Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Депрессиямен қалай күресе аламын?

Депрессиямен қалай күресе аламын?

Депрессиямен күресудің тиімді әдістері өзіңді әлдеқайда жақсы сезінуге көмектеседі!

 Сен не істер едің?

Келесі мысалдарды қарастырып көрейікші:

Әсемге енді еш нәрсе қызық емес. Еш себебі болмаса да, оның әр күні жылаумен өтеді. Елден оқшауланып жүреді, тамаққа да тәбеті тартпайды. Ұйқысы қашып, бір нәрсеге зер салуы да қиын. Әсем: “Маған не болды өзі? Бұрынғы қалпыма қайта келемін бе?”— деп дал болады.

Мақсат үлгілі оқушы болатын. Бірақ енді мектептің бетін де көргісі келмейді, бағалары да қатты төмендеп кеткен. Бұрынғыдай спортқа қызықпайды, бұған әлі де жоқ. Достары оған не болды екен деп түсінбейді. Ата-анасы да қатты уайымдайды. Бұл өтпелі бір кезең бе, әлде бұның себебі басқа ма?

Сенің Әсем не Мақсат сияқты сезінетін кездерің жиі бола ма? Солай болса, не істегенің дұрыс? Сен келесі екі жолдың бірін таңдай аласың:

  1. а) өз бетінше күресуге тырысу;

  2. ә) сенім артатын ересек адаммен сөйлесу.

Ешкіммен сөйлескің келмегенде, а нұсқасы саған көбірек ұнайтын шығар. Алайда дұрысы осы ма? Киелі кітапта былай делінген: “Жалғыз болғаннан екеу болған жақсы... Біреуі құласа, екіншісі демеп тұрғызады. Ал құлағанда тұрғызатын ешкімі жоқ адаммен не болмақ?” (Уағыздаушы 4:9, 10).

Мысал үшін, сен қылмыс көп жасалатын бір қауіпті аймақта адасып кеттің делік. Айналаң қап-қараңғы, көшенің әр бұрышын бөтен біреулер жағалап жүр. Сен не істер едің? Бұл жерден шығудың жолын өзің табуға тырыссаң болады. Алайда сенім артатын біреуден көмек сұрағаның ақылға жатпас па еді?

Депрессияға тән сезімдерді осындай қауіпті аймақпен салыстырса болады. Бәріміздің де кейде көңіліміз түсіп жатады, бірақ әдетте бұл сезімдер өздігінен өтіп кетеді. Алайда депрессияға тән сезімдер тым созылып кететін болса, мұндайда ең дұрысы көмек іздеу болып табылады.

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ КЕҢЕСІ: “Оқшауланған... даналық атаулыдан бас тартар” (Нақыл сөздер 18:1).

Ә нұсқасының, яғни ата-анаңмен не сенім артатын басқа бір ересек адаммен сөйлескеннің артықшылығы — жабырқау сезімдерімен күресе білген адамның тәжірибесінен үйрене алатының.

Бәлкім, сен: “Бірақ менің ата-анам нендей сезімдерді бастан өткеріп жатқанымды мүлдем түсінбейді”,— дерсің. Бірақ шын мәнінде солай ма? Олардың жасөспірім кезінде кезіккен қиындықтары басқа болғанмен, сенікіндей сезімдерді бастан кешірген шығар. Сондықтан тығырықтан шығудың жолын да білер.

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ КЕҢЕСІ: “Даналық қарияларда, Түсінік көп жасағандарда емес пе?” (Әйүп 12:12).

Ой түйін: Егер ата-анаңа не сенім артатын ересек адамға арқа сүйесең, көмегі тиер кеңес табарсың.

Депрессияға шалдығу қауіпті аймақта адасып қалуға ұқсайды. Ол жерден шығу үшін басқалардың көмегіне жүгін

 Егер бұл дерт болса ше?

Егер уақыт өте жабырқау сезімінің беті қайтпайтын болса, бәлкім, емделуді қажет ететін дертке, мысалы клиникалық депрессияға шалдыққан боларсың.

Жасөспірімдер арасында клиникалық депрессияға шалдыққандарда өз жастарына тән көңіл күйдің тез өзгеруі байқалады, бірақ жағымсыз сезімдері күштірек әрі созылмалы болады. Сондықтан жағымсыз сезімдеріңнің күшейіп жатқанын әрі беті қайтпайтынын байқасаң, ата-анаңмен дәрігерге көріну жайлы сөйлескенің дұрыс болар.

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ КЕҢЕСІ: “Дәрігер денсаулығы жақсы адамдарға емес, ауруларға қажет” (Матай 9:12).

Клиникалық депрессияға шалдыққаның анықталса, бұған ұялудың қажеті жоқ. Депрессия — жастардың арасында кең тараған ауру әрі оның емі бар. Осыған бола шын достарың да сенен теріс айналып кетпейді.

Кеңес: Шыдамды бол. Сауығып кетуің үшін біршама уақыт қажет. Ал оған дейін сезімдеріңнің жақсаратын да, ушығатын да сәттері болады a.

 Айығудың жолдары

Ем қабылдау керек болсын-болмасын, созылмалы жабырқау сезімімен күресу үшін қолыңнан келгеніңді істесең болады. Мысалы, жүйелі түрде жаттығу жасағаның, дұрыс тамақтанып, ұйқыны қандырғаның сезімдеріңді бір қалыпқа келтіруге көмектеседі (Уағыздаушы 4:6; Тімөтеге 1-хат 4:8). Бұған қоса, сезімдеріңді, сауығуға байланысты мақсаттарыңды, сәтсіздік пен жетістіктеріңді күнделікке жазып жүргенің де шипа болады.

Депрессия дертіне шалдыққан болсаң, я болмаса эмоциялық жағынан қиналып жүрсең, басқалардың көмегіне жүгіну арқылы және өз тарапыңнан әрекет ету арқылы депрессиядан айыға алатыныңа еш күмәнданба.

 Көмек болатын Киелі кітап тармақтары

  • “Жүрегі жаралы жанға Ехоба жақын тұрады, Сағы сынғандарды құтқарады” (Зәбүр 34:18).

  • “Бар ауыртпалығыңды Ехобаға арт, Ол сені демейді. Әділ жанның құлауына ол ешқашан жол бермейді” (Зәбүр 55:22).

  • “Мен, Құдайың Ехоба, оң қолыңнан ұстап тұрмын, Саған: —Еш қорықпа! Мен саған көмектесемін!— деймін” (Ишая 41:13).

  • “Ешқашан ертеңгі күнді ойлап уайымдамаңдар” (Матай 6:34).

  • “Барлық өтініштеріңді дұға етіп... Құдайға білдіріңдер. Сонда Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы жүректеріңді... сақтайды” (Філіпіліктерге 4:6, 7).

a Өз-өзіңе қол жұмсау жайлы ойлап жүрсең, бірден сенім артатын ересек адамның көмегіне жүгін. Көбірек мәлімет алу үшін, 2014 жылғы “Ояныңдар!” (ор.) журналының сәуір айындағы “Неге өмірді бағалауың керек?” деген төрт бірқатар мақаланы қара.