Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

44-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Заманның ақыры келмей тұрып, мызғымас достық орнатайық

Заманның ақыры келмей тұрып, мызғымас достық орнатайық

“Нағыз дос әрқашан жақсы көрер” (НАҚ. С. 17:17).

101-ӘН Бірлесе қызмет етейік

АҢДАТПА *

“Зор алапатта” жақсы достарды қажетсінетін боламыз (2-абзацты қараңыз) *

1, 2. Петірдің 1-хаты 4:7, 8-ге сай, қиын шақтарда бізге не көмек болады?

“СОҢҒЫ КҮНДЕРДІҢ” ақыры таяған сайын, түрлі қиыншылықтар жағадан алуы мүмкін (Тім. 2-х. 3:1). Мысалы, батыс Африканың бір елінде сайлаудан кейін халық арасында толқу болып, қақтығыстар орын алды. Сондықтан бауырластар алты айдан астам уақыт бойы еркін жүріп-тұра алмады. Осындай аласапыран уақытта оларға не демеу болды? Кейбіреулері қауіпсіз аймақтағы бауырластардың үйін паналады. Бір бауырлас былай деді: “Сол жағдайда қасымдағы достарымды қатты бағалап кеттім. Біз бір-бірімізді қолдап-қуаттап отырдық”.

2 “Зор алапат” басталғанда қасымызда бізді жақсы көретін достарымыздың бар екеніне қуанатын боламыз (Аян 7:14). Сондықтан бауырластармен достық қарым-қатынасты дәл қазір дамытуымыз керек (Петірдің 1-хаты 4:7, 8 оқыңыз). Бұл орайда, Еремиядан үйренеріміз көп. Ол Иерусалим жойылар алдында жолдастарының арқасында аман қалды *. Олай болса, Еремияның үлгісіне ден қояйық.

ЕРЕМИЯДАН ҮЛГІ АЛЫҢЫЗ

3. а) Еремияның оқшауланып кетуіне не себеп болуы мүмкін еді? ә) Еремия хатшысы Барухқа не туралы айтты және бұл неге ұласты?

3 Еремия кем дегенде 40 жыл бойы адалдықтан тайған адамдардың арасында өмір сүрді. Олардың ішінде туған қаласы Анатоттағы көршілері мен кейбір туыстары да болған көрінеді (Ерм. 11:21; 12:6). Алайда ол ешкіммен араласпаймын деп оқшауланып кетпеді. Ол өзінің сезімдерін адал хатшысы Барухқа ашық айтты. Оның не сезінгенін біз де оқып-біле аламыз (Ерм. 8:21; 9:1; 20:14—18; 45:1). Барух Еремияның басынан кешкен оқиғаларын жазып жатқанда, екеуінің арасында шын бауырмалдық пен сыйластық пайда болды дей аламыз (Ерм. 20:1, 2; 26:7—11).

4. Ехоба Еремияға не істеуді тапсырды және бұл тапсырма Еремия мен Барухтың достығын қалай қатайтты?

4 Еремия жылдар бойы исраилдіктерді Иерусалимнің жойылатыны жайлы батыл ескертіп келді (Ерм. 25:3). Кейінірек Ехоба халықты тағы да өкінуге шақырып, Еремияға өзінің ескертулерін шиыршыққа жазуды бұйырды (Ерм. 36:1—4). Еремия мен Барух Құдайдың осы тапсырмасын иық тіресе орындай жүріп, сенім нығайтарлық әңгімелер айтқаны сөзсіз. Ал бұл тапсырма бірнеше айға созылған болса керек.

5. Неге Барух Еремияға жақсы дос болды дей аламыз?

5 Шиыршық жазылып біткенде, Еремия хабарды адамдарға жеткізуді досы Барухқа сеніп тапсырды (Ерм. 36:5, 6). Барух осы қауіпті тапсырманы батылдықпен орындады. Ол ғибадатхананың ауласына барып, хабарды айтқанда, Еремияның кеудесін мақтаныш кернегенін елестетіп көріңізші (Ерм. 36:8—10). Барухтың не істегенін естігенде, Яһуданың әміршілері оған шиыршықты өздеріне дауыстап оқып беруді бұйырады (Ерм. 36:14, 15). Сөйтіп, әміршілер Еремияның сөздерін Ехоякім патшаға айтуды шешеді. Олар Барухты ойлап, былай дейді: “Бар да, Еремия екеуің бір жерге жасырыныңдар. Қайда екендеріңді ешбір жан білмесін” (Ерм. 36:16—19). Бұл өте орынды ескерту еді!

6. Еремия мен Барух қарсылыққа кезіккенде не істеді?

6 Ехоякім патша Еремияның жаздырған сөздерін естігенде, қатты ашуға мініп, шиыршықты өртеп жібереді. Сөйтіп, Еремия мен Барухты тұтқынға алуды бұйырады. Алайда Еремия қорқынышқа бой алдырмады. Ол басқа бір шиыршықты алып, Ехобаның хабарын Барухқа айтып тұрды, ал ол “Яһуда патшасы Ехоякім өртеп жіберген шиыршықтағы сөздердің бәрін... жазып алды” (Ерм. 36:26—28, 32).

7. Еремия мен Барухтың қызметтескендері неге ұласқан болуы мүмкін?

7 Бірге қиындық көрген адамдар әдетте бір-біріне бауыр басып қалады. Еремия мен Барух Ехоякім патша өртеп жіберген шиыршықты қайта қалпына келтірген кезде бір-бірін жақыннан танып, айнымас дос болып кетсе керек. Осы екі адал кісіден үйренеріміз көп.

ЖҮРЕК СЫРЫН АҚТАРЫҢЫЗ

8. Нағыз достар табуға не кедергі болуы мүмкін, бірақ неге күш сала беруіміз керек?

8 Бұрынырақта біреуден көңіліңіз қалған болса, өзгелермен ашылып сөйлесуге тартынатын шығарсыз (Нақ. с. 18:19, 24). Немесе нағыз дос табуға уақытым да, күшім де жетпейді деп ойларсыз. Бірақ еш берілмей, күш сала беруіміз керек. Басымызға күн туғанда бауырластарымыз қасымыздан табылсын десек, оларға ойымыз бен сезімдерімізді ашық айтуды қазір үйренуіміз керек. Бұл — нағыз дос болу үшін жасалатын маңызды қадам (Пет. 1-х. 1:22).

9. а) Иса достарына сенетінін қалай көрсетті? ә) Ашық әңгімелесу жақын достар табуға қалай ықпал етеді? Мысал келтіріңіз.

9 Иса достарымен ашық әңгімелесу арқылы оларға сенетінін көрсетті (Жох. 15:15). Біз де оған еліктеп, қуанғанда, уайымдағанда, көңіліміз түскенде достарымызға ішіміздегіні ақтара аламыз. Біреу сізге ашылып сөйлеп жатса, оны ден қойып тыңдаңыз. Бәлкім, ойларыңыз бен сезімдеріңіз, мақсаттарыңыз онікімен ұқсас болып шығар. Жасы отызға келіп қалған Синди есімді бауырластың мысалын қарастырайық. Ол жетпіске таяп қалған Марие-Луиза деген бауырласпен достасады. Олар әр бейсенбі сайын қызметке шығады және әртүрлі тақырыпта еркін сөйлеседі. Синди былай дейді: “Достарыммен терең мағыналы тақырыптарда әңгімелескенді жақсы көремін. Бұл маған оларды түсінуге әрі жақсырақ білуге көмектеседі”. Өзара ашық әңгімелескенде достықтың тамыры тереңдей түседі. Синди іспетті өзіміз бірінші болып басқалармен жылы да ашық сөйлессек, олармен жақын дос болып кетеміз (Нақ. с. 27:9).

БІРГЕ ҚЫЗМЕТТЕСІҢІЗ

Жақсы достар бірге қызметтеседі (10-абзацты қараңыз)

10. Нақыл сөздер 27:17-ге сай, бауырластармен қызметтескеніміздің пайдасы қандай?

10 Еремия мен Барухтың оқиғасынан байқағанымыздай, бауырластармен бірге қызметтескенде әрі олардың жақсы қасиеттерін көргенде, олардан көп нәрсеге үйренеміз, арамыз да жақындай түседі (Нақыл сөздер 27:17 оқыңыз). Мәселен, досыңызбен қызметте жүріп, оның өз сенімін батылдықпен қорғап жатқанын көргенде, я болмаса Ехоба мен оның ниеттері жайлы нық сеніммен айтып жатқанын естігенде, не сезінесіз? Оны одан сайын жақсы көріп кетеріңіз анық.

11, 12. Достарымызбен бірге уағызға шығу қалай достығымызды нығайтады?

11 Уағыз ісінде бірге еңбектенгенде адамдар бір-біріне жақындай түседі. Қазір мұның екі мысалын көрейік. 23 жастағы Аделина құрбысы Кэндиске сирек уағыздалатын аумаққа баруды ұсынады. Ол былай дейді: “Біз зор құлшыныспен уағыздап, қызметтен көп қуаныш алғымыз келді. Екеуіміз де рухани серпіліс алуды қаладық”. Олар бірге қызметтескеннің қандай пайдасын көрді? “Әр күннің соңында бір-бірімізге сезімдерімізді, адамдармен әңгімелескеннен қандай әсер алғанымызды, сондай-ақ қызметте Ехобаның қалай бағыт-бағдар бергенін айтып беретінбіз. Осылай әңгіме-дүкен құрғанның арқасында біз бір-бірімізді одан сайын жақсырақ білдік”,— дейді Аделина.

12 Францияда тұратын Лайла мен Марианна есімді қыз бауырластар бес аптаға Орталық Африка Республикасының астанасы Банги қаласына уағыздауға барады. Лайла былай деді: “Марианна екеуіміздің арамызда кішігірім түсініспеушіліктер болды. Бірақ ашық пікір алысудың әрі шынайы сүйіспеншіліктің арқасында достығымыз нығая түсті. Марианнаның бейімделгіштігін, жергілікті адамдарға деген сүйіспеншілігін, қызметтегі зор құлшынысын көргенде, оған деген құрметім артты”. Осындай достар табу үшін міндетті түрде шетелге барудың қажеті жоқ. Өзіңіз тұратын жердегі бауырластармен уағызға шыққан сайын, оларды жақыннан тануға әрі достасуға мүмкіндік туады.

ЖАМАНЫН ЖАСЫРЫП, ЖАҚСЫСЫН АСЫРЫҢЫЗ

13. Бауырластармен тығыз қызметтескенде кейде қандай жағдай болуы мүмкін?

13 Бауырластармен тығыз қызметтескенде, олардың мықты жақтарымен қатар әлсіз тұстарын да көріп жатамыз. Осындай жағдайда не істесек болады? Қайтадан Еремияның мысалына оралайық. Оған адамдардың жақсы жақтарын көріп, қателіктерін кешіруге не көмектесті екен?

14. Еремия Ехоба туралы не білді және бұл оған қалай көмектесті?

14 Еремия өз есімімен аталған кітапты жазған, сондай-ақ Патшалар 1-жазба мен 2-жазбаны да жазған болса керек. Осының арқасында ол Ехобаның кемелсіз адамдарға деген мейірімділігінің талай дәлелін көргені даусыз. Мысалы, Ахаб патша жаман істеріне өкінгенде, Ехоба оның әулетін көзі тірісінде жоймады (Пат. 1-ж. 21:27—29). Сондай-ақ Еремия Манаса патшаның Ахабтікінен де сорақы істер жасап, Ехобаны қорлағанын білетін. Бірақ соған қарамастан, Ехоба Манасаны кешірді, өйткені ол шын өкінген еді (Пат. 2-ж. 21:16, 17; Шеж. 2-ж. 33:10—13). Осы оқиғалардан Еремия Ехобадан шыдамдылық пен мейірімділікке үйреніп, достарына осы қасиеттерді танытты (Зәб. 103:8, 9).

15. Барух қызметінен алаңдап кеткенде, Еремия Ехобаның шыдамдылығына қалай еліктеді?

15 Барух қызметінен бір сәтке алаңдап кеткенде, Еремияның не істегенін қарастырып көрейік. Еремия Барухтан бірден үмітін үзген жоқ, қайта, оған Құдайдың мейіріммен, десе де тіке айтқан хабарын жеткізді (Ерм. 45:1—5). Бұдан не үйренеміз?

Жақсы достар бір-бірін кеңпейілмен кешіреді (16-абзацты қараңыз)

16. Нақыл сөздер 17:9-ға сай, достығымызды сақтап қалу үшін не істеуіміз керек?

16 Рас, біз бауырластарымыздан кемелділікті талап ете алмаймыз. Сондықтан біреумен жақсылап достасып алғаннан кейін де, достығымызды сақтап қалу үшін барымызды салуымыз керек. Достарымыз қателік жасап қойса, Құдай Сөзіне негіздеп мейіріммен, сөйте тұра тіке кеңес беруіміз қажет болар (Зәб. 141:5). Ал егер ренжітіп қойса, кешіруіміз керек. Кешірген соң, ол тақырыпты қайта қозғамаймыз (Нақыл сөздер 17:9 оқыңыз). Осы ерекше қиын уақыттары бауырластарымыздың әлсіз тұстарына емес, мықты жақтарына назар аударғанымыз өте маңызды. Осылай етер болсақ, достығымыздың жібі үзілмейді. Қазір достығымызды нығайтатын кез. Өйткені зор алапатта жақын достарға мұқтаж боламыз.

АЙНЫМАС СҮЙІСПЕНШІЛІК ТАНЫТЫҢЫЗ

17. Еремия қиын шақта шын дос екенін қалай дәлелдеді?

17 Еремия пайғамбар қиын шақта достарына адал екенін дәлелдеді. Мысалы, патша сарайының қызметкері Әбдімәлік Еремияны түбі батпақ құдықтан аман алып қалғаннан кейін, әміршілер маған зиянын тигізер ме екен деп қорқады. Еремия бұл туралы білгенде, досым өзі бір амалын табар деп үндемей қалған жоқ. Ол бұғауда отырса да, қолынан келгеннің бәрін істеп, Ехобаның Әбдімәлікке қатысты айтқан жұбаныш хабарын жеткізеді (Еремия 38:7—13; 39:15—18).

Жақсы достар іздегенде қасыңнан табылады (18-абзацты қараңыз)

18. Нақыл сөздер 17:17-ге сай, досымыз қиындыққа кезіккенде не істеуіміз керек?

18 Бүгінде бауырластарымыз түрлі қиындықтарға кезігіп жүр. Мысалы, көп бауырластар табиғи не адам қолымен жасалған апаттардан зардап шегуде. Достарымыздың басына осындай күн туғанда, кейбіріміз оларға үйімізден пана бере алармыз. Өзгелеріміз қаржылай жәрдем берерміз. Бірақ бәріміз де Ехобадан оларға көмек беруін тілей аламыз. Бауырласымыздың көңілі жабырқағанда, кейде оны жұбату үшін не айтып, не істерімізді білмей дал болуымыз мүмкін. Бірақ әрқайсысымыз осындай жағдайда көп нәрсе істей аламыз. Мысалы, оларға уақыт бөле аламыз. Досымыз шер тарқатқанда, оны мейіріммен тыңдай аламыз. Сонымен қатар жұбаныш болатын тармақ көрсете аламыз (Ишая 50:4). Қажет кезде досымыздың қасынан табылғанға не жетсін! (Нақыл сөздер 17:17 оқыңыз).

19. Бүгінгі мызғымас достығымыздың пайдасын ертең қалай көреміз?

19 Біз қазір бауырластармен мықты достық орнатып, оны қызғыштай қорғауымыз керек. Неліктен? Өйткені жауларымыз өтірік пен жалған ақпаратты пайдаланып бізді жікке бөлуге, бір-бірімізге қарсы қоюға тырысатын болады. Бірақ олардың тырысып-тырмысқандары зая кетпек. Олар арамыздағы сүйіспеншілігімізді еш суыта алмайды. Не істесе де, мықтап соққан достығымыздың іргесін шайқалта алмайды. Осылай достығымыз тек заманның соңына дейін емес, мәңгілік бойы жалғаспақ!

24-ӘН Ехобаның тауына келіңдер!

^ 5-абзац Осы дүниенің соңы жақындаған сайын, бәріміз де бауырластармен достығымызды қатайтуымыз керек. Бұл мақалада Еремияның үлгісіне назар аударамыз. Сондай-ақ бүгінгі мызғымас достығымыз ертеңгі қиын шақта бізге қалай демеу болатынын білеміз.

^ 2-абзац Еремия кітабындағы оқиғалар хронологиялық ретпен жазылмаған.

^ 57-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Бұл суретте “зор алапатта” болуы мүмкін жағдай сипатталған. Бір топ бауырлас шатырды паналап отыр. Олар жақсы дос болғандықтан бір-біріне тірек болуда. Келесі үш суретте сол бауырластар достықтарын зор алапатқа дейін қатайтқан.