Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жақсы болсаң, болашағың жарқын бола ма?

Жақсы болсаң, болашағың жарқын бола ма?

Ғасырлар бойы адамдар адамгершілігі мол, жақсы адам болсаң, болашағың да жарқын болады деп ойлап келген. Мысалы, Шығыс елінің ойшылы Конфуций (б. з. б. 551—479 жж.) бір сөзінде былай деген екен: “Өзіңе тілемегеніңді өзгеге жасама”.

КӨПТІҢ ТАҢДАУЫ

Бүгінде де дұрыс жүріп-тұрсаң, келешегің кең, жарқын болады деп ойлайтындар аз емес. Сондықтан олар өзгелерге ізет пен құрмет танытып, ар-ұяттарына кір шалдырмай, қоғамда өз кетігін тауып, кірпіштей қаланғысы келеді. Вьетнамда тұратын Лин деген әйел былай дейді: “Ешкімнің ала жібін аттамай, адал болсам, сол жақсылығым өзіме қайтып келеді деп ойлаушы едім”.

Ал тағы біреулер жақсылықты діннің ықпалымен жасап жатады. “Біздің дінде былай деп үйретеді: тірі кезінде адамның істеген тірлігіне қарай ол өлген соң я мәңгі рақаттанады, я мәңгі азапталады”,— дейді Тайваньда тұратын Шу-Юнь деген ер кісі.

ҮМІТТЕРІ АҚТАЛДЫ МА?

Жақсылық жасаған кем болмайды, оның көп игілігін көреді. Алайда риясыз жақсылықтарының қайтарымын көрмей жатқандар да бар. “Жақсылығым міндетті түрде қайтады деп ойламау керек екен. Мұны өз басымнан білемін. Отбасымның қамын жасау үшін бәрін істедім, басқаларға жақсылық істеуден де аянып қалмадым. Бірақ некем ойран болды, күйеуім ұлым екеумізді тастап кетті”,— дейді Гонконгта тұратын Ши Пин.

Дін де әрдайым адамдарды жақсы жаққа өзгерте алмайтынын көбісі өз көзімен көрген. Мысалы, жапондық Эцуко былай дейді: “Мен бір діни ұйымға кіріп, жастарға арналған шаралар ұйымдастыратынмын. Сол діндегілердің ұятсыз істерін, билікке таласқанын және түскен ақшаны өз пайдасына жаратқанын көріп, төбе шашым тік тұрды”.

“Отбасымның қамын жасау үшін бәрін істедім, басқаларға жақсылық істеуден де аянып қалмадым. Бірақ некем ойран болды, күйеуім ұлым екеумізді тастап кетті” (ШИ ПИН, ГОНКОНГ).

Дінге берілген адамдардың көбі жақсылық жасап, ал артынан жамандық көргенде, қатты көңілдері түскен. Вьетнамдық Вэн деген әйел былай дейді: “Мен күнде жеміс, гүл, тамақ сатып алып, ата-бабаларымның аруағына бағыштап жүрдім. Олар маған жар болып, келешегімді жарқын қыла ма деп едім. Бірақ сонша жыл жақсылық жасап, діни ғұрыптарды орындасам да, жолдасым қатты ауырып қалды. Ал шетелде оқып жүрген 20 жасар қызым қайтыс болды”.

Жақсы адамдардың өздері жарқын болашаққа үміттене алмайды екен. Онда кемел келешектің кепілі неде? Бұл сұрақтың жауабын алу үшін, бізге жарқын болашаққа жол көрсететін сенімді дереккөз керек. Ондай дереккөз бар ма?