Әйүп 1:1—22

  • Әйүптің мінсіздігі және әл-ауқаты (1—5)

  • Әйүптің ниетіне Шайтанның шек келтіруі (6—12)

  • Әйүптің мал-мүлкі мен балаларынан айырылуы (13—19)

  • Әйүп Құдайды жазғырмады (20—22)

1  Ұз жерінде Әйүп*+ есімді бір кісі өмір сүрді. Ол әділ де мінсіз+, Құдайдан қорқып, жамандықтан аулақ жүретін адам еді+.  Оның жеті ұлы, үш қызы болды.  Әйүптің 7000 қойы, 3000 түйесі, 1000 бас ірі қарасы мен 500 есегі, сондай-ақ көп қызметшісі бар еді. Сондықтан ол Шығыстағы ең беделді адамға айналды.  Оның ұлдары өз кезегі келген күні үйлерінде қонақасы беріп, үш қарындасын* шақырып, бәрі бірге ішіп-жейтін.  Қонақасы кезеңі біткенде, Әйүп оларға Құдай алдында тазарыңдар деген хабар жіберетін. Ал өзі ерте тұрып, әр баласы үшін Құдайға құрбандық шалып, өртеп жіберетін+. Өйткені ол: “Балаларым күнә жасап қойған шығар, я болмаса іштей Құдайға тіл тигізген болар”,— дейтін. Әйүп ылғи осылай ететін+.  Бірде белгіленген күні Құдай ұлдары*+ Ехобаның* алдына жиналды+. Олардың арасында Шайтан+ да болды+.  Ехоба одан: “Сен қайдан келдің?”— деп сұрады. Шайтан Ехобаға: “Мен жер бетін кезіп, түгел шарлап келдім”,— деп жауап қатты+.  Сонда Ехоба: “Қызметшім Әйүпке назар аудардың ба? Жер бетінде ол сияқты әділ де мінсіз+, Құдайдан қорқып, жамандықтан аулақ жүретін адам жоқ”,— деді.  Шайтан Ехобаға былай деп жауап берді: “Әйүп Құдайдан тегіннен-тегін қорқады дейсің бе+?! 10  Оның өзін де, үй іші мен бүкіл меншігін де жан-жақтан қорғап жүрген өзің емессің бе+?! Сен оның барлық ісін жарылқап отырсың+. Содан малы көбейіп, шартарапқа жайылуда. 11  Бірақ қолыңды созып, онда бардың бәрін алып қойшы, ол көз алдыңда саған лағынет айтпас па екен?!” 12  Бұған Ехоба: “Міне, онда бардың бәрі сенің қолыңда. Тек оның өзіне тиіспе!”— деді. Бұдан кейін Шайтан Ехобаның алдынан кетіп қалды+. 13  Бірде Әйүптің ұл-қыздары ең үлкен ағаларының үйінде тамақ жеп, шарап ішіп отырды+. 14  Сол кезде Әйүпке бір шабарман мынадай хабар әкелді: “Өгіздер жер жыртып, есектер маңында жайылып жүрген еді. 15  Кенет, шебалықтар тап беріп, малыңызды айдап әкетті, ал қызметшілеріңізді семсермен қырып тастады. Мен ғана аман қалып, сізге хабар әкелдім”. 16  Ол сөзін аяқтамай жатып, тағы біреуі келді де: “Аспаннан Құдайдың оты* түсіп, қойларыңыз бен қойшыларыңызды жалмап қойды. Мен ғана аман қалып, сізге хабар әкелдім”,— деді. 17  Ол аузын жиып үлгермей жатып, өзге бір шабарман келіп: “Халдейлер+ үш топ құрып, түйелерге лап қойып, айдап әкетті, ал түйешілеріңізді семсермен қырып салды. Мен ғана аман қалып, сізге хабар әкелдім”,— деді. 18  Ол әлі сөйлеп тұрғанда, тағы біреуі келіп, мынаны айтты: “Ұл-қыздарыңыз ең үлкен ағаларының үйінде тамақ жеп, шарап ішіп отыр еді. 19  Кенет шөл даладан қатты жел тұрып, үйдің төрт бұрышынан соққылады. Үй құлап, ішіндегі балаларыңызды басып қалып, мерт қылды. Мен ғана аман қалып, сізге хабар әкелдім”. 20  Сонда Әйүп орнынан тұрып, киімінің өңірін айырып жіберді, шашын да қырқып тастады. Сосын жерге жығылып, 21  былай деді: “Ана құрсағынан жалаңаш шықтым,Жалаңаш қайта ораламын+. Ехоба өзі берді+, Ехоба өзі алды. Ехобаның есімі мадақтала берсін!” 22  Әйүп осыншама қасіретке қалса да, күнә жасамады, Құдайды да жазғырмады.

Сілтемелер

Мағынасы “өшпенділік нысанасы” болса керек.
Немесе “үш әпкесін”. Мұндағы еврей сөзі әпкені де, қарындасты да білдіруі мүмкін.
“Құдай ұлдары” деген еврей тіліндегі тіркес періштелерге нұсқайды.
Бұл — Құдайдың есімі. Түсіндірмені қараңыз.
Мүмкін: “найзағай”.