Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Әділетсіздік болмайтын заман бола ма?

Әділетсіздік болмайтын заман бола ма?

 Қазіргі таңда әділетсіздік қоғамға сіңіп кеткен. Әділетсіз сотталған екі адамның жағдайын мысалға алайық:

  •   2018 жылдың қаңтарында Құрама Штаттардың соты шамамен 38 жыл түрмеде отырған бір кісіні бостандыққа шығарды. ДНҚ дәлелдеріне сүйеніп, сот оны ақтап шықты.

  •   1994 жылдың қыркүйегінде Африкадағы үш жас жігіт әскерге барудан бас тартқандары үшін түрмеге жабылады. 2020 жылдың қыркүйегінде олардың түрмеде отырғандарына 26 жыл болды. Олардың ешқайсысына ресми түрде айып тағылмаған, тіпті сот алдында тұрып өздерін қорғауға да мүмкіндік берілмеген.

 Егер сіз әділетсіздікке кезіккен болсаңыз, онда ежелде өмір сүрген Әйүп деген кісінің сезімі сізге таныс болар. Ол былай деген: “Жан даусыммен көмекке шақырсам да, еш әділдік жоқ” (Әйүп 19:7). Шынайы әділдікке қол жеткізу орындалмайтын арман сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ Киелі кітапта шынайы әділдік орнайтын заманның келетіні уәде етілген. Сонымен қатар Киелі кітаптағы дана сөздер сізге әділетсіздікке кезіккенде, дұрыс әрекет етуге көмектеседі.

Әділетсіздіктің себебі неде?

 Әділетсіздікті Құдайдың заң-талаптарын ұстанбайтын адамдар жасайды. Киелі кітапта шынайы әділдік Құдайдан келетіні анық айтылған (Ишая 51:4). Киелі Жазбаларда “әділдік” және “турашылдық” деп аударылған сөздер бір-бірімен тығыз байланысты (Әйүп 37:23). Турашыл әрекеттерден, яғни Құдайдың нормаларына сай келетін дұрыс әрекеттерден әділдік туады. Әділетсіздік болса, күнәдан туады. Ал күнә дегеніміз — Құдайдың әділ заң талаптарын бұзу. Келесі жайттарды қарастырайық:

  •   Өзімшілдік. Өзімшілдік пен күнә бір-бірімен тығыз байланысты (Жақып 1:14, 15). Қалағанына жету үшін көп адамдар өзгелерді пайдаланып жатады. Бірақ Құдай өзгелердің игілігін бірінші орынға қойғанымызды қалайды (Қорынттықтарға 1-хат 10:24).

  •   Надандық. Кейбіреулер өздері білмей өзгелерге әділетсіздік жасап жатады. Бірақ бұл сонда да Құдайдың көз алдында күнә болып саналады (Римдіктерге 10:3). Негізі, надандықтың кесірінен тарихтағы ең сұмдық әділетсіздік орын алған: бірінші ғасырда адамдар қараңғылықтарының кесірінен Иса Мәсіхті өлтірген болатын (Елшілердің істері 3:15, 17).

  •   Адамдар орнатқан жүйелер. Негізінде саяси, коммерциялық және діни жүйелер қоғамда әділдіктің орнауына септігін тигізу керек. Бірақ шындығына келгенде олар жемқорлықтың, алалаушылықтың, ашкөздіктің, қаржылық теңсіздік пен төзбеушіліктің артында тұр. Ал бұл өз кезегінде әділетсіздікке алып келеді. Сол жүйелердегі кейбір адамдардың ниеттері түзу шығар. Бірақ егер олар Құдайдың басшылығын аттап кететін болса, істері өрге баспайды (Уағыздаушы 8:9; Еремия 10:23).

Құдай әділетсіздікке қалай қарайды?

 Ол әділетсіздікті және оны тудыратын кез келген әрекет пен көзқарасты жек көреді (Нақыл сөздер 6:16—18). Құдай Ишая пайғамбар арқылы былай деген: “Себебі мен, Ехоба a, әділдікті жақсы көремін, Ал тонаушылық пен әділетсіздікті жаным сүймейді” (Ишая 61:8).

 Құдай ежелгі исраилдіктердің әділ болғанын қалаған. Мұны оларға берген Заңынан көруге болады. Мысалы, ол билерге әділдікті бұрмалайтын пара алу сияқты істерге бармауды бұйырған (Мұсаның 5-жазбасы 16:18—20). Исраилдіктер Ехобаға мойынсұнбай, жесірлер мен кедейлерге әділетсіздікпен қарағанда, Ехоба оларды айыптаған. Ақыр соңында әділ заң талаптарын ұстанбағандары үшін Ехоба олардан бас тартты (Ишая 10:1—3).

Құдай әділетсіздіктің тамырына балта шабады

 Иса Мәсіх арқылы Құдай күнәні, яғни барлық әділетсіздіктің түп-тамырын жойып, адамзатты кемелділікке жеткізеді (Жохан 1:29; Римдіктерге 6:23). Бұған қоса ол адамзатты әділ жаңа дүниеге жеткізетін Патшалығын орнатты (Ишая 32:1; Петірдің 2-хаты 3:13). Көктегі осы Патшалық жайлы көбірек білу үшін “Құдай Патшалығы деген не?” видеосын көріңіз.

Әділ жаңа дүниеде өмір қандай болмақ?

 Жер бетінде әділдік орнағанда, барлық адамдар тыныштық пен қауіпсіздікте өмір сүреді (Ишая 32:16—18). Құдай әр адамның өмірін бірдей бағалайды. Сондықтан ешкімге әділетсіздік жасалмайды. Әділетсіздіктің кесірінен болып жатқан қайғы-қасірет пен зар еңіреу атымен болмайды. Тіпті жағымсыз естеліктеріміз бірте-бірте жоқ болады (Ишая 65:17; Аян 21:3, 4). Бұл жайлы “Құдай Патшалығы қандай игілік әкеледі?” деген мақаладан көбірек біле аласыз.

Әділетсіздік болмайтын заманға қатысты Құдайдың уәдесіне сенуге бола ма?

 Иә, сенуге болады. Киелі кітапта бүге-шігесіне дейін орындалған пайғамбарлықтар мен тарихи және ғылыми тұрғыдан тура мәліметтер жазылған. Бұған қоса Киелі кітапта жазылғандардың барлығы бір-бірімен керемет үйлеседі. Бұл онда жазылған уәделерге сенуге болатынын дәлелдейді. Көбірек білу үшін келесі мәліметтерді оқып-көріңіз:

Қазір әділетсіздікпен күресу керек пе?

 Киелі кітап заманында әділетсіздікке кезіккенде, өз құқықтарын қорғаған адамдар болған. Мысалы, елші Пауыл әділетсіз сотталған болатын, соның кесірінен ол өліп кетер еді. Ол әділетсіздікке жай ғана көне салудың орнына, заңға жүгініп, императордың сотын талап еткен (Елшілердің істері 25:8—12).

 Дегенмен де, адамдар қанша тырыспасын, олардың әділдік орнатамыз дегендері — бос әурешілік (Уағыздаушы 1:15). Бірақ көп адам Құдайдың болашаққа қатысты уәдесіне сенім артуды шешіп, соның тамаша нәтижесін көруде. Олар ішкі күйзелістерін жеңіп, әділетсіздікке кезіксе де, жан тыныштығына ие болуда.

a Ехоба деген — Құдай Тағаланың төл есімі (Зәбүр 83:18).