Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Кино, газет-журналдағы қыздарға еліктеген неге дұрыс емес? (1-бөлім) Қыздарға арналған

Кино, газет-журналдағы қыздарға еліктеген неге дұрыс емес? (1-бөлім) Қыздарға арналған

 Кино, газет-журналдағы қыздарды қалай суреттер едің?

Мына сөздерді оқып шығып, төмендегі сұрақтарға жауап беріп көр:

1-бағана

2-бағана

Толыспаған

Жауапкершілігі мол

Бүлікшіл

Мойынсұнғыш

Өнегесіз

Есті

Жеңілтек мінезді

Ақылды

Өсекші

Парасатты

Өтірікші

Шыншыл

  1. Кино, теледидар не журналдардан көретін қыздарға қай бағанадағы сөздер сай келеді?

  2. Өзіңнің қандай адам болғың келетінін қай сөздермен сипаттар едің?

Бірінші сұраққа 1-бағанадағы сөздерді, ал екінші сұраққа 2-бағанадағы сөздерді қолданып жауап берген боларсың. Бұдан кино, газет-журналда қаптап көрсетілетін қыздарға ұқсағың келмейтіні көрінеді, әрі бұл орайда сен жалғыз емессің. Кел, мұның себебін білейік.

“Киноларда көрсетілетін жасөспірім қыздар бүлікшіл әрі қырсық мінезді болып келеді. Осылайша барлық қыздарды өзінен басқа ешкімді көрмейтін, түймедейді түйедей ететін ерке қыздар етіп көрсетеді” (Эрин).

“Кино, теледидардағы жасөспірім қыздар ел көзіне түсуге құмар. Олардың бар есіл-дерті — әдемі көрініп, сәнді киіну, атақты болып, жігіттермен кездесу” (Натали).

“Ішімдік ішетін, жігіттермен түн өткізетін, ата-анасына қарсы шығатын қыздар киноларда “жақсы” қыздардың қатарында көрсетіледі. Егер қыз мұндай қылықтар жасамаса, оның не өте діншіл не тым әділ болғаны” (Мария).

Өзіңнен былай деп сұра: Киген киімім, жүріс-тұрысым мен сөйлеу мәнерімнен шынайы болмысым көріне ме, әлде кино, газет-журналдағы қыздарға еліктейтінім байқала ма?

 Нені білуің керек?

  • Ешкімге еліктемей, жеке-дара болмысымды қалыптастырып жатырмын деп ойлайтындардың көбісі шындығына келгенде кино, газет-журналда көрсетілетін қыздарға еліктейді. Карен есімді бойжеткен былай дейді: “Мен мұны сіңілімнен байқаймын. Ол тек киім мен жігітті ойлайтындай болып көрінгісі келеді. Бірақ оның қызықтыратын басқа да нәрселері бар, әрі өзі ақылды қыз. Алайда құрдастарынан ерекшеленбес үшін, өзін “шашы ұзын, ақылы қысқа” етіп көрсетеді. Сондағысы, ол бар болғаны 12 жаста ғой”.

    Киелі кітапта не делінген: “Бұдан былай осы заманның өмір салтын үлгі етпеңдер” (Римдіктерге 12:2).

  • Кино, газет-журналда көрсетілетін қыздардың образына жасөспірім қыздардың барлығы бірдей ұқсағысы келмейді. Алексис есімді 15 жасар қыз былай дейді: “Кино, газет-журналда қыздарды өзімшіл, ойланбай әрекет ететін жеңілтек мінезді етіп көрсетеді. Бірақ меніңше, қыздардың көбісі ондай емес. Өмірде келбетті жігіттерді ойлаудан басқа да маңызды нәрселер бар емес пе?!”

    Киелі кітапта не делінген? Рухани толысқан адамдар “түйсіну қабілетін қолдану арқылы машықтандырып, жаман мен жақсыны ажырата алады” (Еврейлерге 5:14).

  • Бұқаралық ақпарат құралдары қалыптастырған образдар жасөспірім қыздардың қамы үшін емес, коммерсанттардың қалтасы үшін жасалады. Сән әлемі және баспа, технология мен көңіл көтеру индустриялары мол пайданың иісін сезгендіктен, жас сатып алушыларды жасөспірім шақтарына жетпей тұрып, қолға түсіргілері келеді. Бір кітапта былай делінген: “Жарнамашылар балаларда киімнің, әшекей заттардың, косметика не электронды құрылғылардың соңғы үлгілері болмаса, көш соңында қалады дегенге сендіргісі келеді. Ал тартымды жарнамалардың торына түскен жастар жарнамашылардың шындығында нені көздеп жатқанын аңдамай қалады” (“12 Going on 29”).

    Киелі кітапта не делінген? “Осы дүниедегінің бәрі — тән құмарлығы, көздің қалауы және дүние-мүлікке мақтану — Әкеден емес, осы дүниеден бастау алған” (Жоханның 1-хаты 2:16).

Мына жайлы ойлан: Брендті заттарға ие болуды құмарта берсең, кімге пайда әкелесін? Құрдастарыңның арасында беделді болу үшін ғана соңғы үлгідегі телефонды сатып алуға өзіңді мәжбүр сезінсең, мұның пайдасын кім көрмек? Коммерсанттар кімнің пайдасын көздейді: сенің бе, әлде өздерінің бе?

 Не істегенің дұрыс?

  • Кинолардан көргендеріңе ойланбастан еліктей берме. Өсе келе сен көргеніңмен ғана өмір сүрмей, қырағы болуды үйренесің. Парасатты болып, бұқаралық ақпарат құралдарынан көргендерің саған қалай әсер етуі мүмкін екені жайлы ойла. 14 жасар Алана есімді қыз былай дейді: “Әдетте кино, журналдарда жасөспірім қыздардың үстіндегі киіміне қарағанда бет бояуы көп болады. Ал жасөспірім қыздардың көбісі бұндай сырт көріністің оларды тартымды емес, қайта, тартымсыз етіп тұратынын түсіне бермейді”.

  • Қандай адам болғың келетініңді анықтап, соған ұмтыл. Мысалы, мақаланың басындағы өзіңе ұнаған қасиеттер жайлы ойлап көрші. Неге қазірден бастап сондай қасиеттерге ие болуға не оларды дамытуға күш салмасқа?! Киноларда көрсетілетін жасөспірім қыздардың болмысына емес, “тура білім арқылы Жаратушының кейпіне сай жаңарып жатқан жаңа болмысқа ие болғанымыз” әлдеқайда артық емес пе?! (Қолостықтарға 3:10).

  • Саған жақсы әсер ететін адамдарға елікте. Мұндай адамдар алыс кетпей-ақ, сенің үй ішінде болуы мүмкін. Мысалы, анаң не әпкең. Сондай-ақ ақылы толысқан достарың не таныстарың да саған үлгі бола алады. Ехоба куәгерлерінің кездесулерінде де еліктеуге тұрарлық көптеген әйелдер бар (Титке 2:3—5).

Кеңес: “Сенімін серік еткендер” деп аталатын кітапта тамаша үлгі қалдырған Рут, Ханна, Әбигел, Естер, Мәриям және Марта сияқты әйелдердің мысалы жазылған. Бұл кітапты Ехоба куәгерлері басып шығарған және оны www.dan124.com сайтынан жүктеп алуға болады.