Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОНЫНШЫ ТАРАУ

Рухани жаратылыстар бізге қалай әсер етеді?

Рухани жаратылыстар бізге қалай әсер етеді?
  • Періштелер бізге көмектесе ме?

  • Зұлым рухтар адамдарға қалай әсер етеді?

  • Зұлым рухтардан қорқуымыз керек пе?

1. Неге періштелер туралы көбірек білгеніміз дұрыс?

АДАМДЫ жақсы білу үшін оның отбасымен де танысу керек. Сол сияқты Ехоба Құдайдың періштелерден тұратын көктегі отбасымен танысар болсақ, оны жақсырақ білеміз. Киелі кітапта періштелер “Құдай ұлдары” деп аталады (Әйүп 38:7). Ал Құдайдың ниетінде олар қандай орын алады? Адам баласының тарихында орын алған оқиғаларда олардың қандай да бір рөлі болған ба? Періштелер сенің өміріңе әсер ете ме? Әсер етсе, қалайша?

2. Періштелер қалай пайда болған және олардың саны қанша?

2 Киелі кітапта періштелер жөнінде жүздеген рет айтылған. Осы рухани жаратылыстар жөнінде көбірек білу үшін сондай үзінділердің кейбірін қарастырып көрейік. Періштелер қалай пайда болған? Қолостықтарға 1:16-да: “Көктегі мен жердегінің... бәрі сол арқылы жаратылды,”— делінген. Бұл — періштелер деп аталатын рухани жаратылыстардың бәрін өзінің тұңғыш Ұлы арқылы Ехоба Құдай жаратты деген сөз. Олардың саны қанша? Киелі кітапта жүздеген миллион періштелердің жаратылғаны және олардың бәрінің күшті екендігі айтылған (Зәбүр 103:20; Аян 5:11).

3. Әйүп 38:4—7 тармақтардан періштелер туралы не білуге болады?

3 Құдай Сөзі Киелі кітапта жер жаратылғанда, “Құдай ұлдарының бәрі шаттана мадақ айтқандары” туралы жазылған (Әйүп 38:4—7). Демек, періштелер адамдардың, тіпті жердің жаратылуынан ұзақ уақыт бұрын бар болған. Бұл үзіндіден періштелердің сезімдері бар екендігі көрінеді, өйткені олардың “шаттана мадақ айтқаны” айтылған. Байқасаң, мұнда “Құдай ұлдарының бәрі” қуанғаны жөнінде жазылған. Ол уақытта барлық періштелер тату-тәтті бір отбасы іспетті Ехоба Құдайға қызмет еткен.

ПЕРІШТЕЛЕРДІҢ ҚОЛДАП-ҚОРҒАУЫ

4. Адал періштелерді адамдардың игілігі қызықтыратыны Киелі кітаптан қалай көрінеді?

4 Алғашқы адам жаратылғаннан бері періштелер адам отбасын, сондай-ақ Құдай еркінің жерде қалай орындалып жатқанын мұқият бақылауда болды (Нақыл сөздер 8:30, 31; Петірдің 1-хаты 1:11, 12). Алайда уақыт өте келе періштелер адамдардың көбі сүйіспеншілікке толы Жаратушыларына қызмет етуді доғарғанын көрді. Бұлай болғаны адал періштелерді мұңайтқаны сөзсіз. Ал бір адам болса да Ехобаға қайта бет бұрса, “періштелер қуанады” (Лұқа 15:10). Оларды Құдайға қызмет етіп жүргендердің игілігі қатты қызықтырады, сондықтан Ехобаның періштелері арқылы жер бетіндегі адал қызметшілерін талай рет нығайтып, қорғағанына таңғалмаса да болады (Еврейлерге 1:7, 14 оқы). Сондай жағдайлардың кейбірін қарастырып көрейік.

“Менің Құдайым Өзінің Періштесін жіберіп, арыстандардың аузына қалқан қойды” (Даниял 6:22).

5. Киелі кітапта періштелердің адамдарға қолдау көрсеткені туралы қандай мәліметтер бар?

5 Азғындыққа толған Содом мен Ғомора қалалары жойыларда, екі періште Лут пен оның қыздарын сол жерден алып шығып, аман қалуларына көмектескен (Мұсаның 1-жазбасы 19:15, 16). Бірнеше ғасырдан кейін, жаулары Даниял пайғамбарды арыстандар бар апанға тастатады, бірақ еш зақым көрмеген ол: “Құдайым періштесін жіберіп, арыстандардың аузын жауып тастады”,— деді (Даниял 6:22). Б. з. І ғасырында бір періште елші Петірді абақтыдан құтқарды (Елшілердің істері 12:6—11). Сондай-ақ Иса жердегі қызметін бастағанда, оны періштелер нығайтқан (Марқа 1:13). Ал Иса өлерден аз уақыт бұрын бір періште келіп, оған “оны нығайтты” (Лұқа 22:43). Осындай маңызды шақтарда Иса үшін бұл зор жұбаныш болған болса керек!

6. а) Бүгінде періштелер Құдай халқын қалай қорғайды? ә) Қазір біз қандай сұрақтарды қарастырамыз?

6 Бүгінгі күні періштелер Құдайдың жердегі қызметшілеріне көрінбейді. Бірақ сол құдіретті періштелер Құдай халқын қорғауды доғарған жоқ. Періштелер оларды әсіресе рухани залалдан қорғайды. Киелі кітапта: “Ехобадан қорқатындарды айналдыра оның періштесі қос тігіп, Оларды құтқарады”,— делінген (Зәбүр 34:7). Неге бұл сөздер біз үшін зор жұбаныш болу керек? Өйткені бізді құртып жібергісі келетін зұлым рухани жаратылыстар бар. Бұл кімдер? Олар қайдан пайда болды? Қалай олар бізге жамандық жасағысы келеді? Осы сұрақтарға жауап табу үшін, адамзат тарихының басында болған оқиғаны қарастырып көрейік.

БІЗГЕ ЖАУ РУХАНИ ЖАРАТЫЛЫСТАР

7. Адамдарды Құдайдан бездіруде Шайтан қаншалықты жетістікке жетті?

7 Үшінші тараудан білгеніміздей, бір періште өзгелердің үстінен билік етуді көксеп, Құдайға қарсы шығады. Кейінірек бұл періште Шайтан Ібіліс ретінде танымал болады (Аян 12:9). Шайтан Хауаны азғырғаннан бастап, 16 ғасыр аралығында бүкіл адамзатты дерлік Құдайдан бездіріп жіберді, тек Әбіл, Енох және Нұх іспетті азғантай адам ғана адалдығын сақтап қалды (Еврейлерге 11:4, 5, 7).

8. а) Қалай кейбір періштелер жындарға айналды? ә) Нұхтың заманында болған Топан судан аман қалу үшін, жындар не істеді?

8 Нұхтың заманында Ехобаға қарсы бүлікке басқа періштелердің кейбірі қосылды. Олар көктегі отбасын тастап, адам кейпіне еніп, жерге түсті. Не үшін? Мұсаның 1-жазбасы 6:2-де былай делінген: “Періштелер адам қыздарының сұлу екенін көріп, таңдағандарын әйелдікке ала берді”. Бірақ Ехоба сол періштелердің әрекеттеріне және адамдарды азғырып жатқанына қарап отырмады. Ол жер бетіне топан су қаптатып, зұлым адамдарды жойып жіберді де, өзінің адал қызметшілерін ғана аман алып қалды (Мұсаның 1-жазбасы 7:17, 23). Сондықтан бүлікшіл періштелер, немесе жындар, адами тәндерін тастап, рухани жаратылыстар ретінде көкке оралуға мәжбүр болды. Олар Ібілістің жағына шықты, сөйтіп, ол “жындардың әміршісіне” айналды (Матай 9:34).

9. а) Жындар көкке оралған соң, олармен не болды? ә) Біз жындарға қатысты не нәрсені қарастырамыз?

9 Көкке оралғаннан кейін, тілазар періштелер де әміршілері Шайтан іспетті Ехобаның отбасынан қуылды (Петірдің 2-хаты 2:4). Бүгінде олар адам кейпіне ене алмағандарымен, әлі де адамзатқа өте жаман әсер етуде. Сол жындардың көмегімен Шайтан “бүкіл жержүзін адастыруда” (Аян 12:9; Жоханның 1-хаты 5:19). Қалайша? Жындардың қолданатын тәсілдері бар (Қорынттықтарға 2-хат 2:11 оқы). Қазір солардың кейбірін қарастырайық.

ЖЫНДАРДЫҢ ТӘСІЛДЕРІ

10. Спиритизм деген не?

10 Адамдарды алдау үшін жындар спиритизмді қолданады. Спиритизм деген — адамның, тікелей не делдал арқылы болсын, жындармен байланыста болуы. Киелі кітапта спиритизммен айналысу айыпталады және онымен байланысы бар кез келген нәрседен аулақ жүру керектігі ескертіледі (Ғалаттықтарға 5:19—21). Спиритизм жындар үшін балықшының қармақ жемі іспетті. Балықшы әртүрлі балық үшін әртүрлі қармақ жем қолданады. Дәл сол сияқты зұлым рухтар да әртүрлі адамдарды өздерінің ықпалына түсіру үшін спиритизмнің сан алуан түрін қолданады.

11. Сәуегейлік деген не және неге одан аулақ болғанымыз жөн?

11 Жындар қолданатын қармақ жемдердің бірі — сәуегейлік. Сәуегейлік деген не? Бұл — болашақты болжауға немесе беймәлім нәрсенің сырын ашуға әрекеттену. Сәуегейліктің жұлдызнамаға қарау, картамен немесе “сиқырлы” кристалл арқылы бал ашу, хиромантия, қандай да бір нәрсені не оқиғаны ырым ету, түс жору сияқты түрлері бар. Көп адам сәуегейлік етудің еш жамандығы жоқ деп ойлағанмен, Киелі кітапта сәуегейлік етуші мен зұлым рухтардың бірлесіп әрекет ететіні көрсетілген. Мысалы, Елшілердің істері 16:16—18 тармақтарда бойында жыны бар бір қыздың көріпкелдікпен айналысқаны айтылған. Ал әлгі қыздың бойынан жын қуылғанда, ол бұл қабілетінен айырылып қалады.

Жындар адамдарды алдау үшін сан алуан тәсілдерді қолданады

12. Өлілермен байланыста болуға тырысу неге қауіпті?

12 Жындардың адамдарды алдайтын тағы бір тәсілі бар. Бұл — оларды өлілермен сөйлесуге талпындыру. Жақсы көретін адамынан айырылып, қайғырып жүргендер жиі өлілерге қатысты жалған тұжырымдардың ықпалына түсіп қалып жатады. Кейбіреулер аруақтардан қандай да бір хабар жеткізіп, немесе өлген адамның даусымен сөйлеуі мүмкін. Сондықтан көп адам өлгендер шындығында тірі әрі тірілердің олармен сөйлесуі қайғыларын сейілтуге көмектеседі деп сенеді. Мұндай “жұбаныш” — нағыз алдамшы, тіпті қауіпті нәрсе. Неге бұлай дейміз? Өйткені жындар өлген адамның даусын сала алады және өлі мен тірілер арасындағы делдалға өлген кісі туралы белгілі бір мәлімет бере алады (Самуилдің 1-жазбасы 28:3—19). Оның үстіне, 6-тараудан білгеніміздей, адам өлгенде, тіршіліктен ғайып болады (Зәбүр 115:17). Олай болса, “аруақтарды шақыратын” кез келген адам зұлым рухтардың ықпалында, әрі Құдай еркіне қарсы әрекет етеді (Мұсаның 5-жазбасы 18:10, 11 оқы; Ишая 8:19). Жындардың осы қармақ жеміне алданып қалмас үшін абай бол.

13. Жындардан қорқып өмір сүрген көп адам не істей алды?

13 Зұлым рухтар адамдарды алдап қана қоймайды, оларды қорқытады да. Бүгінде Шайтан мен оның жындары “уақыттарының аз қалғанын” біледі, сондықтан әбден ашуға мінген (Аян 12:12, 17). Десе де зұлым рухтардан қорқып өмір кешкен мыңдаған адам олардың құрсауынан босана алды. Қалайша? Спиритизмнің шырмауына түсіп қалған адамның не істеуіне болады?

ЗҰЛЫМ РУХТАРҒА ҚАРСЫ ТҰРУДЫҢ ЖОЛДАРЫ

14. Бірінші ғасырдағы ефестік мәсіхшілерге ұқсап қалай зұлым рухтармен байланысты үзуге болады?

14 Киелі кітапта зұлым рухтарға қалай қарсы тұруға және олармен байланысты қалай үзуге болатыны айтылған. Бірінші ғасырда Ефес қаласында тұрған мәсіхшілердің мысалын қарастырып көрейікші. Олардың арасында мәсіхші болмас бұрын спиритизммен айналысқандары болған. Бірақ мұны доғаруды шешкеннен кейін, олар не істеді екен? Киелі кітапта былай делінген: “Сиқырлықпен айналысқан көптеген адамдар кітаптарын әкеліп, жұрттың көзінше өртеп жіберді” (Елшілердің істері 19:19). Мәсіхшілік жолға жаңа түсіп, сиқырлық кітаптарын жойып жіберген ефестіктер бүгінде зұлым рухтарға қарсы тұрғысы келетіндер үшін үлгі қалдырған. Ехобаға қызмет еткісі келетін адам спиритизммен байланысы бар кез келген заттан арылу керек. Мұндай заттарға спиритизммен айналысуға талпындыратын немесе оны тартымды да қызықты етіп көрсететін кітаптар, журналдар, фильмдер, плакаттар және әуендер жатады. Сондай-ақ тұмар немесе зұлымдықтан қорғау үшін тағып жүретін басқа да заттардан арылу керек (Қорынттықтарға 1-хат 10:21).

15. Зұлым рухтарға тойтарыс беру үшін не істеуіміз керек?

15 Сиқырлық кітаптарын жойғаннан кейін біраз жылдан соң, елші Пауыл ефестік мәсіхшілерге былай деп жазды: “Біз адам баласына қарсы емес... зұлым рухтарға қарсы күресудеміз” (Ефестіктерге 6:12). Жындар оңайлықпен беріле салмады. Олар үстемдік етуге тырысып бағуын тоқтатпады. Сондықтан сол мәсіхшілерге тағы бір нәрсе істеу керек еді. Бұл не болды екен? “Бұларға қоса, — деді Пауыл, — “сенімнің үлкен қалқанын алыңдар”, онымен Зұлымның отты жебелерінің бәрін өшіріп тастай аласыңдар” (Ефестіктерге 6:16). Сенім қалқанымыз қаншалықты берік болса, зұлым рухтардың ықпалына соншалықты зор тойтарыс бере алатын боламыз (Матай 17:20).

16. Сенімді қалай нығайтуға болады?

16 Ал сенімді қалай нығайтуға болады? Киелі кітапты зерттеу арқылы. Қабырға берік болу үшін іргетасының мықты болғанының маңызы өте зор. Тура сол сияқты сеніміміздің беріктігі, ең алдымен, оның негізінің мықтылығына байланысты. Ал сеніміміздің негізі — Құдай Сөзі Киелі кітаптағы тура білім. Егер Киелі кітапты күнделікті оқып, зерттейтін болсақ, сеніміміз нығая түседі. Ал берік сеніміміз, мызғымас қабырға іспетті, зұлым рухтардың әсерінен қорғайтын болады (Жоханның 1-хаты 5:5).

17. Зұлым рухтардан қорғану үшін не істеу керек?

17 Ефестегі мәсіхшілерге тағы қандай қадам жасау керек болды? Олар жын-перілердің ордасы сияқты қалада өмір сүретін, сондықтан үнемі қорғанышқа мұқтаж еді. Сол себепті Пауыл оларға: “Құдайға әртүрлі дұға айтыңдар және жалбарыныңдар, әр жағдайда рух арқылы сиына беріңдер”— деген (Ефестіктерге 6:18). Біз де жын-перілердің ықпалы қатты байқалатын дүниеде өмір сүріп жатқандықтан, сол зұлым рухтардан қорғауын сұрап Ехобаға жалбарынғанымыздың маңызы зор. Ал дұға еткенде, әрине, Ехобаның есімін атағанымыз жөн (Нақыл сөздер 18:10 оқы). Иә, біз әрдайым “Зұлымнан [яғни Шайтаннан] сақтай көр” деп Құдайға дұға етуіміз керек (Матай 6:13, сілтемені қара). Ехоба шын көңілден айтылған мұндай дұғаларды жауапсыз қалдырмайды (Зәбүр 145:19).

18, 19. а) Неге зұлым рухани жаратылыстармен шайқаста жеңіске жететінімізге сенімді болуымызға болады? ә) Келесі тарауда қандай сұраққа жауап аламыз?

18 Біз Ібіліске қарсы тұрып, Құдай еркін орындау арқылы оған жақындай беруіміз керек. Сонда зұлым рухтардың өте қауіпті болғанына қарамастан, олардан қорықпаймыз (Жақып 4:7, 8 оқы). Зұлым рухтардың күші шектеулі. Нұхтың заманында олар тиісті жазаларын алған, ал болашақта оларға шығарылған шешуші үкім жүзеге асырылмақ (Яһуда 6). Бізді Ехобаның құдіретті періштелерінің қорғайтынын да ұмытпа (Патшалар 2-жазба 6:15—17). Олар зұлым рухтарға қарсы күресте біздің жетістікке жеткенімізді барынша қалайды. Былайша айтқанда, олар рухымызды көтеріп бізге дем береді. Сондықтан Ехобамен оның адал рухани жаратылыстардан тұратын отбасынан алшақтамайық. Спиритизмнің кез келген түрінен аулақ болып, Құдай Сөзіндегі кеңестерді қолдануға әрқашан асық болайық (Петірдің 1-хаты 5:6, 7; Петірдің 2-хаты 2:9). Сонда зұлым рухани жаратылыстармен шайқаста жеңіске жететінімізге сенімді бола аламыз.

19 Бірақ неге Құдай сол зұлым рухтарға және адамдарға сонша қайғы-қасірет әкеліп жатқан зұлымдыққа төзіп отыр? Бұл сұрақтың жауабын келесі тараудан табуға болады.