Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Киелі кітаптың маған қандай пайдасы бар? Киелі кітапты қызықты етіп оқи біл (2-бөлім)

Киелі кітаптың маған қандай пайдасы бар? Киелі кітапты қызықты етіп оқи біл (2-бөлім)

“Киелі кітапты қалай оқу керектігін білмесең, ол саған қызықсыз болып көрінуі мүмкін” (Уилл, 18 жаста).

Киелі кітапты қызықты қылып оқудың сырын білгің келе ме? Бұл мақаладағы кеңестер саған пайдасын тигізеді.

 Жазбаларға жан бітір

Оқып жатқандарыңды елестет. Бұл үшін былай істесең болады:

  1. Киелі кітаптан бір үзіндіні таңдап ал. Өзіңе қызықтысын таңда. Бұл үшін Киелі кітаптағы бір оқиғаны немесе Исаның қызметі жайлы Ізгі хабарлардан бір үзіндіні оқысаң болады. Я болмаса jw.org сайтындағы “Киелі кітапты көркемдеп оқу” санатындағы аудиожазбалардың біреуін тыңда.

  2. Енді үзіндіні оқып шық. Таңдап алған оқиғаны бір өзің немесе достарыңмен я отбасыңмен бірге дауыстап оқығаның жақсы. Бір адам автордың сөзін оқыса, басқалары сондағы кейіпкерлердің сөздерін бөліп оқи алады.

  3. Келесі әдістердің біреуін не бірнешеуін қолдан:

    • Оқиғаны қағаз бетіне түсіріп, сурет салып көр. Я болмаса оқиғаның ағымын көру үшін бірнеше қарапайым суреттер салсаң болады. Әрбір суреттің қасына онда не болып жатқанын жазып қой.

    • Сызба жаса. Мысалы, адал кейіпкер туралы оқығанда, оның жақсы қасиеттері мен істерін ие болған баталарымен байланысын сызып көрсетсең болады.

    • Оқиғаны жаңалықтар сияқты айтып жеткіз. Жағдайды жан-жағынан ашып беруге тырыс. Басты кейіпкерлер мен куәгерлерден сұхбат алсаң болады.

    • Егер оқиғадағы кейіпкерлердің бірі ақылсыз әрекет жасап қойған болса, жағдай басқаша орын алғанда, не болуы мүмкін екенін елестетіп көр. Мысалы, Петірдің Исадан танған жерін қарастырып көр (Марқа 14:66—72). Петір сол жағдайда қалай дұрыс әрекет ете алар еді?

    • Егер қиын болмаса, Киелі кітаптың бір үзіндісіне сүйеніп, драма жазсаң болады. Содан қандай сабақ алуға болатынын да жазуды ұмытпа (Римдіктерге 15:4).

      Сен Жазбаларға жан бітіре аласың!

 Ізденіс жүргіз!

Егер сен оқиғаның ұсақ-түйек жеріне назар аударсаң, ондағы жасырын асыл тастарды таба аласың. Кейде Киелі кітаптағы бір-екі сөздің астарында үлкен мағына жатады.

Мысалы, Матай 28:7-ні Марқа 16:7-мен салыстырып көр.

  •   Неге Марқа өзінің кітабында Исаның шәкірттерімен қоса “Петірге” де көрінетінін айтқан?

  • Көмек: Марқа сол жағдайларды өз көзімен көрмеген; бұл туралы ол Петірден естісе керек.

  • Жасырын асыл тас: Иса өзін қайтадан көргісі келетінін естігенде, неге Петір жұбанды деуге болады? (Марқа 14:66—72). Петірдің нағыз досы екенін Иса қалай дәлелдеді? Сен қалай Исаға еліктеп, өзгелерге нағыз дос бола аласың?

Жазбаларға жан бітірер болсаң және ұсақ-түйек мәліметтерге назар аударсаң, оны оқу әлдеқайда қызықты болады!