Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Бұл кімнің жобасы?

Бұл кімнің жобасы?

Бүгінде көптеген ғалымдар мен инженерлер табиғаттан көп нәрсеге үйренуге болатынын айтады (Әйүп 12:7, 8). Олар әртүрлі тіршілік иелерінің құрылымын зерттеп, сондағы ерекшеліктерді нұсқа ретінде қолданады. Сөйтіп соның негізінде жаңа өнім жасайды не бұрынғыларын жетілдіріп жатады. Ғылымның бұл саласы биомиметика деп аталады. Осы бөлімдегі мысалдарды оқығанда, мына жайлы ойланып көріңізші: тіршілік иелерінің құрылымын керемет етіп ойластырған кім?

Киттің жүзбеқанаттарын үлгі ету

Ұшақ жасаушылардың құныс киттен үйренері көп. Ересек киттің салмағы шамамен 30 тонна. Бұл жүк тиелген көліктің салмағына тең. 12 метрлік осы киттің жүзбеқанаттары үлкен, денесі мығым келеді әрі суда айтарлықтай шапшаң қозғалады.

Зерттеушілерді осы алып денелі киттің асқан ептілікпен кішігірім шеңберлер жасап жүзе алатыны қатты қызықтыратын. Зерттеулердің нәтижесінде мәселе оның жүзбеқанаттарының пішінінде екені анықталды. Киттің жүзбеқанаттарының алдыңғы жиегі ұшақтың қанаттарындай тегіс емес, иірімді болып келеді.

Кит қатты жылдамдықпен жүзгенде жүзбеқанаттарындағы иірімдер жоғары қарай көтерілуін жеңілдетіп, судың қарсылық күшін азайтады. Қалайша? “Жаратылыстану” журналында түсіндірілгендей, кит тіпті кілт көтерілген күннің өзінде иірімдер су ағынының жүзбеқанаттардың бойымен жеңіл әрі біркелкі өтуіне септігін тигізеді10.

Табиғаттың патент иесі кім?

Киттің осы бір ерекшелігін аэронавтикада қалай қолдануға болады? Ұшақ қанатын аталмыш жүзбеқанаттарға ұқсас етіп жасаса, ауа ағынын реттеуге арналған құрылғылардың саны азаяр еді. Мұндай ұшақтың қауіпсіз әрі жөндеуге жеңіл болары анық. Биомеханика саласының сарапшысы Джон Лонг көп ұзамай әрбір ұшақтың қанатында құныс киттікіндей иірімдер болатынына сенімді екенін айтады11.

Шағала қанаттарын үлгі ету

Ұшақ қанаттары құс қанатының пішініне ұқсас етіп жасалған. Жуырда инженерлер оны жетілдіре түсудің жолын тапты. “Нью сайентист” журналында бұл жайлы былай делінген: “Флорида университетінің мамандары жерден басқарылатын ұшақ үлгісін жасап шығарды. Ол шағала сияқты ауада қалқып, төмен қарай шүйіліп, тіпті кілт жоғары көтеріле алады”12.

Қанатының шынтақ пен иық буындарын ептілікпен бүгу арқылы шағала әуеде неше түрлі қимыл-қозғалыстар жасайды. Аталмыш журналда айтылғандай, қанаты шағаланікіндей иілгіш болу үшін “61 сантиметрлік ұшақта кішігірім мотор орнатылған. Ол қанаттарды қозғалысқа түсіретін сымдарды басқарып тұрады”. Осы кішкентай ұшақ асқан шеберлікпен жасалған қанаттарының арқасында көп қабатты ғимараттардың арасында қалықтап, тіпті төмен қарай шүйіле алады. Кейбір әскери қызметкерлер үлкен қалаларда химиялық не биологиялық қаруларды іздеп табу үшін бағытын жылдам өзгерте алатын осындай ұшақ жасап шығаруды ойластыруда.

Шағаланың аяғын үлгі ету

Шағала мұздың үстінде тұрса да тоңбайды. Мұның бір себебі суық аймақта тіршілік ететін құстардың ерекшелігімен түсіндіріледі. Бұл ерекшелік қарама-қарсы бағытты жылуалмастырғыш деп аталады.

Жылу суық қанға беріліп, денеде сақталады. Суық аяқта қалады

Жылуалмастырғыш деген не? Мұны түсіну үшін қатар тұрған екі су құбырын елестетейік. Бірінің бойымен ыстық су, ал екіншісінің бойымен суық су ағады делік. Ыстық су мен суық судың екеуі де төмен қарай ағатын болса, ыстық судағы жылудың шамамен жартысы ғана суық суға беріледі. Ал егер олар қарама-қарсы бағытта ағатын болса, суық суға жылу толығымен дерлік беріледі.

Шағала мұздың үстінде тұрғанда, оның аяқтарындағы жылуалмастырғыштар мұздай табандарынан денесіне қайтқан қанды жылытып отырады, сондай-ақ жылудың табандарына жетіп ысырап болмай, денесінде сақталуына септігін тигізеді. Механика мен аэронавтика саласының инженері Артур Фрас мұны “дүниедегі ең үздік үлгідегі жылуалмастырғыштардың бірі” деп атады13. Бүгінде инженерлер мұндай тапқырлықты кеңінен қолдануда.

Құрметке кім лайық?

Сауытты балықтың пішіні бойынша жасалған көлік ауаның қарсылық күшін азайта алады

АҚШ-тың аэронавтика мен ғарыш кеңістігін зерттеу жөніндегі ұлттық басқармасы шаян сияқты жорғалай алатын көпаяқты робот жасап шығаруды ойластырып жатыр. Ал Финляндиядағы инженерлер болса кедергілердің үстінен өтіп кете беретін алты аяқты трактор құрастырды. Тағы басқалары кішкентай желбіршектері бар мата жасап шығарды. Бұл желбіршектер шырша бүрінің қабыршақтары сияқты өздігінен ашылып-жабыла алады. Осындай матадан тігілген киім адам денесінің температурасына бейімделіп отырады. Көлік өндірісінің мамандары сауытты балықтың пішініне ұқсас етіп көлік жасап шығармақ. Мұндай үлгіде жасалған көлік ауаның қарсылық күшін әлдеқайда азайта алады. Өзге зерттеушілер жеңіл де мықты оққағар жасап шығару үшін моллюскінің соққыны бәсеңдете алатын бақалшағын зерттеуде.

Дельфиннің есту қабілеті адамдар ойлап тапқан құрылғылардың қай-қайсысынан да асып түседі

Табиғаттан алуға болатын ғажап идеялардың көптігі сонша, зерттеушілер арнайы дерекқор жасап, олардың мыңдаған түрін енгізіп қойды. “Экономист” журналында жазылғандай, ғалымдар “өз өндірісінде туындаған мәселелердің табиғи шешімін” табу үшін осы дерекқорға жүгіне алады. Дерекқордағы “жобалар” биологиялық патенттер деген атаумен белгілі. Әдетте патент қандай да бір жаңа идеяны не құрылғыны ойлап тауып, оны тіркеген тұлғаға не ұйымға беріледі. Дерекқорға енгізілген биологиялық патенттерге қатысты “Экономист” журналында былай делінген: “Ғалымдар табиғаттан алынған таңғажайып жобаларды “биологиялық патенттер” деп атауымен, түптеп келгенде, олардың патент иесі табиғат екенін мойындап отыр”14.

Зерттеушілер моллюскі бақалшағының соққыны бәсеңдете алатын қабілетін зерттеуде

Табиғаттағы осындай ғажап идеялар қайдан пайда болды? Көптеген зерттеушілер миллиондаған жылға созылған эволюцияның арқасында пайда болды деп түсіндіреді. Ал өзгелері басқа пікір ұстанады. “Нью-Йорк таймс” газетінде (2005 жыл, 7 ақпан) микробиолог Майкл Бихидің келесідей пікірі жарияланған болатын: өсімдіктер мен жануарлардың құрылымынан олардың арнайы ойластырылып жасалғаны ап-айқын көрінеді. Бұдан олардың жаратушысы бар деген анық қорытынды шығады. Алайда кейбіреулер үшін бұл тым қарапайым болып көрінгендіктен, олар табиғат кереметтерінің пайда болуын әлдеқайда күрделі себептермен түсіндіруге тырысады15.

Жармасқы молекулааралық күштің арқасында теп-тегіс төбеде жорғалай береді

Анағұрлым қауіпсіз ұшақ, ыңғайлы киім не заманауи көлік жасап шығарған адам құрметке лайық болары сөзсіз. Ал басқа біреудің жобасын өз өндірісінде қолданып, заңды иесін мойындамайтын адам қылмыскер саналады.

Мына жайлы ойланып көріңізші: тәжірибелі мамандар табиғат ерекшеліктерін үлгі ете отырып, өндірісте туындаған қиын мәселелерді шешіп жатады. Алайда кейбіреулер түпнұсқадан, яғни табиғаттан, алынған таңғажайып идеяларды ойлау қабілеті жоқ эволюцияға телиді. Қалай ойлайсыз, бұл ақылға қонымды ма? Егер көшірменің өзін жасауға саналы құрастырушы қажет болса, онда оның түпнұсқасы жайлы не деуге болады? Расында да, қайсысы көбірек құрметке лайық, түпнұсқаны жасаған ұстаз ба, әлде көшірмесін жасаған шәкірт пе?

Қисынды тұжырым

Көптеген адамдар дәлелдерді қарастырған соң, Киелі кітаптағы келесі сөздермен келіседі: “Тәңірдің көзге көрінбейтін қасиеттері — Оның мәңгілік кұдіреті мен құдайлық болмысы дүние жаратылғаннан бері айқын: бұларды Оның жаратқан нәрселерінен байқап, түсінуге болады” (Римдіктерге 1:19, 20).