Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ҚОСЫМША

1914 жыл — Киелі кітап пайғамбарлықтарында ерекше мәні бар жыл

1914 жыл — Киелі кітап пайғамбарлықтарында ерекше мәні бар жыл

КИЕЛІ КІТАПТЫ зерттеушілер 1914 жылы ерекше оқиғалардың орын алатынын ондаған жыл бұрын айтқан. Бұл қандай оқиғалар және 1914 жылдың сонша ерекше жыл екеніне не нұсқайды?

Лұқа 21:24-те Исаның келесі сөздері келтірілген: “Иерусалимді басқа ұлттар өздеріне белгіленген уақыт біткенше, аяқтарымен таптайды”. Иерусалим Яһуди халқының астанасы болған, әрі Дәуіт әулетінен шыққан патшалар билікті сол жерден жүргізген (Зәбүр 48:1, 2). Алайда олардың өзге халықтардың билеушілерінен үлкен ерекшелігі болған. Бұл патшалар Ехоба Құдайдың өкілдері ретінде “Ехобаның тағында” отырған (Шежірелер 1-жазба 29:23). Сондықтан Иерусалим Ехобаның билігін бейнелеген.

Алайда Құдайдың билігін “басқа ұлттар аяқтарымен таптауды” қалай және қашан бастаған? Бұл уақыт б. з. б. 607 жылы бабылдықтар Иерусалимді жаулап алғанда басталды. Сол кезден бастап Ехобаның тағында ешкім отырмайтын болды да, Дәуіттің әулетінен шыққан патшалар тізбегі үзіліп қалды (Патшалар 2-жазба 25:1—26). Ехобаның билігі мәңгі “таптала” беру керек пе еді? Жоқ, өйткені Езекиел пайғамбар Иерусалимнің соңғы патшасы Седекия жөнінде былай деген: “Басыңдағы шалмаң мен тәжіңді шеш... Заңды иесі келмейінше, ол ешкімге берілмейді. Мен оны саған табыстаймын” (Езекиел 21:26, 27). Дәуіттің тәжінің “заңды иесі”— Иса Мәсіх (Лұқа 1:32, 33). Сонымен Иса патша тағына отырған кезде, Ехобаның билігінің “тапталатын” уақыты аяқталмақ еді.

Осы маңызды оқиға қашан болу керек еді? Исаның сөздеріне сай, басқа ұлттар белгілі бір уақыт билік ету керек-тін. Даниял кітабының 4-тарауындағы мәлімет бұл уақыттың қаншаға созылғанын түсінуге көмектеседі. Онда Бабыл патшасы Навуходоносордың пайғамбарлық мәні бар түс көргені жөнінде әңгімеленеді. Ол түсінде төбесі аспанға дейін жететін ағаштың шабылып тасталғанын көреді. Түбіріне темір және мыс құрсау салынғандықтан, ол өсе алмады. Бір періште: “жеті уақыт” өтсін,— деп жариялады (Даниял 4:10—16).

Киелі кітапта ағаш кейде билікті бейнелейді (Езекиел 17:22—24; 31:2—5). Сонымен шабылып тасталған ағаш Иерусалимдегі патшалар арқылы жүзеге асырылып отырған Құдайдың билігінің үзіліп қалатынына нұсқаған. Алайда аянда айтылғандай, Иерусалим уақытша, яғни “жеті уақыт”, “тапталмақ” еді. Бұл қанша уақытты білдіреді?

Аян 12:6, 14-тен үш жарым уақыттың “1260” тең екені көрінеді. Сондықтан “жеті уақыт” екі есе ұзақ, немесе 2520 күн, болу керек. Бірақ Иерусалим күйрегеннен кейін 2520 күн өткен соң, халықтар Құдайдың билігін “таптауды” доғарған жоқ. Олай болса, бұл пайғамбарлықтың анағұрлым ұзақ уақытты қамтитыны анық. Мұсаның 4-жазбасы 14:34 пен Езекиел 4:6-дағы “бір жыл үшін бір күн” деген принципке негізделер болсақ, “жеті уақыт” 2520 жылға тең болады.

2520 жылдық уақыт б. з. б. 607 жылы қазан айында бабылдықтар Иерусалимді күйретіп, Дәуіт әулетінен шыққан патшаны тағынан түсіргенде басталды. Ал 1914 жылдың қазан айында бұл кезең аяқталды. Сол кезде “басқа ұлттарға белгіленген уақыт” аяқталып, Иса Мәсіх Құдай тағайындаған Патша ретінде таққа отырды * (Зәбүр 2:1—6; Даниял 7:13, 14).

Иса өзі Патша ретінде көкте билік ететін уақытта соғыс, ашаршылық, жер сілкіністер мен індеттер сияқты жан түршігерлік оқиғалар болатынын алдын ала айтқан (Матай 24:3—8; Лұқа 21:11). Дүниеде орын алып жатқан осындай оқиғалар 1914 жылы Құдай Патшалығы орнағанының және осы зұлым дүниенің соңғы күндерінің басталғанының бұлтартпас дәлелі болып табылады (Тімөтеге 2-хат 3:1—5).

^ 4-абзац Б. з. б. 607 жылдың қазан айы мен б. з. б. 1 жылдың қазан айының аралығы 606 жылға тең. Нөлінші жыл болмағандықтан, б. з. б. 1 жылдың қазан айы мен б. з. 1914 жылының қазан айының аралығы 1914 жыл. 606 жыл мен 1914 жылдың қосындысы 2520 жылға тең. Иерусалимнің б. з. б. 607 жылы күйрегеніне қатысты қосымша мәліметті Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі жазбаларды түсіну” энциклопедиясындағы (ор.) “Хронология” тақырыбынан табуға болады.