Патшалар 1-жазба 21:1—29

  • Ахабтың Набутайдың жүзімдігін көксеуі (1—4)

  • Езабелдің айламен Набутайды өлтіртуі (5—16)

  • Ілиястың Ахабқа әкелген хабары (17—26)

  • Ахабтың кішіреюі (27—29)

21  Бұдан кейін Набутай деген езрехелдік кісінің жүзімдігіне қатысты бір оқиға болды. Оның жүзімдігі Езрехелде+, Самария патшасы Ахабтың сарайының жанында еді.  Бірде Ахаб оған: “Жүзімдігің менің сарайыма жақын ғой, оны маған бере сал. Мен ол жерге көкөніс егемін. Ал орнына саған одан да жақсы жүзімдік берейін не құнын ақшалай төлейін”,— деп ұсынды.  Бірақ Набутай: “Ата-бабамның мұралы иелігін сізге бере алмаймын, Ехоба мұндайға тыйым салған ғой!”+— деп жауап берді.  Ахаб оның “ата-бабамның мұралы иелігін бермеймін” деген сөзіне көңілі түсіп, үйіне түнеріп келді де, теріс қарап жатып алды, тамақ та ішпей қойды.  Оған әйелі Езабел патшайым+ келіп: “Неге көңілің түсіңкі, неге тамақ ішпейсің?”— деп сұрады.  Ахаб: “Мен езрехелдік Набутайға “жүзімдігіңді маған сат, я болмаса орнына басқа жүзімдік берейін” деп едім, ол бермей қойды”,— деп жауап берді.  Сонда әйелі Езабел: “Сен Исраилдің патшасы емессің бе?! Тұр да, тамақ жеп, көңіл көтер. Езрехелдік Набутайдың жүзімдігін өзім-ақ алып беремін”,— деді+.  Бұдан кейін Ахабтың атынан бірнеше хат жазып, оның мөрімен бекітті де+, Набутай тұратын қаладағы ақсақалдар+ мен беделді адамдарға жіберді.  Хаттарында былай деп жазды: “Ораза күнін жариялап, жиналыңдар да, Набутайды төрге отырғызыңдар! 10  Ал оның алдына екі оңбаған адам отырсын. Олар Набутайды “Сен Құдай мен патшаға тіл тигіздің!”+ деп айыптасын+. Сосын оны сыртқа шығарып, таспен атқылап өлтіріңдер+”. 11  Содан Набутай тұратын қаланың кісілері — ақсақалдар мен беделді адамдар — Езабелдің хаттарында жазғандарын бұлжытпай орындады. 12  Олар ораза күнін жариялап, жиналды да, Набутайды төрге отырғызды. 13  Екі оңбаған адам келіп, оның қарсы алдына отырды да, жұрттың алдында: “Набутай Құдай мен патшаға тіл тигізді!”— деп, оны айыптай бастады+. Сонда жұрт Набутайды қаланың сыртына шығарып, таспен атқылап өлтірді+. 14  Бұдан кейін Езабелге “Набутай таспен атқыланып өлтірілді” деген хабар жіберді+. 15  Езабел Набутайдың осылай өлгенін ести сала, Ахабқа: “Барып, езрехелдік Набутайдың саған сатпай қойған жүзімдігін иемдене бер+, өйткені ол енді жоқ, өліп қалды”,— деді. 16  Мұны естіген Ахаб орнынан тұрып, езрехелдік Набутайдың жүзімдігін иемденбек болып, сол жерге қарай ылдилады. 17  Осы екі арада тишбелік Ілиясқа Ехоба сөзін+ арнап былай деді: 18  “Тұр да, Самариядағы Исраил патшасы Ахабқа+ жолық. Ол қазір Набутайдың жүзімдігін иемдену үшін сол жерге барды. 19  Оған мынаны айт: —Ехоба былай дейді: “Кісі өлтіргеніңмен қоймай+, енді оның меншігін иемденгің келе ме+?” Оған тағы мынаны айт: —Ехоба былай дейді: “Иттер Набутайдың қанын жалаған жерде сенің де қаныңды жалайды!”+ 20  Ахаб Ілиясты көргенде: “Мені таптың ба, қас жауым?!”— деді+. Ілияс оған: “Иә, таптым!”— деді. Сосын Құдайдың келесі сөзін жеткізді: “Ехобаға ұнамайтынды істеуде сен алдыңа жан салмайсың+. 21  Сондықтан мен сені пәлеге ұшыратып, түптамырыңмен жоямын. Әулетіңде бірде-бір еркек кіндіктіні, тіпті Исраилдегі ең бейшарасы мен әлсізін де қалдырмаймын+. 22  Менің қаһарымды оятып, Исраилді күнәға батырғаның үшін, Набат ұлы Еробоғам мен Ахия ұлы Бағасаның үй ішіне істегенімді саған да істеймін+”. 23  Ал Езабел туралы Ехоба былай дейді: “Ол Езрехелде иттерге жем болады+. 24  Ахабтың әулетіне жататындардың қалада өлгендері итке, ал далада өлгендері құсқа жем болады+. 25  Бұған дейін алдына жан салмай Ехобаға ұнамайтынды істеген Ахаб сияқты ешкім болмаған еді+. Оған әйелі Езабел түрткі салып отырды+. 26  Ахаб жеркенішті пұттарға табынып, барып тұрған жексұрындық жасады. Осылай кезінде Ехоба исраилдіктердің алдынан қуып жіберген+ аморлықтардың істегенін істеді”. 27  Мұны естісімен, Ахаб киімінің өңірін айырып, үстіне азалы киім* киіп алды. Ол ораза тұтып, ұнжырғасы түсіп жүрді, жатқанда да азалы киімін шешпеді. 28  Сонда тишбелік Ілиясқа Ехоба сөзін арнап: 29  “Менің алдымда Ахабтың қалай кішірейгенін көрдің бе+? Осылай кішірейгені үшін, оның әулетін өзінің емес, ұлының тұсында пәлеге ұшыратамын+”,— деді.

Сілтемелер