Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Қайғымен қалай күресе аламын?

Қайғымен қалай күресе аламын?

Кез келген адамның басына қайғы түсуі мүмкін. Киелі кітапта: “Жарыста жүйрік, шайқаста күшті әрдайым жеңе бермейді екен... Себебі барлығы да қолайсыз уақыт пен кездейсоқ жағдайларға тап болып жатады”,— делінген (Уағыздаушы 9:11). Жастар да қабырғаны қайыстыратын бақытсыздыққа кезігіп жатады. Мұндай кездері оларға не көмектеседі? Екі жағдайды қарастырып көрейік.

 РЕБЕККА

14 жаста болғанымда ата-анам ажырасып кетті.

Сонда мен былай деп ойладым: “Ата-анам ажырасып жатқан жоқ, әкеме жай ғана өзімен-өзі болуға кішкене уақыт керек. Ол анамды жақсы көреді, оны тастап кетпейді! Ол мені де тастамайды!”

Болып жатқан жағдай туралы ешкіммен сөйлескім келмеді. Бұл жайлы ойланғым да келмеді. Мен ашулы болдым, бірақ ол кезде ашулы күйде жүргенімді өзім де білмеппін. Сарыуайымға салынып кеттім, әрі түнде ұйқым қашатын.

19 жаста болғанымда анам қатерлі ісіктен көз жұмды. Ол менің ең жақын досым еді.

Ата-анамның ажырасқаны төбемнен жай түскендей болса, анам қайтыс болғанда дүние төңкеріліп кеткендей болды. Мен әлі де есімді жия алмадым. Түндерім ұйқысыз өтеді, көңілімді жиі мұң басады.

Десе де кейбір жайттар маған жұбаныш береді. Мысалы, Нақыл сөздер 18:1 оқшауланбауды ескертеді. Мен осы кеңеске құлақ асуға тырысамын.

Мен Ехоба куәгері болғандықтан, Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерімізді оқуға күш саламын. Олар маған жігер береді. Мысалы, әке-шешем ажырасып жатқан кезде маған “Жастардың сауалдары. Пайдалы кеңестер” деген кітап көмектесті. Әсіресе есімде қалғаны — 2-томдағы “Толық емес отбасында бақытты бола аламын ба?” деген тарау.

Уайыммен күресуге көмектесетін сүйікті жазба орындарымның бірі — Матай 6:25—34. Иса 27-тармақта былай деп сұрайды: “Уайымдаумен қайсысың өміріңді бір сәтке болсын ұзарта аласың?”

Бақытсыздыққа кез келген адам ұшырап жатады, алайда анамның үлгісіне қарап, қиындықтарға дұрыс көзқарас таныту керектігін үйрендім. Ол көп қиындықты бастан кешірді: ажырасты, емі жоқ ауруға шалдықты. Бірақ ол ештеңеге қарамастан оң көзқарасын жоғалтпады және соңғы демі қалғанша Құдайға деген сенімін берік сақтап қалды. Оның Ехоба Құдай жайлы үйреткендерін ешқашан ұмытпаймын.

Ойланып көр: Киелі кітап пен оған негізделген әдебиеттерді оқу қайғымен күресуге қалай көмектеседі? (Зәбүр 94:19).

 КОРДЕЛ

17 жасымда әкемнің соңғы демін шығарып, көз жұмғанын көрдім. Оның қайтыс болғаны өмірімдегі ең қайғылы оқиға болды. Сол күні жүрегім қарс айырылды.

Маған әкем өлмеген сияқты болды. Денесін матамен жауып жатқанда, онда әкемнің жатқанына сенбедім. Сонда өз-өзіме: “Ол ертең оянады”,— деп айтумен болдым. Жан дүнием босап, өзімді жападан жалғыз қалғандай сезіндім.

Біз отбасымызбен Ехоба куәгерлеріміз. Әкеміз қайтыс болғанда, қауымдағы бауырластар бізге өлшеусіз көмек көрсетті. Олар бізге тамақ дайындады, әрдайым жанымыздан табылып, көмектерін аямады және бұларды кішкене ғана емес, біраз уақыт бойы істеді. Олардың қамқорлығы Ехоба куәгерлерінің шынайы мәсіхшілер екеніне көзімді жеткізе түсті (Жохан 13:35).

Қорынттықтарға 2-хат 4:17, 18-де жазылған сөздер жігерімді жасытпауға көмектесті. Онда былай делінген: “Көріп жатқан қиындықтарымыз уақытша әрі жеңіл болғанмен, бізді әлдеқайда зор, мәңгілік ұлылыққа жеткізеді. Біз көзге көрінетін емес, көрінбейтін нәрселерге назар тігеміз. Өйткені көрінетін нәрселер уақытша, ал көрінбейтіндер мәңгілік”.

Бұл жазба орны маған қатты көмектесті. Әкем уақытша азап шекті, ал Құдайдың болашақта беретін баталары мәңгілік. Әкемнің қазасы қалай өмір сүріп жатқаным туралы ойлануға және дұрыс мақсаттар қоюға талпындырды.

Ойланып көр: Қайғыға тап болғанда адам өмірлік мақсаттарын салмақтап-саралай бастайды. Мұның қандай пайдасы бар? (Жоханның 1-хаты 2:17).