Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ішімдіктің шегін қалай білуге болады?

Ішімдіктің шегін қалай білуге болады?

 Кейбіреулер стресс сезінгенде, жалғызсырағанда не іштері пысқанда, спирттік ішімдікті көбірек ішіп жатады. Сіз бұрынғыға қарағанда жиірек іше бастағаныңызды байқадыңыз ба? Ішімдікті тым көп ішіп жүрмегеніңізді немесе оған тәуелді болып бара жатпағаныңызды қалай біле аласыз? Бұл ретте сізге төмендегі кеңестердің көмегі тиіп қалар.

 Ішімдіктің орынды мөлшері қанша?

 Киелі кітап кеңесі: “Шарап ішкіштердің арасында болма” (Нақыл сөздер 23:20).

 Көңіл қойыңыз. Алкогольді ішімдіктерді орынды мөлшерде ішуге Киелі кітапта тыйым салынбаған (Уағыздаушы 9:7). Алайда Киелі кітап мас болғанша ішу мен салынып ішуді құптамайды (Лұқа 21:34; Ефестіктерге 5:18; Титке 2:3). Көп ішкеннен адам маскүнем болып кетпесе де, бұл оның санасын улайды, денсаулығын құртады және өзгелермен арақатынасын бұзады (Нақыл сөздер 23:29, 30).

 Біраз елдерде алкогольді ішімдіктің қауіп келтіретін және қауіп келтірмейтін нормасы орнатылған. Сол норма күніне немесе аптасына қанша мөлшерде ішуге болатынын көрсетеді a. Десе де әрбір адам әртүрлі көтереді. Ал кейде ішімдікті мүлдем ішпеген дұрыс. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуіне сай:

 “Аз ішкеннің өзі көп болуы мүмкін. Мысалы:

  •   көлік айдағанда не техникамен жұмыс істегенде;

  •   жүктілік кезінде я бала емізгенде;

  •   ем қабылдап жүргенде;

  •   қандай да бір ауруыңыз болса;

  •   өз-өзіңізді тоқтата алмасаңыз”.

 Маскүнемдіктің белгілері қандай?

 Киелі кітап кеңесі: “Жолымызды тексеріп, саралайық” (Еремияның зары 3:40).

 Көңіл қойыңыз. Ішімдіктің зардабы тимес үшін қанша ішетініңізді тексеріп отырыңыз. Керек болса, өзгеріс жасаңыз. Артық ішіп жатсыз ба, жоқ па — соны анықтауға мына белгілер көмектеседі:

  •   Көңілді болу үшін сізге ішімдік керек. Сіз ішпесеңіз босаңси алмай, адамдармен араласуға қиналасыз, ойнап-күле алмайсыз. Қиындықтармен күресу үшін де сізге ішу қажет.

  •   Бұрынғыға қарағанда көп ішесіз. Сіздің ішуіңіз жиілеп кетті. Бұрынғыдай әсер алу үшін ащы судың күштірегіне өттіңіз.

  •   Ішімдіктің кесірінен үйде, жұмыста қиындықтар туындап жатыр. Мысалы, қалтаңыз көтермесе де, ішімдікке көп ақша жұмсайтын болдыңыз.

  •   Ішіп алған соң ессіз әрекет етесіз. Мысалы, көлік айдайсыз, шомылуға барасыз не техникамен жұмыс істей бастайсыз.

  •   Сіздің ішіп жүргеніңіз басқаларды уайымдатады. Олар бұл жайында айта бастағанда, ақталып шыға келесіз, ішіп жүргеніңізді басқалардан жасыруға тырысасыз. Яки қанша ішіп жүргеніңіз жайлы өтірік айтасыз.

  •   Ішуді еш қоя алмайсыз. Аз ішіп я мүлдем ауызға алмауға тырыстыңыз, бірақ қолыңыздан еш келмеді.

 Шегін біліп ішуге көмектесетін бес кеңес

 1. Жоспар құрыңыз

 Киелі кітап кеңесі: “Ынталының жоспарлары табысқа жетелер” (Нақыл сөздер 21:5).

 Істеп көріңіз. Ішімдікті аптаның қай күндері ішетініңізді анықтап алыңыз және қанша мөлшерде ішетініңізге шек қойыңыз. Аптасына, кем дегенде, 2 күн ішпеуге тырысыңыз.

 “Ішімдікке тәуелді болмайын десеңіз, онда ең дұрысы — одан демалып тұру”,— делінген бір британдық еңбекте.

 2. Жоспарыңызды іске асырыңыз

 Киелі кітап кеңесі: “Енді соны аяғына дейін жеткізіңдер” (Қорынттықтарға 2-хат 8:11).

 Істеп көріңіз. Масайып қалмау үшін ішімдіктің құрамында қанша алкоголь бар екеніне мән беріңіз. Өзіңізге ұнайтын алкогольсіз сусындарды алып қойыңыз. Ішімдік ішкіңіз келгенде, орнына соны ішесіз.

 “Тіпті кішігірім өзгерістердің өзі ішімдіктің кесірінен туындайтын қиындықтарды азайтады”,— дейді алкогольдің кері әсері мен маскүнемдікті зерттейтін ұлттық институт (АҚШ).

 3. Шешіміңізден айнымаңыз

 Киелі кітап кеңесі: “Иә” дегендерің “иә”, “жоқ” дегендерің “жоқ” болсын” (Жақып 5:12).

 Істеп көріңіз. Сіз ішпеймін деп шешкен күні біреу ішімдік ұсынса, “жоқ” деп айтуға дайын болыңыз. Жауабыңыз сыпайы, бірақ нық болсын.

 “Ұсыныстарға бірден жоқ деп айтсаңыз, оларға беріліп қалуыңыз екіталай”,— деп мәлімдейді алкогольдің кері әсері мен маскүнемдікті зерттейтін ұлттық институт (АҚШ).

 4. Пайдалы жақтарына назар аударыңыз

 Киелі кітап кеңесі: “Істің бастамасынан гөрі соңы артық” (Уағыздаушы 7:8).

 Істеп көріңіз. Ішімдікті қанша ішетініңізді не үшін қадағалағыңыз келетіннің себептерін жазып шығыңыз. Сол себептерге ұйқының, денсаулықтың, өзгелермен арақатынастың жақсаруын және қаражаттың үнемделуін қосып қойыңыз. Ішімдікке қатысты шешімдеріңізді өзгелерге айтқанда, қиын жақтарына емес, пайдалы жақтарына назар аударыңыз.

 5. Көмекті Құдайдан іздеңіз

 Киелі кітап кеңесі: “Себебі маған күш-қуат берушінің арқасында бәрін де істей аламын” (Філіпіліктерге 4:13).

 Істеп көріңіз. Ішімдікке әуестеніп бара жатқандай сезінсеңіз, Құдайға дұға қылыңыз. Дұғада ұстамдылық сұраңыз, күресуге күш-қуат сұраңыз b. Сондай-ақ оның Сөзі — Киелі кітапта қандай ақыл-кеңестер бар екенін біліңіз. Алланың демеуімен өз-өзіңізді қадағалау қолыңыздан келеді.

a Мысалы, Германиядағы тәуелділік мәселесімен айналысатын орталық былай деп мәлімдейді: “Дені сау адам үшін алкогольдің қауіп келтірмейтін мөлшері... ер адамдар үшін күніне 24 грамм, ал әйелдер үшін 12 грамм. Бұл құрамында алкоголь мөлшері орташа сыраның 0,5—0,6 литріне, ал шараптың 0,25—0,3 литріне тең; әйелдер үшін осының жартысы”. Бұл норма әр елде әртүрлі. Сондықтан сізге алкогольдің қауіп келтірмейтін мөлшерін анықтау үшін дәрігермен ақылдасыңыз.

b Өз-өзіңізді қадағалау қиын болып жатса, маманның көмегіне жүгіну дұрыс болатын шығар.