Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

11-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Шомылдыру рәсімінен кейін де, “жаңа болмысқа” ие бола беріңіз

Шомылдыру рәсімінен кейін де, “жаңа болмысқа” ие бола беріңіз

“Жаңа болмысқа ие болыңдар” (ҚОЛ. 3:10).

49-ӘН Ехобаның жүрегін қуантайық

АҢДАТПА *

1. Біздің болмысымызды қалыптастыратын негізгі нәрсе не?

 ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН кеше өтейік не ондаған жыл бұрын өтейік, барлығымыз да Ехоба сүйетін адам болуға ұмтыламыз. Мұндай адам болу үшін, ең алдымен ойымызды қадағалауымыз керек. Өйткені адамның болмысын қалыптастыратын ең басты нәрсе — оның ойлары. Егер тек тәннің қалауын ойлай берсек, онда жаман істерге барамыз, аузымыздан да жақсы сөз шықпайды (Ефес. 4:17—19). Ал санамызды жақсы ойларға толтырсақ, сөзіміз де, ісіміз де көктегі Әкеміз Ехобаға ұнамды болады (Ғал. 5:16).

2. Осы мақалада не туралы білеміз?

2 Алдыңғы мақаладан білгеніміздей, санамызға жаман ойларды мүлдем жолатпау мүмкін емес. Бірақ оны іске асырамыз ба, жоқ па — өз қолымызда. Біз шомылдыру рәсімінен өтпей тұрып, Ехоба жек көретін сөздер мен істерден арылуымыз керек. Бұл — ескі болмыстан арылу үшін жасалатын ең алғашқы әрі маңызды қадам. Алайда Ехобаға толық ұнамды болғымыз келсе: “Жаңа болмысқа ие болыңдар”,— деген бұйрыққа да құлақ асуымыз керек (Қол. 3:10, сілт.). Осы мақалада “жаңа болмыс” деген не екенін және оны “киіп алып, шешпеу” нені білдіретінін білеміз.

“ЖАҢА БОЛМЫС” ДЕГЕН НЕ?

3. “Жаңа болмыс” деген не және оған қалай ие бола аламыз? (Ғалаттықтарға 5:22, 23)

3 “Жаңа болмысқа ие болу” деген Ехоба сияқты ойлап, әрекет етуді білдіреді. Жаңа болмысқа ие болатын адам Құдай рухының жемісін танытады, яғни киелі рухтың ойларына, сезімдеріне, әрекеттеріне әсер етуіне жол береді (Ғалаттықтарға 5:22, 23 оқыңыз). Мысалы, ол Ехобаны және оның халқын сүйеді (Мат. 22:36—39). Тіпті сынақ кезінде де қуанышын жоғалтпайды (Жақ. 1:2—4). Татулық сақтайды (Мат. 5:9). Өзгелерге шыдамды әрі мейірімді болады (Қол. 3:13). Ізгілікті жаны сүйеді әрі өзі де басқаларға ізгілік жасайды (Лұқа 6:35). Сондай-ақ Құдайға деген берік сенімін іс-әрекетімен көрсетеді (Жақ. 2:18). Өзгелер ашуына тигенде, жұмсақтықпен жауап береді және азғырылғанда ұстамды болады (Қор. 1-х. 9:25, 27; Тит. 3:2).

4. Қалайша жаңа болмысты “киіп алу” деген Ғалаттықтарға 5:22, 23-тегі қасиеттердің бәрін бірдей танытуды білдіреді? Түсіндіріңіз.

4 Жаңа болмысты “киіп алу” деген Ғалаттықтарға 5:22, 23-те де және Киелі кітаптың басқа да тармақтарында айтылған қасиеттердің барлығын бірдей дамытуды білдіреді *. Олардың бәрі бірігіп, бүтін бір киімді, яғни жаңа болмысты құрайды. Бұл қасиеттер бір-бірімен тығыз байланысып жатқандықтан, әр кезде әрқайсысы бөлек-бөлек танытылмайды. Мысалы, сіз біреуді шын жақсы көрсеңіз, оған мейірімді боласыз, шыдамдылық танытасыз. Ал шынайы ізгілік жұмсақтық, ұстамдылық деген қасиеттермен қатар жүреді.

ЖАҢА БОЛМЫСҚА ҚАЛАЙ ИЕ БОЛА АЛАМЫЗ?

Иса сияқты ойланған сайын, болмысымыз да онікіне ұқсай түседі (5, 8, 10, 12, 14-абзацтарды қараңыз)

5. “Мәсіхтің ой-санасына” ие болу деген не және неліктен оның өмірін оқып-зерттеуіміз керек? (Қорынттықтарға 1-хат 2:16)

5 Қорынттықтарға 1-хат 2:16 оқыңыз. Иса Құдай рухының жемісін кемелді түрде көрсетеді. Ол Ехобаның қасиеттерін айна сияқты мінсіз шағылыстырады. Жаңа болмысқа ие болуымыз үшін, бізде “Мәсіхтің ой-санасы” болу керек. Бұл үшін Исаның қалай ойланатынын біліп, кейін соны үлгі етуіміз керек (Евр. 1:3). Біз Иса сияқты ойланған сайын, ол сияқты әрекет ете бастаймыз және болмысымыз онікіне ұқсай түседі (Філіп. 2:5).

6. Жаңа болмысқа ие болуға ұмтылатындар қандай шындықтарды есте ұстаулары керек?

6 Бірақ біз: “Иса кемелді ғой, мен ешқашан дәл ол сияқты бола алмаймын”,— деп ойлайтын шығармыз. Бізде осындай күмән болса, онда мына бұлтартпас үш шындықты есте ұстайық. Біріншіден, біз Ехоба мен Исаға ұқсас етіп жаратылғанбыз. Сондықтан біз оларға еліктеп, қандай да бір деңгейде оларға ұқсас бола аламыз (Мұс. 1-ж. 1:26). Екіншіден, бізге әлемдегі ең мықты күш, Құдайдың киелі рухы, көмектеседі. Соның арқасында өз бетімізше істей алмайтын нәрсені де істей аламыз. Үшіншіден, Ехоба қазір бізден киелі рухтың жемісін мінсіз түрде танытады деп күтпейді. Ехоба болашақта кемелділікке жетуімізге әлі 1000 жыл бөліп қойған (Аян 20:1—3). Қазір ол бізден бар күшімізді салғанымызды және оның көмегіне арқа сүйегенімізді күтеді.

7. Қазір не туралы қарастырамыз?

7 Исаға нақты қалай еліктей алатынымызды білу үшін, Құдай рухының жемісіне кіретін төрт қасиетке тоқталамыз. Біз осы қасиеттерді Иса қалай танытқанын біліп, одан үйренеміз және өзімізге сұрақтар қойып, жаңа болмысқа қаншалықты ие болып жатқанымызды анықтаймыз.

8. Иса сүйіспеншілік қасиетін қалай танытты?

8 Иса Әкесі Ехобаны қатты жақсы көргендіктен, ол үшін де, біз үшін де үлкен құрбандықтарға барды (Жох. 14:31; 15:13). Оның бізге деген сүйіспеншілігінің тереңдігін жерде өткізген өмірінен көрсек болады. Ол өмірінің әрбір күні адамдарға, тіпті қарсыластарына да, сүйіспеншілік пен жанашырлық танытты. Оның адамдарға деген сүйіспеншілігінің ең маңызды көрінісі Құдай Патшалығы туралы тәлім бергені болды (Лұқа 4:43, 44). Иса күнәкарлардың қолынан қиналып өлуге дайын болғанда да, Құдайға деген және бізге деген жанқияр сүйіспеншілігін паш етті. Осылай ол бәрімізге мәңгі өмір сүру үмітін сыйлады.

9. Қалай Иса сияқты сүйіспеншілік танытсақ болады?

9 Біз көктегі Әкемізді сүйгендіктен, оған бағышталып, шомылдыру рәсімінен өттік. Елші Жохан: “Көз алдындағы бауырласын сүймейтін кісі көзімен көрмеген Құдайды сүйе алмайды”,— деп жазған (Жох. 1-х. 4:20). Иса сияқты, біздің де Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз адамдарға қалай қарайтынымыздан көрініп тұру керек. Бұл ретте өзімізге мына сұрақтарды қойсақ болады: “Мен бойымда адамдарға деген терең сүйіспеншілік дамыттым ба? Өзге адамдарға, тіпті дөрекілік көрсеткендеріне де, жанашырлық танытамын ба? Адамдарға Ехоба жайлы үйрету үшін уақытым мен қолда барымды жұмсауға дайынмын ба? Басым көпшілік бұны бағаламаса да, не тіпті қарсылық көрсетсе де, осылай ете беремін бе? Шәкірт дайындау ісіне көбірек атсалысудың амалдарын іздеймін бе? (Ефес. 5:15, 16).

10. Иса татуластырушы екенін қалай көрсеткен?

10 Иса адамдармен тату-тәтті қарым-қатынас сақтаған. Ол өзіне жамандық жасаған адамдарға жамандықпен қайтармаған. Осылай етіп қана қоймай, ол тыныштық бұзылған жерде бірінші болып татулық орнатқан және араздасқандарды ымыраға келуге шақырған. Мысалы, ол ғибадатымыз Ехобаға қабыл болсын десек, реніші бар бауырласымызбен татуласуымыз керектігін үйреткен (Мат. 5:9, 23, 24). Елшілердің арасында кімнің ұлы екеніне қатысты дау туған жағдайларда да, Иса оларды тіл табысуға шақырып отырған (Лұқа 9:46—48; 22:24—27).

11. Қалай өзіміз татулық сақтап, өзгелерді татулыққа шақырсақ болады?

11 Татулық сақтау деген “әйтеуір өзім ешкіммен ұрсысып, жанжалдаспасам болды” дегенді ғана білдірмейді. Біреумен арамызда татулық бұзылса, біз онымен бірінші болып татуласуға күш салуымыз керек. Және де араздасып қалған бауырластарды мәселелерін шешуге талпындыруымыз керек (Філіп. 4:2, 3; Жақ. 3:17, 18). Өзімізді мына сұрақтармен тексеріп көрсек болады: “Адаммен татуласу үшін мен қаншалықты құрбандыққа баруға дайынмын? Көңіліме тиген бауырласқа өкпе-реніш сақтап жүремін бе? Қателік одан кетсе де, өзім барып татуласуға бірінші қадам жасаймын ба? Әлде өзі бірінші келіп татулассын деп ойлаймын ба? Орынды болса, екеуара келіспей қалған бауырластарды татуласуға шақырамын ба?”

12. Иса қандай жолдармен мейірімділік танытқан?

12 Иса мейірімді болған (Мат. 11:28—30). Тіпті қиын жағдайларда да ол жұмсақтық пен иліккіштік танытқан. Мысалы, бірде финикиялық әйел одан кішкентай қызын сауықтырып беруді өтінгенде, Иса оның өтінішін бірден орындай қоймады. Кейін ол әйелдің зор сенімін көргенде, мейірімділік жасап, қызын сауықтырды (Мат. 15:22—28). Бірақ мейірімді болғанымен, Иса шектен тыс жуас болмаған. Жақын адамдарын түзету керек жерінде түзетіп, нық-нық сөйлеген. Осылай мейірімділік көрсеткен. Мысалы, Петір оны Ехобаның еркін орындаудан айнытпақшы болғанда, ол оны басқа шәкірттердің көзінше қатаң түзетті (Мар. 8:32, 33). Ол мұны Петірді масқаралау үшін емес, оның жөнделуі үшін айтты. Сондай-ақ басқа шәкірттерге де өз орындарын білуге сабақ болсын деді. Әрине, сол кезде Петір ұялып қалған шығар, бірақ бұл кеңес оның игілігіне асты.

13. Шынайы мейірімділікке не жатады?

13 Шын мейірімді болу деген жақсы көретін адамдарыңмен ашық сөйлесіп, кеңес беруді де білдіреді. Бірақ кеңесіңізді, Иса сияқты, Киелі жазбалардағы принциптерге негіздей біліңіз. Сөзіңізді жұмсақтықпен жеткізіңіз. Олар Ехобаны және сізді жақсы көретіндіктен ақыл-кеңесіңізге құлақ асатынына және дұрыс нәрсені істегісі келетіне сенім артыңыз. “Жаныма жақын адамның дұрыс әрекет етпей жүргенін байқасам, онымен ашық сөйлесуге батылым жете ме? Оған кеңес беруім керек болса, мейірімділікпен айтамын ба, әлде қатты-қатты айтып тастаймын ба? Кеңесті не себепті беремін? Ол адамға ашуланып тұрғандықтан ба, әлде оның игілігін ойлағандықтан ба?”— деп ойланып көрейік.

14. Иса қалай ізгілік танытқан?

14 Иса ненің ізгілікке жататынын біліп қана қоймай, соны іс жүзінде көрсетеді. Әкесін жақсы көретіндіктен, ол дұрыс нәрсені әрдайым дұрыс ниетпен істейді. Ізгілік — белсенді қасиет. Сондықтан да ізгі адам кімге қалай көмектессем екен деп, үнемі айналасындағыларға жақсылық жасап жүреді. Біз ненің жақсылыққа жататынын біліп қана қоймай, сол жақсылықты жасауымыз керек әрі ниетіміз де дұрыс болу керек. Сонда адам ізгілікті жаман ниетпен жасауы да мүмкін бе? Иә. Мұны Исаның сөздерінен білуге болады. Исаның кезінде кейбіреулер басқалар көрсін, мақтасын деп, кедейлерге қайыр-садақа берген. Олардың мұндай ізгі істерінің Ехоба үшін еш құны болған жоқ (Мат. 6:1—4).

15. Біз қалай шынайы ізгі бола аламыз?

15 Ізгі істерді риясыз көңілмен, адал ниетпен жасасақ қана, ол шынайы ізгілік болады. Ендеше, былай деп ойланып көріңіз: “Мен ізгілікке не жататынын білсем де, әрекетсіз отыра беремін бе? Әлде барып, соны жасаймын ба? Жасасам, қандай ниетпен жасаймын?”

ЖАҢА БОЛМЫСЫМЫЗДЫ ЖАҚСЫ КҮЙДЕ САҚТАП ҚАЛАЙЫҚ

16. Біз күн сайын не істеуіміз қажет және неге?

16 Шомылдыру рәсімінен өткеніміз жаңа болмысқа толық ие болып біттік деген сөз емес. Біз бұл әдемі, жаңа болмысымызды жақсы күйде сақтауымыз қажет. Бұның бір жолы — күнде Құдай рухының жемісін танытудың жолдарын табу. Өйткені сол қасиеттерді танытуға әрекеттенген сайын, киелі рух бізге көбірек әсер етеді. Ехоба рухын қандай да бір нәтижеге жету үшін, әрекет тудыру үшін қолданатындықтан, сол рухтың жемісі де іс-әрекет тудырады (Мұс. 1-ж. 1:2). Мысалы, Киелі кітапта: “Іс-әрекетсіз сенім өлі”,— деп айтылған (Жақ. 2:26). Киелі рухтың жемісіне кіретін қалған қасиеттердің әрқайсысы жайлы да осылай айтуға болады. Ал оларды іс жүзінде танытқан сайын, киелі рухтың бізге әсер етіп жатқанын дәлелдейміз.

17. Құдай рухының жемісін таныта алмай қалғанда, не істегеніміз жөн?

17 Біраз жылдан бері мәсіхші болсақ та, кейде киелі рухтың жемісін таныта алмай қалуымыз мүмкін. Осындайда есте ұстайтын жайт — еш берілмеңіз, сағыңыз сынбасын. Мысалы, өзіңізге қатты ұнайтын киімнің бір жерін жыртып алсаңыз, оны бірден лақтырып жібермейсіз ғой. Сіз оны тігіп, жөндейсіз де, бұдан былай мұқият болып жүруге тырысасыз. Сол сияқты, біреуге бір жағдайда сүйіспеншілік, шыдамдылық, мейірімділік таныта алмай қалған болсаңыз, жігеріңіз жасымасын. Одан шын жүректен кешірім сұрап, арақатынастарыңызды қалпына келтіруге тырысыңыз. Алда мұқият болып, жақсырақ әрекет етуге ұмтылыңыз.

18. Біз не нәрсеге сенімдіміз?

18 Иса бізге керемет үлгі қалдырғанына қаншалықты ризамыз десеңіздерші! Біз оның ой қалпы мен көзқарасын өзімізге сіңірген сайын, ол сияқты әрекет ете бастаймыз. Ал ол сияқты әрекет еткен сайын, жаңа болмысымыз да жақсара түседі. Бұл мақалада Құдай рухының жемісіне кіретін төрт қасиетті ғана қарастырдық. Олай болса, қалған қасиеттер туралы да ізденіп, оларды қалай танытып жүргеніңіз жайлы ойланып көріңіз. Бұл үшін “Ехоба куәгерлерінің ізденіс құралына” кіріп, “Мәсіхшілердің өмір-салты” деген тақырыптан “Рухтың жемісі” деген тақырыпшаны қарасаңыз болады. Өз тарапыңыздан күш сала берсеңіз, Ехоба сізге жаңа болмысқа ие болып, одан еш арылмауға көмектесе бермек.

127-ӘН Қандай адам болуым керек?

^ 5-абзац Қандай ортадан шығып, қандай тәрбие алып өспейік, барлығымыз да “жаңа болмысқа” ие бола аламыз. Бұл үшін ой қалпымызды түзеп, Исаға ұқсауға тырыса беруіміз керек. Осы мақалада Иса қалай ойланып, қалай әрекет еткеніне біраз тоқталамыз. Сондай-ақ шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін де, Исаға қалай еліктей алатынымызды көреміз.

^ 4-абзац Құдай рухы бойымызда дамыта алатын қасиеттер Ғалаттықтарға 5:22, 23-тегі тізіммен шектелмейді. Бұл жайлы толығырақ 2020 жылдың маусым айында шыққан “Күзет мұнарасындағы” “Оқырман сауалдарынан” білсеңіз болады.