Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

САДАҚАЛАРЫҢЫЗ ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?

Жаһандық індет кезіндегі жаһандық көмек

Жаһандық індет кезіндегі жаһандық көмек

1 ШІЛДЕ, 2021

 2020 жылы наурыз айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19-ды пандемия деп хабарлағаннан кейін, бұл індет бір жылдан көп уақыт осылай үдеп тұрады деп кім ойлаған? Миллиондаған адам, соның ішінде кейбір Ехоба куәгері де денсаулық жағынан, эмоциялық және қаржы жағынан зардап шекті. Осындай қиын шақта Ехоба куәгерлері бір-біріне қалай көмектесті?

Мұқтаждарға көмек

 COVID-19 пандемиясы кезінде Басқарушы кеңестің Үйлестірушілер комитетінің басшылығымен жержүзі бойынша 950-ден астам Төтенше жағдайлар комитеті (ТЖК) құрылды. Кейбір жағдайларда Ехоба куәгерлеріне жергілікті ТЖК көмектессе, басқа жағдайларда олар мемлекет тарапынан көмек көрді. ТЖК кең көлемде де гуманитарлық көмек ұйымдастырды.

 Мысалы, Парагвайда болған жағдайды алайық. Бір газеттің мәлімдеуінше, пандемияның экономикаға қатты соққы бергені сонша — парагвайлықтардың басым бөлігі өз үйлерінде аш отырды. Бірақ Парагвайдағы ТЖК көмек көрсетуді әлдеқашан бастап қойған еді. Олар екі аптаға жететін 4 адамға арналған гуманитарлық жәшіктер дайындады. Оның ішінде жеткілікті тамақ, тазалық пен жеке бастың гигиенасына арналған заттар болды. Әр жәшікке салынған заттардың құны шамамен 30 долларды құрайды.

 Көмек көрсетушілер өздерін және басқаларды COVID-19 инфекциясынан қалай қорғайды? Олар бетперде тағып, арақашықтық сақтайды. Сондай-ақ бауырластар азық-түлік жеткізетін компаниялардың санитарлық талаптар мен сақтық шараларды қатаң ұстануын қадағалап отырады. Гуманитарлық жәшіктерді қолмен ұстайтындардың бәріне де нұсқаулықтар берілді. Олар жеке қорғаныш заттарын киіп, көліктерін таза ұстап, дезинфекциялау керек және жәшіктерді таза жерде сақтау қажет. Жәшік өз иелеріне жеткізген кезде, бауырластар оларға жақындамай, арақашықтық сақтайды.

Садақаны ақылмен жұмсау

 2021 жылдың қаңтар айына дейін Үйлестірушілер комитеті гуманитарлық көмекке 25 миллионнан көп доллар жұмсауды мақұлдады. Осы садақаны мұқияттылықпен жұмсау үшін және қажетті заттарды тиімді бағада алу үшін көп тер төкті. Мысалы, Чилиде гуманитарлық көмек ұйымдастырған бауырластар 750 килограмм жасымық алғысы келген. Бірақ оның бағасы бір-ақ айдың ішінде екі есеге қымбаттап кеткен! Бауырластар қымбатқа болса да, жасымықты алуға келіседі. Екі сағаттан кейін сатушы оларға хабарласып, біреулер тапсырыстан бас тартып, сатып алған жасымықтарын қайтарып бергенін айтады. Сөйтіп, сатушы осы жасымықты бауырластарға бұрынғы бағасымен беремін деп шешеді!

 Алайда бауырластар жасымықты алып кетуге барғанда, әлгі сатушы келісімшартты бұзғысы келеді. Ол бауырластарға: “Сендер де басқа ұйымдар сияқты мұқтаждарға дұрыс үлестірмейсіңдер”,— деп айып тағады. Сол кезде бір ер бауырлас іштей дұға етіп, сатушыға кімнің шын мұқтаж екенін анықтау үшін барлық қауымдардан сұрастырып қойғанын айтты. Сондай-ақ бауырластар гуманитарлық көмек алушылардың мәдениеттері ескеріліп, оларға тек жейтін тамақтарын ғана беретінін айтты. Ақырында, олар Ехоба куәгерлерінің садақалары мен атқарылатын ісі — бәрі ерікті түрде екеніне сендірді. Сатушы бұны естіп, қатты таңғалды. Сатушы жасымықты ескі бағамен беріп қана қоймай, бауырластар келесі тапсырыс берген кезде 400 килограмм жасымықты тегін сыйлады.

“Шын сүйетінінің белгісі”

 Жесір қалған Лусу деген қарт бауырлас Либерияда қызымен, күйеубаласымен және үш немересімен тұрады. Олар таңғы ас кезінде күнделікті тармақты қарастырып жатады. Сонда 7 жасар немересі үйде тамақ қалмағанын көріп: “Біз енді не жейміз?”— деп сұрайды. Әжесі Ехобаға осы жайлы дұға айтқанын және ол міндетті түрде көмектесетінін айтады. Дәл сол күні түстен кейін Лусу бауырласқа ақсақалдар хабарласып, көмек ретінде беріп жатқан тамақты алып кетуді сұрайды. Лусу былай дейді: “Енді немерем Ехоба дұғаларды естіп, оларға жауап беретінін білетін болды”.

Гуманитарлық жәшіктер үшін Конго Демократиялық Республикасындағы балалардың алғыс ретінде салған суреттері

 Конго Демократиялық Республикасында бір әйел Ехоба куәгерлерінің отбасымен көрші тұрады екен. Оларға діндестері гуманитарлық көмек ретінде тамақ әкеліп бергенін көріп, ол былай деді: “Осыдан пандемия бітсін, мен Ехоба куәгері боламын. Өйткені олар осындай қиын шақта бір-бірін тастамай, қамын ойлайды екен”. Сонда оның күйеуі: “Бір қап күрішке бола Ехоба куәгері болмақсың ба?” — деп сұрады. Ол былай деп жауап берді: “Әрине, жоқ. Бірақ сол бір қап күріш олардың бір-бірін шын сүйетінінің белгісі ғой?!”

 Ехоба куәгерлері пандемия кезінде өз бауырластарына тез көмекке келе алды. Әрине, бұның бәрі сіздердің жомарттықпен беріп жатқан садақаларыңыздың арқасында. Сіздерге donate.dan124.com сайты арқылы беріп жатқан садақаларыңыз үшін мың алғыс!