Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

САДАҚАЛАРЫҢЫЗ ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?

Эфирде аймақтық конгресс!

Эфирде аймақтық конгресс!

1 ТАМЫЗ, 2021

 2020 жылғы аймақтық конгресс елеулі конгресс болды! Тарихта бірінші рет конгресс бағдарламасы алдын ала жазылып, оны дүниежүзі бойынша интернет арқылы көру мүмкін болды. Бірақ Малави мен Мозамбиктегі бауырластардың көбісі конгресс бағдарламасын интернетсіз-ақ тамашалады. Қалайша?

 Малави мен Мозамбик үшін бөлек жағдай жасалды. Басқарушы кеңестің Үйлестірушілер комитеті мен Білім беру комитетінің мақұлдауымен конгресс бағдарламасы сол елдерге теледидар және радио арқылы трансляцияланатын болды. Себебі Малави — әлем бойынша интернеті ең қымбат елдердің бірі. Сондықтан Куәгерлердің басым бөлігінде интернет жоқ. Малавидегі филиал комитетінің мүшесі Уильям Чумби: “Радио мен теледидар бауырластарға конгресті жеткізудің жалғыз жолы болды”,— дейді. Сол комитетте қызмет ететін Лука Сибеко болса былай дейді: “Теледидар мен радио болмағанда, конгресс бағдарламасын бауырластардың көпшілігі тамашалай алмас еді”. Мозамбикте де жағдай мәз емес. Бауырластардың көпшілігінде интернет түгілі конгресс көруге жарайтын құрылғы да жоқ.

Атқарылған іс-шаралар

 COVID-19 пандемиясының салдарынан қауым кездесулері бұған дейін де теле-радиостанциялар арқылы трансляцияланып жүрген a. Бауырластарымыз сол станциялармен байланысып, конгресс үшін тағы қосымша эфир уақытын сұрады.

 Бірақ Малавиде бұл орайда қиындық туды. Әдетте станцияларда бір сағаттан артық эфир жүргізуге рұқсат етілмейтін. Өйткені ұзақ бағдарламалар адамдарды жалықтырып жібереді деп ойлайтын. Бірақ бауырластар біздің айналысып жүрген ісіміз қоғам үшін пайдалы екенін айтып түсіндірді. Тіпті індет кезінде де Куәгерлер дүйім жұртқа Киелі кітаптағы жұбаныш беретін хабар туралы айтып жүргенін және сол хабар адамдарға жақсы азамат болуға, отбасын бақытты етуге көмектесе алатынын айтты. Бұны естіп, станциядағылар бауырластарымызға қосымша уақыт беруге келісті.

 Малавиде конгресс бағдарламасы бір ұлттық телеарна және бір ұлттық радиоарна арқылы трансляцияланды. Бұл арналар бүкіл елге трансляция жасайтындықтан, конгресс бағдарламасын миллиондаған адам көріп-ести алатын еді. Ал Мозамбикте болса конгресс бағдарламасы 1 телестанцияның және 85 радиостанцияның эфиріне шықты.

 Осы екі елде бауырластар бас-аяғы телестанцияларға 28 227$ b, ал радиостанцияларға шамамен 20 000$ төледі. Кішкентай станциядан бастап үлкен ұлттық станцияға дейінгі радиостанциялардың бағасы 15 доллардан 2777 долларға дейін барады.

 Бауырластар садақаны тиімді қолдану үшін барларын салды. Малавидегі бауырластар станциялармен келіскен кезде, бағаларын түсіруге тырысқан. Бірде тіпті 30% жеңілдік алған. Соның арқасында 1711$ үнемделді. Ал Мозамбикте бауырластар ақшасын түп-түгел әрі уақытылы төлеп отырғандықтан, кейбір станциялар Куәгерлер үшін бағасын түсірген.

Ризашылықпен айтылған лебіздер

 Бауырластар конгресті теле-радио арқылы көріп-ести алғандарына шексіз риза. Малавидегі Патрик есімді ақсақал былай дейді: “Басқарушы кеңестегі бауырластарға пандемияның кезінде көрсеткен осындай ерекше қамқорлықтары үшін алғыс айтамыз”. Сол елде тұратын тағы Исаак деген бауырлас былай дейді: “Біздің үйде радиодан басқа ешқандай құрылғы жоқ. Конгресті радио арқылы тыңдасын деп, біз үшін арнайы шара жасаған Ехобаның ұйымына мың да бір рақмет! Осының арқасында бүкіл отбасымызбен конгрестің рақатын көрдік. Бұдан Ехоба өз халқын қатты жақсы көретінін көрдім”.

 2020 жылғы аймақтық конгресс Мозамбиктегі бір жариялаушы үшін алғашқы конгресс болды. Ол былай дейді: “Конгресс теледидардан көрсетілген кезде, Ехоба Құдіреті шексіз Құдай екеніне одан сайын көзім жетті. Ехоба тура үйімде дастарқан жайып, рухани тойындырғандай болды. Оған ешқандай пандемия тосқауыл болған жоқ. Мен Ехобаның халқының арасындағы нағыз сүйіспеншілікті де көрдім. Енді мен бұл шынайы дін екеніне толық сенімдімін”.

 Вайсон деген ақсақал былай дейді: “Пандемия кезінде қамымызды ойлап, жағдайымызды жасаған адал да ақылды құлға көп-көп рақмет айтқым келеді. Әлемнің ең кедей елдерінің бірінде тұрғандықтан, көбіміздің жағдайымыз өте төмен. Сондықтан конгрестің радио және теледидар арқылы көрсетілгені біз үшін үлкен көмек болды”.

 Үйлестірушілер комитеті мен Білім беру комитетінің мақұлдауымен бұл жолы да 2021 жылғы аймақтық конгресс кейбір елдерде теледидар және радио арқылы трансляцияланатын болды. Конгресті трансляциялауға кетіп жатқан шығындар қалай өтеледі? Дүниежүзілік ісімізге жасалып жатқан садақалардың есебінен. Олардың көбі donate.dan124.com сайты арқылы келіп түседі. Дарқан көңілмен жасап жатқан садақаларыңыз үшін мың да бір рақмет!

a Үйлестірушілер комитеті 2020 жылдың басында кейбір елдерге пандемия кезінде қауым кездесулерін теле-радио арқылы трансляциялауға рұқсат берді. Бұл шара интернет не телефон байланысы өте нашар және өте қымбат елдер үшін жасалды. Өйткені ондағы бауырластардың жергілікті қауым кездесулеріне қатысуға да, JW Stream көруге де мүмкіндіктері жоқ. Бірақ бұл шара жергілікті қауым кездесулеріне қосылуға мүмкіндігі бар елдерге арналмаған.

b Бұл мақалада тек АҚШ доллары келтірілген.