Мазмұнға өту

КИЕЛІ КІТАП АДАМ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ

Мен нағыз байлыққа қол жеткіздім

Мен нағыз байлыққа қол жеткіздім
  • Туған жылы: 1968

  • Елі: Құрама штаттары

  • Қысқаша мағлұмат: Байлық сұрап дұға еткен табысты менеджер

ӨМІРБАЯНЫМ

 Мен Нью-Йорк штатының Рочестер қаласында католиктер отбасында өстім. Сегіз жасымда ата-анам ажырасып кетті. Мен жұмыс күндері анаммен тұрсам, демалыс күндері әкеме баратынмын. Анам қарапайым пәтерде, ал әкем байлар шоғырланған аумақта тұратын. Анама алты баланы асырау өте қиын болды, сондықтан мен байып, отбасыма көмектесуді армандайтынмын.

 Әкем өмірде табысты болғанымды қалайтын, сондықтан қонақ үй саласындағы бір беделді оқу орнына түсуіме қам жасады. Ол жер маған қатты ұнады, Құдай менің дұғама жауап беріп жатыр деп ойладым. Өйткені мен одан бақ пен байлық сұраған едім. Мен қонақ үй, коммерция, қаржы саласында бес жыл оқыдым. Оқып жүргенімде, Невада штатының Лас-Вегас қаласындағы бір қонақ үйдің казиносында жұмыс істедім.

Менің міндетім казино ойнауға келген қалталы кісілердің жағдайын жасап, қалауларын орындау еді

 22 жасымда казино-қонақ үйдің вице-президенті болдым. Мен өте табысты, бай адамдар сияқты өмір сүрдім, ең дәмді тағамдар жеп, шарап, ликёр сияқты ең қымбат ішімдіктерді ішетінмін. Әріптестерім маған: “Дүниені дөңгелетіп тұрған ақша екенін ұмытпа”,— дейтін. Олар тек ақша ғана адамды бақытты етеді деп ойлайтын.

 Менің міндетім Лас-Вегасқа казино ойнауға келген қалталы кісілердің жағдайын жасап, қалауларын орындау еді. Олар дәулетті болса да бақытсыз көрінетін. Мен де өзімді бақытсыз сезіне бастадым. Көбірек ақша тапқан сайын, уайымым да көбейе берді, ұйқыдан да айырылдым. Өз-өзіме қол жұмсау жайлы да ойлай бастадым. Өмірден түңілгендіктен: “О, Құдайым, қалай бақытты бола аламын?”— деп дұға еттім.

КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ

 Ехоба куәгері болған екі әпкем сол уақыттары Лас-Вегасқа көшіп келді. Мен олардың әдебиеттерін алудан бас тартсам да, олармен бірге өз Киелі кітабымды ашып оқуға келістім. Менің Киелі кітабымда Исаның сөздері қызыл әріптермен жазылған еді. Исаның айтқандарымен толық келісетінімді білгендіктен, әпкелерім маған оның сөздері жайлы көп айтатын. Мен Киелі кітапты өзім де оқып жүрдім.

 Оқығандарымның көбісі мені қатты таңғалдырды. Мысалы, Иса былай деген: “Дұға еткенде, басқа ұлт адамдары іспетті бір нәрсені қайталай бермеңдер, өйткені олар көп сөз айтсақ, Құдай естиді деп ойлайды” (Матай 6:7). Ал діни қызметкер маған Исаның суретін беріп: “Суретке қарап дұғаларды бірнеше рет қайталасаң, Құдай саған қанша ақша қажет болса, сонша ақша береді”,— деп айтқан еді. Мен: “Бір дұғаны қайталай берсем, бұл Исаның сөздеріне қарама-қайшы келеді ғой”,— деп ойладым. Мен Исаның тағы мынадай сөздерін оқыдым: “Жер бетіндегі ешкімді “Әке” деп атамаңдар, себебі Әкелерің біреу-ақ. Ол — көктегі Әкелерің” (Матай 23:9). Бұл сөздер де мені ойландырып тастады. Мен: “Неге біз діни қызметкерді “әке” деп атаймыз?”— деп ойландым.

 Киелі жазбалардағы Жақып кітабын оқығанымда өмірім жайлы терең ойландым. Төртінші тарауында Жақып: “Осы дүниемен дос болу — Құдаймен жауласу екенін білмейсіңдер ме? Сондықтан кім осы дүниемен достасқысы келсе, сол өзін Құдайға жау етеді”,— деген (Жақып 4:4). Ал 17-тармақтағы сөздер өмірімді түбегейлі өзгертті. Онда: “Қалай дұрыс әрекет ету керектігін білсе де, солай етпейтін адам күнә жасайды”,— деп жазылған болатын. Сонда мен екі әпкемді шақырып, казинодағы жұмысымнан кететінімді айттым. Өйткені құмар ойындар ойнау, ашкөздікке берілу дұрыс емес екенін түсіндім.

“Киелі жазбалардағы Жақып кітабын оқығанымда өмірім жайлы терең ойландым”

 Мен Ехобамен, атан-анам және бауырларыммен қарым-қатынасымды жақсартқым келді. Оларға уақыт бөлу керек болғандықтан, өмірімді қарапайым етуді шештім. Бірақ бұл оңай болмады. Жұмысымнан кетпес бұрын маған казинода жалақысы екі-үш есе көп жұмыс ұсынды. Бірақ мен дұға айтқан соң, бұндай өмірдің маған түкке де керегі жоқ екенін түсіндім. Содан не керек, казинодағы жұмысымнан кетіп, анамның гаражына көшіп келдім. Өзімнің кішігірім бизнесімді ашып, ресторандардың менюлерін ламинаттайтын болдым.

 Киелі кітап өмірде ненің маңызды екенін түсінуге көмектессе де, мен Ехоба куәгерлерінің кездесулеріне аса барғым келмеді. Бірде әпкем менен: “Куәгерлерге қандай да бір наразылығың бар ма?”— деп сұрады. Сонда мен: “Иә, бар. Сендердің Құдайларың Ехоба отбасыларды ажыратады екен. Отбасыммен көрісетін жалғыз кез Рождество мен туған күндерде ғана, бірақ сендер ол мейрамдарды тойламайды екенсіңдер”,— дедім. Сонда бір әпкем көзіне жаса алып: “Жылдың басқа күндері ше, біз сені кез келген күні құшақ жая қарсы аламыз ғой. Бірақ сен бізді тек мейрамдарда ғана көргің келеді, оны да тек міндетті сезінгендіктен істейсің”,— деді. Бұл сөздер жүрегімді сыздатқаны сонша, онымен бірге жылай бастадым.

 Мен Куәгерлер жайлы қате ойда болыппын. Олардың өз отбасыларын қаншалықты жақсы көретіндерін түсінгенімде, жергілікті Патшалық сарайында өтетін қауымға қатысуды шештім. Сол жерде мен тәжрибелі, білімі мол Кевин деген бауырласпен таныстым. Ол менімен Киелі кітапты зерттей бастады.

 Кевин мен әйелі қарапайым өмір сүретін, өйткені олар көп уақыттарын өзгелерге Киелі кітап жайлы айтуға жұмсайтын. Олар тіпті қаражат жинап, Африка мен Орталық Америкадағы филиал құрылысына көмектесу үшін барып қайтты. Олар өте бақытты еді, бір-бірін қатты сүйетін. Мен осындай өмірді армандайтынмын.

 Кевин маған миссионерлік өмірдің баталары жайлы бір видео көрсетті. Сонда мен де миссионер болғым келді. Алты ай бойы Киелі кітапты тоқтатпай зерттеген соң, 1995 жылы Ехоба куәгері ретінде шомылдыру рәсімінен өттім. Енді мен Құдайдан байлық сұрап емес, “кедейлік те, байлық та бере көрме” деп дұға ететін болдым (Нақыл сөздер 30:8).

ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ

 Қазір мен нағыз бай адаммын, бірақ материалдық жағынан емес, рухани жағынан. Мен Гондураста өзімнің сүйікті жарым Нурияны кездестірдім. Біз бірге Панамада, Мексикада миссионер болып қызмет еттік. Киелі кітаптағы “Ехобаның батасы адамды байытады, Бұған ол еш қайғы-қасірет қоспайды” деген сөздер қаншалықты рас айтылған десеңізші! (Нақыл сөздер 10:22).