зұлымдық жасай беретін қанахандықтардың көзін құртуды бұйырған (Мұсаның 5-жазбасы 9:5; 20:17, 18). Сондай-ақ ол Исраил патшасы Дәуітті зорлықшыл філістірлермен соғысуға талпындырған. Тіпті оған жеңіске жеткізетін кеңес те берген (Самуилдің 2-жазбасы 5:17—25).

Байқағанымыздай, Құдай өз халқын және шынайы ғибадатты қорғау үшін соғыстың болуын құптаған. Бірақ мұндай соғыстардың төмендегідей үш ерекшелігі болған:

  1. СОҒЫСТЫ КІМ ЖҮРГІЗЕТІНІН ТЕК ҚҰДАЙ ШЕШКЕН. Бірде Құдай исраилдіктерге: “Бұл жолы сендерге шайқасудың қажеті болмайды”,— деген. Не себепті? Өйткені олар үшін өзі соғыспақ еді (Шежірелер 2-жазба 20:17; 32:7, 8). Мақаланың басында айтылған оқиғаны қоса алғанда, Құдай көп жағдайда осылай еткен. Ал өзге бір жағдайларда, мысалы Уәде етілген жерді жаулап алу не қорғау үшін, ол халқына соғысуды бұйырған (Мұсаның 5-жазбасы 7:1, 2; Ешуа 10:40).

  2. МҰНДАЙ СОҒЫСТАРДЫҢ ҚАШАН БОЛАТЫНЫН ТЕК ҚҰДАЙ ШЕШКЕН. Исраилдіктер өздеріне озбырлық көрсетіп, зұлымдық жасап жатқандармен соғысу үшін, белгіленген уақытты шыдаммен күтулері керек болған. Оларға өз бетінше соғыс бастауға болмайтын. Ал солай ететін болса, Құдайдың ықыласынан айырылып қалатын. Киелі жазбаларда исраилдіктердің Құдайдың құптауынсыз соғысқа шығып, опат болғаны туралы біраз оқиғалар бар *.

  3. Қанахандықтармен соғысқанда, Құдай Рахаб пен оның отбасы сияқты кейбір адамдарды аман алып қалған

    ҚҰДАЙ ТІПТІ ЗҰЛЫМДАРДЫҢ ДА ӨЛГЕНІНЕ ҚУАНБАЙДЫ. Бүкіл адамзатты жаратқан Ехоба Құдай — өмірдің Қайнар көзі (Зәбүр 36:9). Сондықтан ол адамдардың өлгенін қаламайды. Бірақ, бір өкініштісі — басқаларға зорлық көрсетіп, тіпті өлтіргісі келетін адамдар бар (Зәбүр 37:12, 14). Сол себепті зұлымдыққа тосқауыл қою үшін, кейде Құдай соғыстарды құптаған. Әйтсе де ежелдегі исраилдіктер жүргізген соғыстарда Ехоба өзінің мейірімді, ашулануға асықпайтын Құдай екенін көрсетіп отырған (Зәбүр 86:15). Мысалы, ол исраилдіктерге: “Қаланы жауламақ болып келгенде, алдымен оның тұрғындарына соғыссыз берілуді ұсыныңдар”,— деп бұйырған. Осылай қала тұрғындарына зұлым істерін тастап, аман қалуға мүмкіндік берген (Мұсаның 5-жазбасы 20:10—13). Жаратушының мейірімділігін мына сөздерінен де көреміз: “Мен зұлым адамның өлгеніне қуанбаймын, қайта, теріс жолдан қайтып, өмір сүргеніне қуанамын” (Езекиел 33:11, 14—16) *.

Өзіміз көргендей, ежелде Құдай соғыстарды озбырлық пен зұлымдықтың түбіне балта шабудың дұрыс жолы деп қарастырған. Бірақ қашан және кім соғысу керектігін адамдар емес, Құдай шешкен. Десе де Құдайды қанішер деуге негіз жоқ. Керісінше, ол жауыздықты жек көреді (Зәбүр 11:5). Ал дүниеге Иса пайғамбар келгенде, Құдайдың соғысқа деген көзқарасы өзгерді ме?

^ 3-абзац Ехоба — Киелі кітапта жазылған Құдай есімі.

^ 7-абзац Мысалы, бірде исраилдіктер Құдайдың тыйым салғанына қарамай, амалектіктер мен қанахандықтарға қарсы соғысқа шығып, ойсырай жеңілген (Мұсаның 4-жазбасы 14:41—45). Ал біраз жылдардан кейін Құдайға адал болған Жосия патша өз бетінше соғысқанының кесірінен өмірімен қош айтысқан (Шежірелер 2-жазба 35:20—24).

^ 8-абзац Исраилдіктер қанахандықтарға бейбіт бітім жасасуды ұсынбаған. Өйткені зұлымдық жолынан қайту үшін оларға 400 жыл берілген еді. Құдай исраилдіктерді соғысуға жібергенде, қанахандықтардың зұлымдығы әбден шектен шыққан болатын (Мұсаның 1-жазбасы 15:13—16). Сондықтан олардың көзін құрту керек еді. Сөйтсе де зұлымдық жасауды қойғандықтан аман қалған қанахандықтар да болды (Ешуа 6:25; 9:3—27).