Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ӨМІРДЕН ӨТКЕНДЕР ӨМІРГЕ ОРАЛА МА?

Өмірден өткендер үшін қандай үміт бар?

Өмірден өткендер үшін қандай үміт бар?

Өлген адамдар қайта өмір сүре ала ма?

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ ЖАУАБЫ: “Қабірдегілердің бәрі оның [Исаның] даусын еститін уақыт келе жатыр, сонда олар қабірден шығады” (Жохан 5:28, 29).

Осылайша Иса пайғамбар болашақта, яғни Құдай Патшалығы билік еткен кезде көрдің қаңырап бос қалатынын айтқан. Алдыңғы мақалада сөз етілген Фернандо былай дейді: “Жохан 5:28, 29-дағы сөздерді бірінші рет оқығанымда қатты таңғалдым. Бұл маған үміт берді әрі болашаққа сеніммен қарайтын болдым”.

Әділ адам болған Әйүп күндердің күнінде Құдай оны қайта тірілтетініне үміттенген. Ол: “Адам өлсе, қайтадан өмір сүре ала ма?”—деп сұраған. Сосын сенімділікпен былай деген: “Мен құлдықта жүрген күндерім [көрде болған уақытым] біткенше, бостандық алатын күнім келгенше күтемін. Ал сен шақырғанда, жауап беремін” (Әйүп 14:14, 15).

Елазардың қайта тірілгені болашаққа керемет үміт береді

Елазардың әпкесі Марта қайта тірілудің болатынын білетін. Елазар қайтыс болғаннан кейін Иса пайғамбар оған: “Бауырың қайта тіріледі”,— деді. Сонда Марта оған былай деп жауап берді: “Оның ақырғы күні болатын қайта тірілу кезінде тірілетінін білемін”. Иса оған: “Қайта тірілу және өмір — менмін. Маған сенген адам өлсе де, қайта өмір сүреді”,— деді (Жохан 11:23—25). Сосын Иса бірден Елазарды қайта тірілтті! Жанға жылу беретін бұл оқиға болашақта үлкен көлемде орын алатын қайта тірілуді елестетуге көмектеседі. Иә, қайта тірілу дүниежүзі бойынша болмақ!

Көкке көтерілетіндер бола ма?

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ ЖАУАБЫ: Құдай Сөзінен білетініміздей, Иса Мәсіхтің қайта тірілуі басқа сегіз адамның қайта тірілуінен ерекше. Сегіз адам жер бетіндегі өмірге оралды. Алайда Киелі жазбаларда Исаның қайта тірілуі жайлы былай делінген: “Мәсіх көкке көтеріліп, Құдайдың оң жағына отырды” (Петірдің 1-хаты 3:21, 22). Иса көктегі өмірге қайта тірілген жалғыз тұлға ма? Бұдан алдын ол елшілеріне былай деген болатын: “Барып, орын дайындаған соң, қайтып келіп, өзім болатын жерде болуларың үшін, сендерді үйге алып кетемін” (Жохан 14:3).

Мәсіх көкке көтеріліп, шәкірттерінің кейбіріне сол жерден орын дайындады. Көкке көтерілетін сол адамдардың толық саны 144 000 болмақ (Аян 14:1, 3). Алайда Исаның бұл ізбасарлары онда не істейді?

Оларды көкте үлкен жұмыс күтіп тұр! Жазбаларда былай делінген: “Алғашқы қайта тірілуге қатысқандар бақытты әрі қасиетті. Оларға екінші өлімнің билігі жүрмейді, қайта, Құдай мен Мәсіхтің діни қызметкерлері болып, Мәсіхпен бірге 1000 жыл бойы патшалық етеді” (Аян 20:6). Көктегі өмірге қайта тірілген адамдар Мәсіхпен бірге діни қызметкер әрі патша ретінде жер бетіне билік ететін болады.

Тағы да кім қайта тіріледі?

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ ЖАУАБЫ: Құдай рухының жетелеуімен елші Пауыл былай деген: “Мен де олар сияқты, Құдайдың әділдерді де, әділетсіздерді де қайта тірілтетініне үміттенемін” (Елшілердің істері 24:15).

Құдай Сөзі дүниеден озған миллиардтаған адамның қайта өмір сүретініне сенімділік береді

Пауыл айтқан “әділдер” тобына кімдер кіреді? Бір мысалды қарастырып көрейік. Адал қызметшісі Даниялдың қартайған шағында, Құдай оған: “Сен тыным табасың, ал күндердің соңында үлесіңді алу үшін тұрасың”,— деген (Даниял 12:13). Даниял өлім ұйқысынан оянғанда, қайда болады? Киелі кітапта былай делінген: “Әділдер жерді мұра етеді, онда мәңгі бақи өмір сүреді” (Зәбүр 37:29). Ал Иса былай деп алдын ала айтқан: “Момындар бақытты, өйткені олар жерді мұра етеді” (Матай 5:5). Демек, Даниял және тағы басқа адал ерлер мен әйелдер жер бетінде мәңгі өмір сүру үшін қайта тіріледі.

Ал “әділетсіздер” тобына кімдер жатады? Оған жер бетінде бір кездері өмір сүріп, қайтыс болып кеткен миллиардтаған адамдар жатады. Бұл адамдардың көбісінде Киелі кітаптағы шындықты түсінуге және өмірлерінде қолдануға мүмкіндігі болмаған. Ал қайта тірілген соң, бұл адамдар Ехоба * мен Иса жайлы білім ала алады және оларға деген ризашылықтары арта түседі (Жохан 17:3). Құдайға қызмет етуді таңдағандардың барлығы әрі қарай да мәңгі жасау үмітіне ие болады.

Құдайға қызмет етуді таңдағандардың барлығы бақыт пен зор денсаулыққа ие болып, өмірлері мәңгілікке ұласады

Жер беті қандай болады?

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ ЖАУАБЫ: “Құдай олардың көзіндегі әрбір жасты сүртіп тастайды, енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды” (Аян 21:4). “Жұрт үйлер салып, соларға қоныстанады, жүзімдіктер отырғызып, жемісін жейтін болады” (Ишая 65:21).

Осындай керемет өмірге қайта оралған сүйікті жақындарыңызбен бірге рақат өмір сүріп жатқаныңызды елестетіп көріңізші! Алайда қайта тірілудің шын мәнінде болатынына сенуге бола ма?