Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ӨМІРДЕН ӨТКЕНДЕР ӨМІРГЕ ОРАЛА МА?

Өмірден өткендер үшін үміт бар. Бұған сенуге бола ма?

Өмірден өткендер үшін үміт бар. Бұған сенуге бола ма?

Өмірден өткендер қайта тіріледі дегенге сену аңқаулық па? Жоқ, олай емес. Құдайдың Пауыл есімді қызметшісі былай деген: “Егер Мәсіхке осы өмірде ғана үміт артсақ, онда барша адамдардың ішіндегі ең бейшарасы болар едік. Бірақ, шындық мынау — Мәсіх өлім ұйқысындағылардың алғашқысы болып тірілді” (Қорынттықтарға 1-хат 15:19, 20). Пауыл қайта тірілудің болатынын сөзсіз шындық деп білген. Өйткені Иса Мәсіхтің қайта тірілгені * соған кепілдік болды (Елшілердің істері 17:31). Сол себепті Пауыл Исаның өлім ұйқысынан тірілгендердің “алғашқысы” екенін айтты. Егер Иса алғашқысы болса, демек, қайта тірілетін басқалардың да болатыны қисынды емес пе?!

Әйүп пайғамбар Құдай туралы: “Сен өз қолыңнан шыққан жаратылысты көруді аңсайсың”,— деген (Әйүп 14:14, 15)

Қайта тірілудің болатынына сенімділік беретін тағы бір негіз бар. Ехоба — шындықтың Құдайы. Ол “өтірік айта алмайды” (Титке 1:2). Құдай жалған сөйлемеген және ешқашан олай етпейді. Оның адамдарды қайта тірілтетінін уәде етіп, тіпті солай ете алатынын көрсеткен соң, уәдесін орындамай қоюы мүмкін бе? Бұл ақылға еш сыймайды.

Ехоба не себепті болашақтағы қайта тірілу шарасын қамдаған? Өйткені ол бізді сүйеді. Әйүп пайғамбар: “Адам өлсе, қайтадан өмір сүре ала ма?”— деп сұраған. Сосын Құдайға сөзін арнап: “Сен шақырғанда, жауап беремін. Сен өз қолыңнан шыққан жаратылысты көруді аңсайсың”,— деген (Әйүп 14:14, 15). Әйүп көктегі сүюші Жаратушысы оны қайта тірілтуді аңсап зарығатынына сенімді болған. Құдай мұны қазір де қалай ма? “Мен Ехобамын, еш өзгермеймін”,— дейді Құдай (Малахи 3:6). Ол өмірден өткендердің қайта өмір сүріп, дендері сау және бақытты болғандарын әлі де қалайды. Баласын жоғалтқан әрбір ата-ана осыны аңсайды ғой. Ал Құдайдың олардан айырмашылығы — қалағанын іске асыруға оның құдіреті жетеді (Зәбүр 135:6).

Өлім — ең ауыр қасірет, бірақ Құдайдың оған қарсы дауасы бар

Сүйіктілерін жоқтап қайғырғандарды шексіз қуанышқа бөлеу үшін, Ехоба Құдай өзінің рухани Ұлына қайта тірілту құдіретін береді. Ал қайта тірілту шарасы Иса Мәсіхті қандай сезімге бөлейді? Досы Елазарды қайта тірілтпес бұрын, Елазардың туған әпкелері мен достарының қайғысын көріп, ол “көзіне жас алған” (Жохан 11:35). Ал басқа бір жолы, Наин қаласында ол жар дегенде жалғыз ұлынан айырылған жесір әйелді кезіктірді. Сонда Иса оны аяп кетіп: “Жыламаңыз”,— деді де, оның ұлын бірден өлімнен тұрғызды (Лұқа 7:13). Иә, Иса қайғы-қасірет пен өлімнің көзін құртуды аңсайды! Күллі адамзаттың қайғы жасын қуаныш жасына айналдыру ол үшін бір ғанибет болары сөзсіз!

Сіздің де жақыныңыздан айырылып, аза тұтқан кезіңіз болған шығар. Сол кезде “өлімге дауа жоқ” деп күңіренген боларсыз. Әйтсе де өлімнің дауасы бар, ол — қайта тірілудің болатыны жайлы Құдайдың уәдесі. Ол мұны Иса Мәсіх арқылы жүзеге асырады. Құдай соған сіздің өз көзіңізбен куә болғаныңызды қалайды. Жаныңызға жақын сүйікті жандарды құшағыңызға алып, қайта көріскендеріңіз — оның бірден-бір қалауы. Жақындарыңызбен бірге мәңгілік болашаққа жоспар құрып, ешқашан айырылыспайтын заманды елестетіп көріңізші!

Алдында айтылып кеткен Лайонел есімді кісі сөзін жалғап былай деді: “Қайтыс болғандардың қайта тірілетіні жайлы естігенде, сене қоймадым. Осыны айтқан кісіге де онша сенім артпадым. Бірақ Киелі кітаптан осыған көз жеткізгенде, шындық екеніне сендім! Енді мен атаммен қайта көрісуді қатты аңсаймын”.

Толығырақ мәлімет алғыңыз келе ме? Ехоба куәгерлері қайта тірілуге неліктен сенетінін Киелі кітаптан сізге қуана көрсетіп берер еді *.

^ 3-абзац Исаның қайта тірілгенінің дәлелін білу үшін Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап Құдайдың сөзі ме, әлде адамның сөзі ме?” (ор.) кітапшасының 78—86 беттерін қараңыз.