Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ғылым және Киелі кітаптағы жарату ісі

Ғылым және Киелі кітаптағы жарату ісі

Кейбір адамдар Құдай сөзі Киелі кітапты оқи отырып, сонда сипатталған тіршіліктің жаратылуы жайлы мәліметті тікелей түсініп жатады: олар бүкіл әлем алты-ақ тәулікте, осыдан бірнеше мың жыл бұрын ғана жаратылды деп ойлайды. Алайда кейбіреулер бұл ғылымға қайшы келеді, өйткені айғақтарға сай, ғаламның пайда болғанына әлдеқайда көп уақыт болды деп есептейді.

Шындығына келгенде, Киелі кітап пен ғылымның арасында еш қайшылық жоқ. Киелі кітапты мұқият зерттеу арқылы осыған көз жеткізуге болады. Қазір бұл кітапта шын мәнінде не айтылғанын қарастырып көрейік.

Киелі кітап жер мен ғалам алты-ақ тәулікте, осыдан бірнеше мың жыл бұрын ғана жаратылды деп үйретпейді

Ғалам қашан пайда болды?

Киелі кітаптың алғашқы тарауы мынадай анық та пәрменді сөздермен басталады: “Әуел баста Құдай аспан мен жерді жаратты” (Жаратылыс 1:1). Бірқатар Киелі кітап зерттеушілері бұл жайттар сол тараудың 3-ші тармағынан бастап баяндалатын жарату күндеріне кірмегенін растайды. Бұдан мынадай маңызды қорытынды шығады: жер планетасы және бүкіл ғалам жарату күндерінен бұрын пайда болып, белгісіз уақыт бойы бар болған.

Геологтар мен астрономдардың есептеуінше, жердің пайда болғанына 4 миллиард, ал ғаламның пайда болғанына 15 миллиард жыл болды. Осы айғақтарға Жаратылыс 1:1-дегі сөздер қайшы келе ме? Жоқ. Киелі кітапта “аспан мен жердің” жасы нақты көрсетілмеген. Демек, бұл орайда Киелі кітап пен ғылымның арасында қайшылық жоқ.

Жарату күндері қанша уақытқа созылды?

Ал жарату күндерінің ұзақтығы жайлы не деуге болады? Олардың әрқайсысы тура мағынада 24 сағатқа созылған ба? Киелі жазбаларды мұқият қарастырар болсақ, олай емес екенін көреміз. Киелі кітапта “күн” деп аударылған еврей сөзі 24 сағатқа созылған бір тәулікті ғана білдірмейді, ол уақыттың әртүрлі ұзақтығына нұсқауы мүмкін. Мысалы, Мұса пайғамбар екі жағдайда да — жарату күндерінің жеке әрқайсысы туралы айтқанда да, барлық алты күнді бір кезең ретінде сипаттағанда да — осы еврей сөзін қолданған (Жаратылыс 2:4) a. Бұған қоса, бірінші жарату күні Құдай “жарықты күн, ал қара түнекті түн деп атаған” (Жаратылыс 1:5). Байқасақ, мұндағы “күн” сөзі бір тәуліктің жартысына ғана нұсқайды. Осы айтылғандардан мынадай қорытынды шығады: Киелі кітап әрбір жарату күні тура мағынада 24 сағатқа созылды деп ойлауға еш негіз бермейді.

Сонда жарату күндері қанша уақытқа созылды? Киелі кітапта бұл нақты көрсетілмеген. Сөйтсе де жарату күндерінің қалай сипатталғанына қарап, олардың өте ұзақ уақытты қамтығанын көруге болады.

Алты жарату мерзімі

Мұса пайғамбар тіршіліктің жаратылуын еврей тілінде әрі жер бетінде тұрған адамның тарапынан баяндаған. Осы екі жайтты және ғаламның алты жарату “күнінен”, яғни мерзімінен, бұрын пайда болғанын ескергеніміз жарату күндерінің анағұрлым ұзақ уақытқа созылғанын түсінуге көмектеседі.

Кей жаратылыстардың пайда болуы бірнеше “күнге” созылған

Тіршіліктің жаратылуы жайлы үзіндіге мұқият ден қойсақ, кей жайттардың бірнеше “күнге” жалғасқанын байқауға болады. Мысалы, Күнді алайық. Ол бірінші жарату “күніне” дейін пайда болғанмен, жарығы әлі жер бетіне түспеген еді. Бұған жер шарын қоршап тұрған қалың бұлт қабаты кедергі болған көрінеді (Әйүп 38:9). Бұлттар бірінші “күні” сейіле бастады да, жарық жер бетіне түсетін болды b.

Екінші “күні” атмосфера тазара түскен көрінеді. Осының арқасында қалың бұлт қабаты мен мұхит арасында кеңістік пайда болды. Атмосфера бірте-бірте толығымен тазарып, төртінші “күні” аспанда Күн мен Ай пайда болды (Жаратылыс 1:14—16). Басқаша айтқанда, олар жер бетінде тұрған адамға көрінетін болды. Бұл жайттар бірте-бірте орын алған еді.

Бесінші “күні” жарғақ қанаттылар мен басқа да шыбын-шіркейге қоса, барлық қанатты тіршілік иелері пайда бола бастады.

Киелі кітапта жаратылыстың қалай сипатталғанына қарап, мынадай тұжырым жасауға болады: әрбір жарату күніндегі, не мерзіміндегі, жайттар қысқа уақытта емес, бірте-бірте орын алған, олардың кейбірі тіпті келесі жарату күндеріне дейін созылған c.

Тұқымына қарай

Өсімдіктер мен жануарлардың ұзақ уақыт аралығында пайда болғаны Құдай оларды эволюция арқылы жаратты дегенді білдіре ме? Жоқ, олай емес. Киелі кітапта Құдайдың өсімдіктер мен жануарлардың барлық негізгі “тұқымдарын” жаратқаны айтылған (Жаратылыс 1:11, 12, 20—25 Тт). Тіршілік иелерінің осы алғашқы “тұқымдары” қоршаған ортаға бейімделе алатындай қабілетпен жаратылған ба? “Тұқымның” шектеулері немен анықталады? Киелі кітапта бұл жайлы ештеңе айтылмаған. Алайда онда тіршілік атаулының “тұқымдары бойынша” жаратылғаны айтылған (Жаратылыс 1:21 Тт). Демек, қандай да бір жаратылыстың сан-алуандығы “тұқым” деңгейінен аспайды. Палеонтологиялық деректер де, бүгінгі күнгі зерттеулер де өсімдіктер мен жануарлардың негізгі топтары ұзақ уақыт аралығында аса өзгере қоймағанын дәлелдейді.

Бүгінгі күнгі зерттеулер тіршілік атаулының барлығы “тұқымы бойынша” көбейетінін растайды

Қорыта айтқанда, Киелі кітап бүкіл ғалам қысқа уақыт аралығында осыдан аз уақыт бұрын пайда болды деп үйретпейді. Қайта, сонда баяндалған жарату ісі бүгінгі ғылыми айғақтармен үйлеседі.

Философияның ықпалына берілген көптеген ғалымдар барлығын Құдай жаратты деген Киелі кітап көзқарасымен келіспейді. Алайда көңіл қоюға тұрарлық бір жайт бар: Киелі кітаптың алғашқы жазушысы Мұса пайғамбар ғаламның бастамасы болғанын, сондай-ақ тіршілік иелерінің ұзақ уақыт аралығында рет-ретімен пайда болғанын айтқан. Осындай ғылыми тұрғыдан тура мәліметті Мұса 3 500 жыл бұрын қайдан білген? Бұның бір ғана қисынды жауабы бар: мұндай мәліметті оған көк пен жерді жаратқан құдіретті де дана Тұлға берді. Киелі кітаптың ғылыми тұрғыдан тура екені оның “Құдай Рухының жетелеуімен” жазылғанын растайды (Тімотеге 2-хат 3:16) d.

Десе де сіз Киелі кітаптағы жарату ісіне сеніп-сенбейтінім қаншалықты маңызды деп ойларсыз. Келесі мақалада мұның маңызды екендігінің келелі себептері келтіріледі.

a Жаратылыс 2:4-тегі аталмыш еврей сөзі қазақ тіліндегі Киелі кітапта кез ретінде сипатталған.

b Бірінші жарату “күні” пайда болған жарыққа қатысты ор деген еврей сөзі қолданылған. Бұл сөз жалпы жарықты білдіреді. Ал төртінші “күнгі” жарыққа қатысты ма’ор сөзі қолданылған. Ол жарық көзіне, яғни Күннің өзіне, нұсқайды.

c Мысалы, Құдай алтыншы жарату күні адамдарға “ұрпақтарын жайып, жер бетін толтыруды” бұйырған (Жаратылыс 1:28, 31). Алайда бұл жайт жетінші “күні” бір-ақ орын алды (Жаратылыс 2:2).

d Көбірек білу үшін jw.org сайтына кіріп, “Киелі кітаптың Құдайдан екенін қайдан білеміз?” деген қысқаша видеоны көруге шақырамыз.